19 желтоқсанда Нұрсұлтан қаласында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, онда репатриация процестерін реттеу мәселелері қаралды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы СІМ-нің шетелдік қазақтарды қолдау жөніндегі шаралар туралы ақпараты мен Отандастар Қорының 2019 жылғы жұмыс қорытындысы тыңдалды.
«Отандастар қоры» КЕАҚ-ның вице-президенті М. Сарбасовтың айтуынша, 2019 жылы Қоғамның қызметі 2019-2022 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Бүгінгі күні Отандастар қоры барлық мемлекеттік органдармен, бизнес құрылымдармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс жасайтын ұйым болып табылады.
Шетелдегі Отандастарымызбен байланыстарды нығайту мақсатында бірнеше ауқымды халықаралық іс-шаралар (кіші құрылтай, бизнес - форумдар, концерттер, «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел және т.б.) өткізілді.
Қор тарапынан шетелде тұратын қазақтардың мәселелерін зерттеу бойынша жиынтық-талдамалық зерттеулер мен отандастарды Отанына қайтарудың мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесін зерделеу жобалары жүргізілді. Нәтижесінде Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың шаралар кешеніне ұсынымдар әзірленді.
Іске асырылып жатқан жобалардың бірі Отандастар қоры жанынан құрылған Бірыңғай байланыс орталығы мен Қоғамдық қабылдау бекеттері. Қоғамдық қабылдау өңірлер бойынша «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдаулар желісі арқылы жүргізілуде. Олардың мақсаты елге көшіп келген қандастардың бейімделуіне жәрдемдесу және сырттағы отандастарға ақпараттық-құқықтық кеңестік қызмет көрсету. Байланыс орталығы ашылған уақыттан бері (2019 ж. сәуірден бастап) 3000 адамнан астам қандасымыз хабарласып, олар көтерген мәселелердің 95%-ы өз шешімін тапты.
Білім саласына тоқталатын болсақ, қандастарымызға еліміздің оқу орындарына жыл сайын 4 пайыздық квота беріледі. Бүгінгі таңда бакалавриатта 7 мыңға жуық қаңдасымыз грантпен оқып жатыр.
Биыл шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда демалуына үлкен мүмкіндіктер жасалды. «Балдәурен» жазғы лагеріне бөлінетін квота 2 есеге, яғни 288 орынға артты. «Туған елге саяхат» жобасына 50 орын бөлінді.
Сондай ақ, М. Сарбасов «Шетелдегі қазақтарды және репатриацияны қолдау бағытында іске асырылып жатқан жобалардың бірі - әлем бойынша жұмыс істейтін, барлық мәдени-іскерлік орталықтарды (қазіргі кезде әлем бойынша 250-ден астам) біріктіретін, «Қазақ үйі» жобасын атап өтті. «Қазақ үйі» – үкіметтік емес, саясаттан тыс және коммерциялық емес жоба болып табылады және 4 бағытта қызмет атқарады, олар: «Абай» мәдени орталығы, «Атамекен» іскерлік үйі, «Жас Қазақ» жастар клубы және «Атажұрт» шетелдік қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығы.
Жобаның басты мақсаты – шет елдерде қазақстандық іс-шаралар туралы «бір терезе» қағидаты арқылы отандастарға өзекті ақпарат жеткізу және отандастарды еліміздегі іс-шараларға тарту.
Анықтама ретінде:
Қоғамдық Комиссия тұрақты жұмыс істейтін кеңесші алқа. Комиссия құрамында мемлекеттік және қоғам қайраткерлері - Қуандық Тұрганқұлов, Оралбай Әбдікәрімов, Айдос Сарым, Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры - Сартқожа Қаржаубай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев, Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Серік Ақылбай, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, сондай ақ ғалымдар, саясаттанушылар, сарапшылар.
Қоғамдық Комиссияның төрағасы - ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.
Комиссияның негізгі міндеті – шетелдегі қазақтарды қолдау және репатриацияны процестерін реттеу барысында мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін талқылау, заңнамаларды жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізу, қабылданатын шешімдер бойынша жұртшылық мүддесін білдіру, пікірін ескеру.