Жас ақын Әділет Ахметұлының жыр жинағы жарыққа шықты.

13 Желтоқсан, 2019

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанындағы «Атажұрт» баспа орталығын дамыту, насихаттау, «Отандастар» оқу залының кітап қорын толықтыру мақсатында Мәдени-гуманитарлық жобалар департаменті демеушілердің қаржыландыруымен «Жастар жылы» аясында ақын Әділет Ахметұлының «Әділет» жыр жинағын басып шығарды. 

Жарық көрген жаңа кітапқа жас ақын Әділет Ахметұлының әр жылдары жазған өлең, поэмалары топтастырылған. 
Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген. 
2012 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдап, Шынжаңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор қызметін атқарған. 
2014 жылы атажұрты Қазақстанға оралып, тарихи Отанымен табысты. 
Қытайдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда шығармалары жиі жарияланып тұрады. Республикалық, халықаралық жыр додаларының бірнеше дүркін жүлдегері, «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. 
Әділет АХМЕТҰЛЫ қазір А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер. 


11 желтоқсанда, Алматы қаласындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында жоғарыда аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Тап қазір өтіп жатқан шығармашыл ортаның игі шарасына танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысуда. Жасындай жарқырап, тума талантымен ерте танылған Әділет Ахметұлының өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген қадамын қаламгерлер қауымы жоғары бағалап, ақынға шалқар шабыт, шығармашылық табыстар тіледі.

Жас ақын Әділет Ахметұлының жыр жинағы жарыққа шықты.