Моңғолияның «Қазақ әйелдері «Арулар»» одағының төрайымы, «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызы мен Моңғолияның мәдениет қайраткері, әнші Түвшинбаяр Дүгэрийн Отандастар қоры және Дүниежүзі қазақ қауымдастығында қонақта болды. Олар Қорға «Ару жұлдыздар» журналының 52 саны мен «Қазақтың маңдайалды арулары», сонымен қатар моңғол тілінен аударылған «Білуге тиісті құқықтар», «Гендер заңы» атты кітаптарын сыйлады. Моңғолия қазақтарының тұрмысы, салт – дәстүрі, мәдениеті жайлы құнды мәліметтер айтты. Кездесу соңында әнші Түвшинбаяр қонақкәде жасап «Қазақ қызы», «Көзімнің қарасы» әндерін шырқап берді.