«Отандастар Қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен 12-17 жас аралығындағы шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагердің ашылу салтанаты өтті.
Лагер Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучье көлінің оңтүстік шығыс жағалауында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебінің базасында 2022 жылғы 17-28 шілде аралығында ұйымдастырылған.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұжырымдамасына сай талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым құндылықтарына негізделген бұл лагерге Франция, Түркия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейден 84 қазақ баласы келіп қатысуда.
Сонымен қатар, қазақтың ұлттық болмысы, салт-дәстүр, өнері мен заманауи білім, ғылым тенденцияларын оның ішінде STEM, робототехника, кәсіпкерлік, жобаларды басқару дағдылары ұштастырылған.
Аталмыш лагердің ашылу салтанатында «Отандастар Қорының» Президенті Абзал Сапарбекұлы қатысушыларды Балалар жылымен құттықтап, Атажұртқа келіп алаңсыз бой сергітіп, ой жинақтап, тамаша демалыс өткізуіне тілектес екенін айтты:
«Сіздер, әлемнің қай қиырында жүрсеңіздер де, жаның да, қаның да, қазақ екенін ұмытпай, қайсар ұлтымыздың бір туар ұлы болып, халқымыз үшін қалтқысыз еңбек ететін елжанды азамат болуларың керек! Ал, озық ойлы азамат, оза шабар қазанат болу үшін - ең алдымен сапалы білім, саналы тәрбие алуға тиіссіңдер! Жұмыр жер жұмағындай, Тұранның тұмарындай - Атажұртта алаңсыз бой жазып, әдемі әсермен тамаша демалып қайтуларыңызға тілеулестік білдіремін! Табиғат келбетінде, тамаша жер бетінде жаңа ой, жарқын идеялар туып, алдағы өмірлеріңе өзек болғай!»
Шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерлер 2019 жылыдан бастау алған еді. Сол жылы 5 түрлі бағытта жазғы демалыстар ұйымдастырылып 600 ге жуық қазақ баласы Қазақстанға келген болатын. Екі жыл пандемия кесірінен ұйымдастырылмаған бұл шаралар биылдан бастап қайта жүзеге аса бастады.