2022 жылдың 4-5 маусым аралығында, Францияның Париж қаласында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Еуропа қазақтарының кездесу-құрылтайы» өтті. Шара ҚР Франциядағы елшілігі мен Франциядағы Қазақ-Түрік қоғамы, сонымен қатар «Отандастар қоры» ҚеАҚ-ның атсалысуымен ұйымдастырылуда.
Кездесу-құрылтайдың алғашқы күнінде ҚР Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Жан Галиев пен «Отандастар Қоры» КеАҚ Президенті Абзал Сапарбекұлы» ұлы тұлғаларға тағзым етуге арнайы барды. Атап айтқанда, Алаштың азаттық күресінің қайраткері Мұстафа Шоқай мен хәкім Абайдың ескерткішіне барып, құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. М.Шоқайдың ескерткіші Париж маңында кезінде өзі тұрған үйдің қасында орналасқан. Ал Абай атамыздың ескерткіші Париждің дәл ортасындағы ақындар саябағында бой көтерген.