31 мамыр күні «Отандастар Қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы Қарағанды қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына қатысты. Қарағанды қаласының орталық мешітінің алдында ата-бабалар рухына тағзым ретінде ескерткіш бой көтерді.
Ескерткіш Еуропадағы қазақ жанашырларының демеушілігімен, сондай ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Аталған ескерткіштің биіктігі 2 метр, ені 3 метрді құрайды. Ескерткіште бос, төңкерілген қазанды құшақтаған, әлсіз ер мен әйел бейнелеген. Мүсіннің авторы германиялық отандасымыз Жармағамбетов Тілеген есімді азамат.
Демеушілер арасында Еуропадағы «Наурыз тобының» жетекшілері, атап айтқанда Швейцариядан Серік Тұрсын, Финляндиядан Айкен Солонен, Германиядан Назым Сақай және Даниядан Қажы Акбар Аюбиді атап өтуге болады.
Шара барысында Абзал Сапарбекұлы жиналған қауымға және «Наурыз» тобының серіктес жетекшілеріне және Еуропалық қазақ бауырларға жасаған игі істері үшін алғысын жеткізді. Атап айтқанда, "әлемнің қай жерінде жүрсе де, жүрегі қазақ деп соққан қандастарымыздың осындай өнегелі іс-әрекеті Алаш рухының бесігі болып қала береді»,-деді А.Сапарбекұлы.
Ұйымдастырылған жиын ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.