ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Отандастар қоры» КЕАҚ ұжымына жаңа басшысын таныстырды. Абзал Сапарбекұлы осы ұйымның президенті болып тағайындалды.
А. Сапарбекұлы жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін 2017 жыл мен 2022 жыл аралығында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі болды. Сонымен қатар, бұдан бұрын Түркі мемлекеттер ұйымының жобалар директоры және Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. А.Сапарбекұлы 2000 жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігінде қызмет етіп келе жатқан кәсіби дипломат.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары М.Тілеуберді Қор басшылығы мен ұжымы алдында ұйым қызметінің негізгі міндеттері мен мақсаттарына баса назар аударып, «Біз қандастарымызға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіп, шетелдегі қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және білім беру қажеттіліктерін толтыру үшін белсенді жұмыс істеуіміз қажет», - деді.
Қазіргі таңда «Отандастар қорының» басты міндеттерінің бірі – шетелдерде тұратын отандастар мен этникалық қазақтардың тарихи отанымен мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру.