Құрметті Нұртай Әбіқайұлы!
Сізді «Мәңгілік елдің» мәртебелі мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен егеменді еліміздегі ең жоғарғы мемлекеттік марапаттың бірі - «Барыс» орденінің иегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіз ата-бабамыздың асыл арманы - азаттықтың ақ таңы атқан алғашқы тарихи сәттен бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге үзеңгі қағыстыра қатар қызмет етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан бірегей тұлғаның бірісіз. Ерен еңбегіңізбен Тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне, мемлекетіміздің мерейін арттыруға және өскелең ұрпақтың үкілі үмітін іске асыруға жол ашқан аға буынның аса көрнекті өкілісіз. Сондықтан да бұл жоғары марапат - Сіздің Отан-Ана алдындағы абыройлы қызметіңізге берілген лайықты баға.
Сіз бүгінде қанатын кеңге жайған Қазақстанның қарыштап дамуына, заман талабына сай зайырлы заңдардың қабылдануына, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және әлемнің әр түкпіріндегі қалың қазақтың қасиетті қара шаңырағына қайта оралып, ұлт болып ұйысуына аянбай атсалысып келе жатқан атпал азаматсыз.
Сіздің елге сіңірген еселі еңбектеріңіз бен мінсіз кәсіби шеберлігіңіз кейінгі толқын - жастарға әрдайым өшпес із, өмірлік өнеге болары сөзсіз.
Кемел ойлы кемеңгер шағыңызда, суытқан арғымақтай бабыңызға келіп, жасампаз еліміздің жарқын болашағы жолында әлі де қажымай-талмай халқымызға қалтқысыз қызмет ете беріңіз!
Жыр алыбы - Жамбыл атамыздың жасына жетіңіз! Бесігін Қыдыр тербеткен берекелі отбасыңыздан ырыс пен ынтымақ, шаңырағыңыздан шаттық арылмасын!
Азаматтық тұлғаңыз асқақтап, Алаштың Абыз Ағасы атана беруіңізге шын жүректен тілектеспіз!
Зор құрметпен, «ОТАНДАСТАР ҚОРЫ” КЕАҚ ҰЖЫМЫ