2021 жылы 14 қараша «Отандастар қоры» КЕАҚ қолдауымен Германияның Кельн қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мәдени іс-шара өтті. Бұл мерейтойлық игі шара жергілікті қазақ мәдени орталығымен бірлескен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылып, 100-ге жуық қазақ диаспорасы мен орталық мүшелері қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімі мемлекеттік әнұранымен басталып, орталық төрайымы Садие Сүрер ханым мерекелік құттықтау сөзін сөйледі. Сонымен қатар жиынға қатысқан қандастар қауымы мен басқосуды өткізуге ұйытқы болған орталық белсенділерін «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов бейнебайланыс арқылы арнайы құттықтап, ізгі ниетке толы ақжарма тілегін жеткізді. Кездесу барысында көпшілік назарына атажұртымыздың өсіп-өркендеу жолын баяндайтын бейнежазба көрсетілді.
Жиында барысында қазіргі төралқа мүшелерінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын іс жоспары таныстырылды.
Мерекелік іс-шара шеңберінде биыл отау тігіп, шаңырақ көтерген Кельндегі отандас жас жұбайларды орталық төрайымы төл қуанышымен арнайы құттықтап, ерлі-зайыптыларға естелік ретінде сыйлықтар табыс етті.