Бүгін «Отандастар қоры» КЕАҚ мен Бас редакторлар клубы меморандумға қол қойды. Іс-шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ Вице-Президенті Мағауия Сарбасов, Бас редактор клубының президенті Бибігүл Жексенбай, клуб мүшелері ардагер журналист Мұратбек Тоқтағазы, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ Вице-Президенті Ерболат Қамен, «Түркістан» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, «Білімді ел-Образованная страна» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова, Бас редакторлар клубының атқарушы директоры Әсем Еселбаева, Қоғамның Баспасөз хатшысы Нұрымжан Жұмағазиев қатысты.
«Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізге 1 млн. астам қандасымыз атажұртқа оралды. Биыл Иран және Ауғанстан мемлекеттерінен де қандастарымыз елге келгені көңілімізге қуаныш ұялатады. Алыстан келген ағайынға Сыртқы істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және қоғамдық даму, облыс әкімдіктері бірлесіп нәтижелі жұмыс атқарды. Сондықтан ел іші мен шетелдегі қандастарымыз үшін атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттауға ақпараттық қолдау қажет. Алдағы уақытта шетелдегі қазақ тілінде шығатын БАҚ ассоциациясын құрғалы отырмыз. Бұл ақпарат алмасуға көп мүмкіндік береді», - дейді Мағауия Қанапияұлы.
Жиын барысында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланып, бірлесіп жұмыс істеу жоспары пысықталды.
«Ақпарат жеткізу қызметін ілгерлету бойынша бірлесіп жұмыс істеуге өз ұсыныстарымызды жеткіземіз. Болашақта арнайы байқаулар жариялауға және шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестік орнатуға әзірміз. «Отандастар қоры» қолға алған жобалар мен тақырыптарды Бас редактор клубының мүшелеріне жеткізіп, өзекті тақырыптарды қозғауға болады. Бүгінде отандық бұқаралық ақпарат құралдары қандастар мәселелерін жиі көтеріп, көп көңіл бөлуде. Себебі, қазақ тілді БАҚ осы бағыттағы жұмыстың мемлекеттік маңыздылығын жақсы түсінеді», - дейді Бибігүл Нұрғалиқызы.