2021 жылы 15 қазан сағат 15:00-де «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комиссия төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қаржаубай Сартқожа, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Нұртөре Жүсіп, ҚР Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, белгілі қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және т.б. қатысты.
Аталған іс-шара күн тәртібінде «Қандастардың ҰБТ тапсыру механизмін оңтайландыру немесе ҰБТ-дан басқа да альтернативті жолдарды ұсыну», «Қазақстандағы репатрианттардың қос азаматтығы мәселесі туралы», «Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау мәселелері: әлемдік озық үлгі және қазақстандық тәжірибе», «Солтүстік Қазақстан облысында қандастарды орналастырудың өзекті мәселелері», «Азаматтық алған қандастардың шет елдегі еңбек өтілдерін есепке алу» (зейнетақы мәселесі), және т.б. мәселелер көтерілді.
Қоғамдық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне қандастардың Қазақстандағы оқу орындарына түсуін, Сыртқы істер министрлігіне Қазақстандағы репатрианттардың қос азаматтық мәселесін шешу жолдарын қарастыру, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдауды күшейту және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп азаматтық алған қандастардың шет елдегі еңбек өтілдерін есепке алу, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Солтүстік Қазақстан облысында қандастарды орналастырудың ауқымды жұмыстарын жан-жақты және толық ақпараттандыру бойынша қолдауды күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары бойынша тұрып жатқан қандастардың тұру мерзімін ұзарту, шеттен келген қандастарымызды тұрақты тіркеу, азаматтық алған қандастардың азаматтық алмаған отбасы мүшелерімен бірге тұру мәселелері бойынша тиісті құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар жолданды.
Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын барлық өңірлерде ашу мәселесін өзектендіру - ҚР Үкіметі жанындағы Шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының қарауына жіберіледі.