«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Н.Әбіқаев байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерін құттықтады

25 Маусым, 2021

Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Жаһандану үдерісі үдей түскен қазіргі сындарлы шақта қоршаған қоғамды телерадиоарналар, мерзімді басылымдар мен интернет журналистикасыз елестету мүлдем мүмкін емес.

Қаламы қарымды журналистер қалың елге ағымдағы ақпаратты таратумен қатар қараша халықтың және тарихи Отанына оралған қандастардың қамына қатысты мәні зор мәселелерді көтеріп, күрмеуі көп күрделі түйткілдерге ресми органдар мен мемлекеттік мекемелердің назарын аударуға айрықша үлес қосып жүр.

Қазір отандық журналистердің жемісті қызметі ақпаратты талдап-таразылап, елге елеп-екшеп жедел жеткізудегі белсенділігі мен кәсіби шеберлігінен айқын аңғарылады.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдан бері атажұртқа миллионнан астам отандасымыз оралды. «Елге ел қосылса - құт» дегендей, тарихи Отанымен қайта табысқан қандастарымызға Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын, көші-қон саласындағы түрлі заңнамалық өзгерістер мен өзге де өзекті ақпараттарды жеткізуде редакция алқаларының атқарған жұмысы ауқымды, жасаған қызметі қыруар.
 
Кәсіби төл мерекелеріңіздің қарсаңында Сіздерге елге сіңірген ерен еңбектеріңіз бен жоғары кәсіби қызметтеріңіз үшін риясыз ризалық білдіріп, арнайы Алғыс хатпен марапаттаймыз.

Сіздерге шалқар шабыт, шығармашылық табыс, жаңашыл қадамдарыңызға сәттілік тілейміз! Ұйымшыл ұжымдарыңыздан құт-береке, ырыс пен ынтымақ кетпесін!

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Н.Әбіқаев

 

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Н.Әбіқаев байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерін құттықтады