2021 жылғы 25 мамыр күні сағат 15:00-де «Отандастар қоры» КЕАҚ әзірлеген www.erulik.kz веб-платформасының тұсаукесері өтеді. Іс-шараның мақсаты – шетелдегі қазақ қауымдастығына жаңа ашылған сайтты жан-жақты таныстыру.
Erulik.kz дегеніміз – Отанына қоныс аударуға бел буған қандастарға арналған веб-платформа.
Сайттың басты мақсаты – Қазақстанға көшіп келуге шешім қабылдаған қандастарға басымдыққа ие 5 облыстың (Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары) әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен таныстыру және қоныс аударуға қолайлы елді мекендерді таңдауға мүмкіндік ұсыну.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен әзірленген веб-платформа арқылы Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлаған кез келген қандасымызға орналасқысы келетін елді мекенге қатысты 21 көрсеткіш бойынша жан-жақты ақпарат ала алады.
Атап айтқанда, сайтта елді мекендердегі бос тұрғын-жайлар, инфрақұрылым, әлеуметтік мекемелер, экономикалық әлеует туралы толыққанды ақпарат бар, сондай-ақ аймаққа фото шолу жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ұсынылатын болады.
Сонымен қатар, көшіп келген сәттен бастап көші-қон үрдісінде талап етілетін құжаттар, бейімдеу, балаларды балабақшаға, мектепке орналастыру, медициналық қызметтерді алу, тіпті кәсіпкерлік бастаудың оңтайлы тетіктері бойынша ақпарат беріледі.