АҚШ-та тұратын отандастардың қатысуымен «Қандастар форумы» өтті

17 Қараша, 2020

Бүгін «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен АҚШ-та тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Қандастар форумы» атты онлайн-кездесу өткізілді. Іс-шараны «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов ресми ашып, Қоғамның шетелде тұратын қандастарды қолдау бағытындағы жобалары жайлы айтып өтті.

Жиынға қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Қарлығаш Бекпатшақызы шетте жүрген қандастарымызды қазақтың ана тілін, мәдениетін ұмытпауға шақырды.

Онлайн-кездесу барысында, белгілі ақын Қалқаман Сарин бүгінгі қазақтың тілі мен мәдениетінің шетелде тұратын қазақтар арасында сақталуы мен дәріптелу мәселесін көтерді.

 Қандастар форумына арнайы шақырылған BTS Education Бас директоры Саясат Нұрбек, АҚШ-та жұмыс істеп жүрген қазақ жастарына «Қазақстандағы жаңа мамандықтар мен дағдылар Атласы» ұлттық жобасын таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет француздық «Ecole 42» инновациялық әдістеме жүйесі негізінде, жастарға инновация мен IT-технологияларды тегін оқытатын «Alem» мектебі құрылғанын және қазіргі уақытта, сұранысқа ие, әлемдік деңгейдегі IT мамандарды даярлап жатқандығын айтып өтті.

АҚШ-та жүрген қазақ жастарына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша түбегейлі ақпаратты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Карбозова Айнұр Бағдатқызы жеткізді.

Өздеріңізге белгілі, шетелде білім алып жаңа технологияларды меңгеріп, шетелдегі ірі компанияларда жұмыс істеп тәжірибе жинаған біршама  отандастарымыз Қазақстанға келіп жарқын болашақ құру үшін аянбай еңбек етуде. Осы сынды қандастарымыздың бірі, 90 жылдары елімізге қоныс аударып, Ұлыбритания, Испания, Түркия, АҚШ елдерінде білім алып, қазіргі уақытта ұлт үшін қызмет етіп жатқан Назгүл Жарданбек, АҚШ-тағы отандастарымыздың Қазақстан үшін маңызды адами капитал екендін алға тартты.

Өз кезегінде, отандастарымыз АҚШ-тағы қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайлары туралы баяндап, іс-шара барысында айтылған ақпараттарды талқылап, Қазақстанмен байланысты нығайту, бірлесе жобалар атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

Онлайн кездесу барысында, АҚШ-тағы отандастарымыз қазақ тілі курстарының көптеп ашылуы, қазақ диаспоралары шоғырланған аймақтарда балабақшалар ашу, қазақша кітаптардың жетіспеушілігі және шетелдегі қандастардың өз атамекеніне еркін келіп кетуі, қалаған жерінде жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болатын, этникалық қазақтарға арналған арнайы құжат дайындау және оны қолданысқа енгізу жайында ұсыныстар айтты.

 

АҚШ-та тұратын отандастардың қатысуымен «Қандастар форумы» өтті