Тарихшы қандасымыз Тұрсынхан Зәкенұлының кітабы жарық көрді

21 Қыркүйек, 2020

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының  «Қытай тарихы: ежелгі заман және ортағасырлар» (1 том ) және «Қытай тарихы: Жаңа және қазіргі заман» (2 том) атты екі томдық еңбегі жарық көрді.

Екі томдық кітап жоғары оқу орындарының халықаралық қатынас, шығыстану, аймақтану, тарих факультеттерінің талапкерлері мен Қытай тарихына қызығатын жалпы оқырманға арналған. Кітап «Эверо» баспасында басылды. 1 томының электронды нұсқасы да жуық арада дайын болады. Қытай елінің 5 мың жылдық тарихын зерттеген оқулықта тек қазіргі мемлекет құраушы ханзу ұлты ғана емес, барлық 56 ұлт түгелдей қарастырылған. Сондай-ақ, түркі, түргеш, ғұн, үйсін, манжур және тағы басқа тайпалардың да қытаймен байланысты тарихы қамтылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін отанымыздың өзіндік тарихнамасы, жалпыға ортақ тарихи таным аясында дербес жолға түсті.

  • «Оқулық жазудың жауапкершілігі өте зор деп айтар едім. Бұл еңбек басқа ғылыми еңбектерге ұқсамайды. Кітапта оқулыққа тән талаптар ескеріліп, әр сөзі мен сөйлемі стандартқа сай логикалық байланыс сақталып жазылды. Тақырыптарына қарай тараулар мен бөлімдерге бөлініп, соңында білім алушыларға сұрақ-жауаптар беріледі. Менің ойымша жалпы Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғарғы оқу орындарының студенттеріне оқулық ретінде ұсынуға лайықты. Оқулықты жазуға 6 жыл уақыт жұмсадым. Болашақта қос томдыққа қосымша толықтырулар енгізіледі», - дейді кітап авторы тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы.

 

 

 

Тарихшы қандасымыз Тұрсынхан Зәкенұлының кітабы жарық көрді