«Атамекен антологиясы» жобасы: Байыт Қабанұлы

12 Қыркүйек, 2020

Шетелдегі қандастарымыздың әдебиеті мен мәдениетін қолдау, ақын-жазушылардың шығармашылығын Атамекенінде кеңінен нәсихатталуына мүмкіндік тудыру мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің арнайы жобасы «Шетелдегі қазақ әдебиеті» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылымның бұл санында Моңғолияда тұратын танымал ақын, жазушы аудармашы - БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ.

Монғолия Баян-Өлгий аймағының Дэлүүн сұмыны Бессала елді мекенінде дүниеге келген.   «МЕН ҚАЗАҚПЫН» (Өлеңдер мен поэмалар) 1997, «НАЙЗАҒАЙЛЫ КҮМІС ЖАҢБЫР» (Өлеңдер мен поэмалар) 2002, «ӘТІР ИІСТІ ДҮНИЕ» (Әгімелер) 2002, «ОЙ КЕСТЕ» (Өлеңдер мен поэмалар) 2008, «АРУАНА СЕЗІМ» (Өлеңдер мен поэмалар) 2009, «ДАЛАНЫҢ ӘНІ» (Өлеңдер мен поэмалар) 2009, «БҰРЫМБИБІ» (Өлеңдер мен поэмалар Қазақстанда) 2010, «АЙДАН ТҮСКЕН  КӨЛЕҢКЕ»  (САРНЫ СҮҮДЭР) (Қысқа әңгімелер. Монғол тілінде) 2011, «КӨЛКӨСІР ДӘУРЕН» (Таңдамалы: Өлеңдер мен поэмалар) 2012, «КӨШПЕНДІ ДҮНИЕ» (Таңдамалы: Өлеңдер мен поэмалар) 2012, «КӨКТОЛҚЫН»    (Таңдамалы: Өлеңдер мен поэмалар) 2012, «СЕЗІМ ТАМШЫ» (СЭРХҮЙН СЭРЖИМ) (Өлеңдер. Монғол тілінде) 2013, «ҚҰЛАҒЫН БҰРАП ҚОБЫЗДЫҢ» (Өлеңдер мен поэмалар) 2013, «КЕМ ӨМІР КЕТІК ТАҒДЫР» (повест - эссэ) 2013, «АҚ ЖАУЫН» (Өлеңдер мен поэмалар бір томдығы Қазақстанда) 2015, «КӨГІЛДІР АЛЫС СЫБЫРЫ» (Өлеңдер мен поэмалар монғол тілінде) 2020, «САРЫ ҚАЙМАҚ САҒЫНЫШ» (Өлеңдер мен поэмалар) 2020    қатарлы кітаптар жарық көрген. Монғолия әдебиетінің таңдамалы жинағы 108 томдығы, қазақ поэзиясының антологиясыының «ЖЫР МАРЖАНЫ» 10 томдығы қатарлы  көптеген біріккен жинақтарға жыр топтамалары берілген.

Шығармалары орыс, қырғыз, өзбек, ағылшын, франц, корей тілдеріне аударылған. «МОНҒОЛИЯ ЕЛІНІҢ ОЗАТ ӨНЕРПАЗЫ»,  «ХАЛЫҚ ДАРЫНПАЗЫ», «АЗАТТЫҚ ОРДЕН ЛАУРАТЫ», «МОНҒОЛИЯ ЖАЗУШЫЛАР ҰЙЫМЫНЫҢ СЫЙЛЫҒЫ»,  «МОНҒОЛИЯ МӘДЕНИЕТІНІҢ ОЗАТ ҚЫЗМЕТКЕРІ»,  «ЕҢБЕК ҚЫЗЫЛ ТУ» қатарлы көптеген, сыйлық, ордендермен марапатталған.


ТАУ ЕЛІ

Таудан биік таудың халқы тауға қарап күледі де
тауға қарап жылайды,
Таудай талас алдында да тауға қарап жалбарынып,
таудан жәрдем сұрайды.
Алаулы кеш, ақ таңда да
тау басында кезіктіріп Күн, Айды
Тау басында таудай бағын сынайды.

Менің халқым таудың елі
тау секілді ірі біздің санамыз,
Қуанғанда тау секілді алқам-салқам
асқақ әнге саламыз.
Қайғы келсе тау секілді күңіреніп  күрсініп,
Ренжісек тау секілді үн шығармай қаламыз,
Ал егерде ашулансақ тау секілді көшкін атып
кесек-кесек тас құлатып аламыз.

Шабыттансақ дауыл болып бұрқыраймыз соғамыз,
Тау басынан құлап аққан өзен болып ағамыз.
Күн секілді күркірейміз,
найзағай боп жарқылдаймыз жанамыз,
Жайдарлансақ жайлау сынды
ашылады құшағымыз, жағамыз,
Біз бақытты, байлықты да таудын ғана табамыз.

Өсеміз бе, тау орманы секілденіп тауға қарап өсеміз,
Есеміз бе, тау самалы секілденіп есілеміз, есеміз.
Кесеміз бе, кесімді де тау секілді кесегімен кесеміз,
Кешеміз бе, таудай құнды тау секілді былқ етпейміз кешеміз.
Көшеміз бе, тау басынан тау басына көшеміз.
Өшеміз бе, тау қойнына кіреміз де өшеміз.

2012-09-28

 

АҒАЛАР

Ағалар - ай, ағалар - ай
көп-ақ еді тілегенім, сұрағаным сендерден,
Сендер неге жалықпайсың
желікпенен жемсауыңды жемдеуден.
Күн өткізіп келесіңдер
мен деуменен, сен деумен,
Араласып көрсеңдерші
жабырқаған ел жұртыңды емдеумен.

Ағалар – ай, ағалығың керек боп тұр тақ бүгін,
Өздеріңсіз қайтіп, қалай естіледі жатқа үнім.
Қол үшіңді берші аямай осы болсын ағалығың
өзгертейін хат түрін,
Түсіп бара жатыр кәзір елің, жұртың отқа інің.

Ағалар – ай, ағасың ғой
жалынамын ұйтқы болшы сұйыққа,
Сендер егер болмасаңдар
кім жамау боп жамалады қиыққа.
Мына қазақ шаршады ғой көтерсеңші иыққа,
Жол тауып бер інілерің тіреліп тұр тұйыққа.

Ағалар-ай  қамын ойлап іс етсеңші
қалың елдің, баршаның,
Ақыл таппай қалжыраған
аш жалаңаш інілерің жүр артыңда қанша мың.
Айланып бір арт жағыңа қарасаңшы
ойың болса миың болса басыңда,
Ала таңнан мен соларға жалаң аяқ
нан тасыдым, сүт тасыдам шаршадым.

Ағалар – ай, мен шаршадым
түсіне алмай қалдым сірә
жат мінезін күн айдың,
Қолдан келер ештемем жоқ
бостан босқа шарқ ұрамын, жылаймын.
Арттан ерген ұл-қыздарың
аты сұлу болса дағы заты қазақ болмай тұр,
Не қыламын айтыңдаршы
сендер барда кімге барып,
кімнен көмек сұраймын,

Ағалар – ай, інің ем ғой
мойныңа мініп өскен кешегі,
Ұғасың ба, осы шақта ел жеріңнің
маңдайдағы қасіреті бес елі.
Сендер сөйтіп жатып алсаң
кейінгінің үміт, үні өшеді ғой өшеді,
Ел тағдырын онда кімдер шешеді.

Ағалар – ай,  байлық ғана  деп көрсеңдер
мына өмірдің бастауын,
Қалай ғана адаспасын артыңдағы жас қауым.
Сүйсеңдерші бауырыңды,
ауылыңды, үлкен үйдің қара нанды астауын,
Інілерге сүйгізсеңші туған жердің
ұра жыра, тас тауын.

Ағалар – ай, саған қарап өсіп келе
жатыр ұрпақ кейінгі жас тентек күн,
Мәнін айтып берсеңдерші
кешегі әжем айтатұғын ертектің.
Бабалардан өздеріңе келіп жеткен
салт пен дәстүр, әңгіме, аңыз, дастандар,
Сендерменен тамам болып қала ма деп
зар жыладым, жер тептім.

Ағалар – ай, сендерсіңдер
ел бастайтын алтын айдар бағылан,
Тек сендермен мағыналы
ЕЛТАҢБА мен ӘН ҰРАН.
Сендер баста ұлы көшті, біз ерейік
жүк басуға жараймын ғой, іздегенде табылам,
Алауыздық, бақталастық, тақталастық
бізге қарай өтпесінші.  Жалынам,

Маған түктің қажеті жоқ
дүниенің, шен мен шекпен, мәнсаптың,
Сол бір тастай қаттыларды жұмсартам деп
ән боп, жыр боп қанша ақтым.
Ағалар – ай, сендер бірақ
мал саттыңдар, жан саттыңдар, ар саттың,
Кешегі асыл бабаларды жоқтаттыңдар,
сағындырып аңсаттың.

Ағалар – ай, бізге қажет боп тұрсыңдар
келсеңдерші, келіңдер,
Өнер болып өртеніңдер,
өркен болып өркендеңдер, өндіріс боп өніңдер.
Ел туы боп желбіреңдер,
Жер суы боп көлбіреңдер,
жеңіскер боп жеңіңдер,
Ұлттың ұран ұлы болып,
жұрттың қыран құлы болып
інілердің асқар таудай ағасы боп өліңдер.
Ағалар - ай, ағалар - ай келіңдер.

2012-08-19

 

ШЕТЕЛ   ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ  ӘНІ

Кімсің деме жалғанның жалқысымын,
Құрбанымын тағдырдың талқысының.
Тоз-тоз болып тараған аз қазақтың,
Бір шетімін, бөлінген жартысымын.

Бастан талай өткіздік сағым көшті,
Көшіп жүріп малым мен бағым да өсті.
Сонда дағы өрт қылып өзегімді,
Запыран боп төгілген зарым кесті.

Бақытсызбын демеймін көріктімін,
Кісі елінде жүрсем де еріктімін.
Бақыттымын демеймін күннен күнге,
Бара жатыр әлсіреп  берік тілім.
 
Кемшіліктің қайтейін кейіткенін,
Келешектің ойланып кейіптерін,
Ата жұртқа көшімді бұрар едім,
Бес атамның қимаймын бейіттерін...

Бәрін айтып қайғымның нағыламын,
Тағдырыма сызылған бағынамын.
Сонау алас Арқа бар, ата жұрт бар,
Сағынамын мен соны сағынамын.

2012.09.28


ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІНЕ

Беу қазақтың жігіттері
ҮЙ бар бізде, ТӨР бар бізде, ЕЛ де бар,
ТӘУЕЛСІЗДІК және ЕРКІНДІК, ЖЕР де бар
Көк туың бар желбіреген, маңдайыңда тер де бар
Өлген күні тыныш жатар КӨР де бар
Осы қымбат асылдардың түп тұғыры
ана қазақ ТІЛ де бар.
Байлығың бар үлде менен бүлде бар.
Ақыл ойың, білім-ғылым, түр де бар
Алла берген  ҰРПАҚ деген күн де бар...

Ал неге біз...
Тумай жатып өлеміз
Ал неге біз
Бірге туған ағайынға «төреміз»
Ал неге біз...
Сырттан келген бұралқы итке құл болып
Ал неге біз...
Тірі жетім секілденіп жерге қарай береміз
 
Беу қазақтың жігіттері
Алдымызда бабалардың салып кеткен
жолы да бар, өсиеті - сөзі бар,
Үлгі тұтар асқар таудай ағалардың өзі бар.
Уыз сүтін ұлтқа арнаған аналардың
ізі де бар, көзі бар,
Арттан еріп ағалаған қарындасың, інің де бар
Қисығыңды түзететін ұлы өмірдің тезі бар...

Ал неге сен
Жетім қыздай жан-жағыңа
жалтаң-жалтаң қарайсың
Ал неге сен
Баға жетпес асылыңды
масылдарға балайсың
Ал неге сен
Өзіңді өзің аямайсың сабайсың
Ал неге сен
Ата-анаңның басын кескен хас жауыңның
табан, артын жалайсың.
Қалайсың.

Беу қазақтың жігіттері
Ай маңдайлы аруың бар
шаттық сыйлап ұл-қызыңды табатын
Ұл-қызың бар
келешекке тіреу болып өзегіңді жаратын
Арғымағың атың да бар
алты күнге зорықпайтын шабатын
Ошағың бар мәңгі сөнбей жанатын

Ал неге біз
Жарты жанды жадылардай
бас көтермей жатамыз
Ал неге біз
Ылғай ғана Уды балдай татамыз
Ал неге біз
Қаракөзді қызымызға ие болмай
қытайларға қатын ғып
Ал неге біз
Жас сәбиді қоқысқа сап
Жетімдерді шетелдерге сатамыз
Неге біздің
Қарғыс болды батамыз
Беу қазақтың жігіттері айтыңдаршы:
Қашан таң боп атамыз

2016.07.08
 
ДОМБЫРАМ

Айналайын жан домбырам
тілі едің сен тілсіздің,
Үні едің сен үнсіздің.
Қазақ күлсе бірге күліп,
ал жыласа бірге жылап өксік атқан асылым,
Бүгін неге қолжаулығы болып кеттің мұңсыздың.
Оо дариға жеткені ме құнсыз күн.

Жүректегі сөндірдік пе жалынды,
Сен де сарқып біткенің бе барыңды.
Сені Қазақ, ал Қазақты домбыра деп танушы ем,
Бүгін неге Қазақ сенің
ұға алмайтын күйге жетті зарыңды.
О дариға енді кімге аманат қып тапсырамын арымды.

Айналайын жан домырам жүрексіздің
жүрегі едің зарлаған,
Суға кетіп бара жатып талым едің қармаған.
Жүйрік едің жүз ғасырға жалғасқанда
қажымаған талмаған.
Қанды қолға терісімді сойғызғанда тірідей,
Тері болып, алдауым ең көңілімді алдаған.
 

 


Бабалардан бізге жаткен бір мұра едің
сырланбай-ақ, боялмай,
Абай да өткен қызығыңа, қылығыңа тоя алмай,
Қанша зарлап, дабыл қағып жатсаң дағы қайтейін,
Тас керендер әлі жатыр оянбай.
....   Ой Алла-ай

2018.10.03

ОРХОН ДАРИЯМ

Оо, Орхоным тағы келдім
жағаңа бір жатайын деп жайланып
Тым болмаса өткір сөзбен
өр дұшпанды атайын деп сайланып
Айтшы маған:
Келген сайын өз үніңді өзің жұтып
неге үнсіз сырғисың
Батырдай боп абайсызда қолға түсіп
ата жуаға бара жатқан айдалып

Орхон дария сен ағасың сырғиды үнсіз
ән ағады қалқыған
Запыран боп зар ағады
тағатыңды сарқыған.
Арулардың еш кіршіксіз ары ағады - жарты жан
Бабалардың қаны ағады қасіреттен айтып ән

Орхон дария сен ұлысың
өткеннің де кеткеннің шөл сусынын қандырған
Шалдыққандар саған келіп шапан шешіп
шабан тартқан Шалқұйрығын шалдырған
Мен де сендей еш тоқтаусыз қаңғып жүрген
жалқы құспын шырылдап
Шындық іздеп ұша-ұша қанатымды талдырған.

Орхон дария сен ағасың сеніменен
сылдыр-сылдыр сыр ағып
Ұғынғанға ұсынасың он ғасырдың алдындағы
от күндерді мұра ғып
Ал мен болсам жалғыз қалған жан тәніме
серік таппай саған келем сел болып
Саған келсем бір тыныштық ұялайды
алпыс екі тамырымнан ағыл-тегіл жыр ағып

Орхон дария сөйтіп солай жүрегімді
осқылайды ағысыңның күркүрі
Бізден бұрын еш тоқтаусыз
уақыттың көшінің де ілгерледі түр түрі
Күңірентіп дүниені, күрмеп қойып күлкіні
Біздің дағы мына сапар  
ап-асығыс аяқталар бір күні

Сонда да сен тоқтамассың  
Ғасырлардан ғасырларға желерсің
Мына байтақ сар далаға
ніл нұрыңды өткізерсең себерсің
Жақсыны да жаманды
бөліп жармай жеберсің
Он ғасырдан кейін келген ұл қыздарға
жырымды айтып берерсің.

Орхон дариям...

2018.12.15

БҰЛ ДАЛАДА:

Қарақорым ...   
Қан сасиды Орхон судың жағасы
Көз жіберсем шым-шым етіп
жанды жыртқан тарихтың жарасы
КӨК пен ЖЕРден күңіреніп Күлтегіннің наласы
Көз алдымда көлбірейді көк түріктің даласы

Бұл далада Оғыздардың басып өткен ізі жатыр
қаны әлі кеппеген
Қобыздардың қыл ішегі әлі жылап ызыңдайды
соны естуге көп келем
Мына жердің тастары да
аударылып төңкеріліп сөйлейді
Қайран жұртым, қалың елім
қаның бар ма төкпеген

Әр заманның тең болады сардары мен сайқалы
Сұм уақыт жақсыны да жаманды да
айырмасыз жайпады
Содан шығар Қарақорым даласының
желі едейін ызыңдап
Күлтегіннің азалы әнін әлі күнге айтады

Бұл далада біреу шаттық әнін айтып,
біреу өксіп қайғы алған,
Бабалардың күші менен
жауларының айласы да сай болған.
Бұл далада шапса егер жау олжалап,
ысқырса егер жел айдаған желкелеп
Ай маңдайлы ару өксіп,  арқыраған арғымақтар
жау алдында айдалған

Бұл далаға жау кірмеген болса дағы
қарауылсыз қамалсыз
Бабаларым мал өсірген, жан өсірген алаңсыз
Енді бүгін Сақ, Ғұндардың
жебесінің жел ысқырған дауысы
Еміс-еміс құлағымды шуылдатып
қанжар сабын қыстырады амалсыз

Бұл далада қандар аққан кеңірдектен тұмсықтан,
Күйші қазақ сол төгілген қанның құнын
әуен етіп сыңсытқан.
Бұл далада ханның сұлу жас қатыны
асыл торғын көйлегін
Жылқы баққан құлға арнап иығынан сусытқан


Бұл далада болды талай уақыттың талғамы
Ерліктің де елдіктің де сөнді шырақ шамдары
Оо қайран ел сен деп жылап
жатыр мына алып таудың заңғары
Оо мұңлығым  қай еріңнің бас сүйегі
қай жырада қалмады

Мына дала жер етпеді не бір батыр, көсемді
Талай жаным талай қаным төсеніш боп төселді
Әлі тамам еткен жоқсың ... кеселді
Ей қансоқта сұм уақыт қайтарып бер  есемді

17.12.2018

Жоба жетекшісі «Отандастар қоры» КЕАҚ менеджері - Талапбек Тынысбек

«Атамекен антологиясы» жобасы: Байыт Қабанұлы