«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаевтың және алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымыздың қатысуымен «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеу – праймеризге қатысты ZOOM-конференциясы өтті.
Конференцияға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек, «Отандастар қоры» КеАҚ қандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры Ғазиз Тастаев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы және «Отандастар қоры» КеАҚ қандастарды ақпараттық қолдау орталығының координаторы Болат Заут, ШҚО бойынша Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының сарапшысы Әскерхан Ақтай және әр салада қызмет етіп жүрген озық әрі белсенді азаматтар қатысты.
Бірі – отыз жыл бұрын, бірі жуырда ғана атамекенге оралған отандастар өзі қызмет ететін саладағы проблемаларды көтеріп, праймеризге қатысу арқылы сол мәселелерді шешкісі келетінін айтты.
Онлайн өткен жиын барысында «Отандастар қоры» КеАҚ қандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры Ғазиз Тастаев: «Біз «Nur Otan» партиясы енгізіп жатқан жаңашыл қадамдар мен оң өзгерістерді құптаймыз. Бұл игі шараның қандастарымыз үшін тек саяси жағынан дамытуға жасалған жағдай деп қана емес, мемлекеттің басқару процесстеріне, заңнамалардың қабылдануына, азаматтардың ортақ мүдделерін қорғауға жасалған зор мүмкіндік деп санаймыз. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге қашан да дайынбыз», - деп мәлімдеді.
Әскерхан Ақтай праймериз партияішілік іріктеу елге жаңа леп әкелетін оңды қадамдардың бірі екеніне тоқталды.
«Менің мақсатым – қандастарымыздың экономикалық-әлеуметтік, рухани мәселесіне қолдау көрсету, елдегі түйткілді мәселелерді шешу. Прамериз әділ өтеді деп ойлаймын. Елдің болашағына елеулі үлес қосатын азаматтардың праймериздің нәтижесінде сайланатынына сенемін», – деп, праймеризге қатысатынын атап өтті.
Конференция барысында «Отандастар қоры» ҚеАҚ Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заут мемлекетті әрмен қарай дамытуға атсалысу үшін ел азаматтарын праймеризге қатысуға шақырды.
Конференцияны қорытындылау барысында «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев партияішілік праймериздің халықтың үмітін қаншалықты ақтайтынына тоқталды.
«Біз бұл праймеризге үлкен үміт артамыз. Бұл науқан «Nur Otan» партиясының депутаттарының санын жаңғыртудың тиімді жолы. Осыны іске асыру үшін елдің алдына шығып халықпен кездесетін, өзінің сөзіне жауап бере алатын, талап қоя алатын, уәде беріп қана қоймай, соны орындай алатын азаматтар керек. Дода болғаннан кейін, бұл жерде талас, тартыс жүреді. Әр аймақтың өз серкелері, белсенділері бар. Олардың қай-қайсысы болмасын осы праймеризде жеңіске жеткісі келеді. Праймериздің жоғары деңгейде, мейілінше әділ өтуі барлығымызға байланысты. Елдің алдында жүрген, қоғамға пайдасы тиетін азаматтар науқанға қатысса, праймериз де жақсы өтеді. Ал біз өз тарапымыздан қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді партия хатшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Елбасы, Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің виедоүндеуінде «Nur Otan» жақтастарын және партияластарды еліміз үшін маңызды саяси оқиғаға белсене қатысуға шақырды.
17 тамызда еліміздің барлық аймақтарында «Nur Otan» партиясының праймериздеріне кандидаттарды ұсыну және тіркеу басталды. Қазіргі уақытта алты мыңнан астам адам партияішілік іріктеуге қатысуға ниет білдірді.
Үгіт-насихатқа дайындалу үшін кандидаттарға 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн бөлінеді.
7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында көпшілікке жария дебаттар өтеді. Дебаттар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы партияның ресми аккаунттарында көрсетіледі.