Қаламгер қандастарымызға шығармашылық қолдау көрсетіп, отандас ақын-жазушылардың төл туындыларының туған елінде кеңінен насихатталуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар қорының» арнайы жобасы «Атамекен антологиясы» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылмның бұл санында Қытайдан келген қандасымыз, танымал қазақ жазушысы Қырбақ Нұрғалидың «Бір уыс топырақ» әңгімесін жариялап отырмыз.
Қырбақ Нұрақынұлы Нұрғали 1962 жылы 15 қазанда ҚХР Құмыл қаласы, Тасбұлақ ауылының Құмсу деген жерінде туған. 1984 жылы «Шұғыла» журналында жарияланған тұңғыш туындысы «Қастық» атты әңгімесімен әдебиет табалдырығын аттаған. «Сынық қанат көгершін» повесттер жинағы, «Ақсағым», «Көкжалдың асығы» атты әңгімелер жинағы шыққан. 1998 жылы тұңғыш ҚХР қазақ-қырғыз әдебиетінің «Дүлдүл» сыйлығын, 2002 жылы ҚХР мемелекеттік аз ұлт әдебиетінің «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері.
Бір уыс топырақ
Көк пүліспен көмкерілген жасыл жайлаудың маужыраған айлы, қоңыр түні. Ару деміндей жұпарлы да, жылы лепті түн самалы кісі жанын еліттіре, ара-тұра ғайыбана мамық алақанымен сипалап, елжірей еркелеп аймалап өбеді. Мол моншақты түн шымылдығының салқар төсінде күміс табақтай толықсыған ай айдындана діріл қағады. Бозаң түсті буалдыр сәуле жер бетінде кілегейлене кілкіп тұр.
Мен жебей басып ауылдың батыс жағындағы көк белегірдегі неше ғасырлық бабалар аруағының қасиетты мекені − көне зираттыққа қарай беттеп келемін. Алты құлақтап ай орнатылған атам мен әжемнің бейіті де сонда болатын. Деседе, менің бұйымтайым онда емес, өзге бір қабырда. Ашығырақ айтқанда, шетелдік бір бейтаныс адамның әкесінің осындағы біздер үшін көзге қанық болғанымен, көңілге танық, тастан қиып жасалған бес құлақты ескі бейітінде. Іздегенім де, алатыным да сондағы қабырдың бір уыс топырағы.
Әншейінде таныс ауыл сияқтанатын аруақтар мекені− ескі зираттыққа жақындаған сайын, тұла бойымды бір түрлі жайсыз қобалжу сезімі билей бастады. Үлкендер: сапар кезінде ыңғайлы қоналқылық жер болмағанда, бейсауат иен жерге түнегеннен гөрі бірер зираттық тауып, сонда түнеген жақсы демеуші ме еді. Есіме оралған осы сөз өзімнің бишаралығыма өз ызамды келтірді. Олар өлі, мен тірі, несіне құтым қашады деген ой медеуімен өзімді- өзім қайрап жігерлендіре түстім. Әсілі таң сәріде жолға шығатындығым себепті, керекті нәрсені түнделетіп болса да дайындап алмасам болмайтын еді. алайда, аруақтар мекенінің түнде мұншама сұсты болатынын мүлде ойламаған екенмін. Қалың топырақ басқан қараңғы қуыстағы саудыраған қу сүйектерден қорқып, бір уыс қабыр топырағын ала алмауға намысым жібермегенін былай қойғанда, өзгенің жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарудан жалтаруға тіптен дәтім шыдамады. Деседе, бөтен бір шетелдікпен ешқандай бөтен ниет- нысайсыз болса да, құпмя түрдегі мынадай әмпей-жәмпейімнің, сірә, заңдық тұрғыдан қандай жауапкершілікті арқалауға мәжбүрлейтінін білмесем де, ең кемінде азаматтық мораль алдында айыпты болатынымды іштей сезінулі едім. Рас, кейде қоғамның мәжбүрлеу сипатындағы қатаң ережелестірілген азаматтық мораль өлшемі мен кісілік еріктің жарнамасы болған, бағзаманнан келе жатқан адмгершілік талғам арасында от пен судай отаспас кереғарлық өрбитіні даусыз. Мұндайда не азаматтық моральдық өлшемнің құндағы адамгершілік алдында, не адамгершіліктің дәтүрлі рухы ажырағысы саяси сипатты азаматтық мораль алдында сені айыпты ететіні сөзсіз. Қалайда екеуінің біріне кінәлі болмай амалың жоқ. Міне, осындай қайрымсыз жағдайдың мені де өзіне қара лақ еткенін кеш сезгендеймін.
Адамдар жөнінен алғанда құмарлықтың өзі де бір түрлі рухы науқас. Сіз тым құрығанда, екінің бірі, егіздің сыңары тартатын темекіге құмартатын боларсыз. Сол ішкі әуестік қабындаған шақта қайтушы едіңіз? Иә, сіз сияқты менің де қатты құмартатын бір әуесті ісім бар. Ол-ат. Ат болғанда қандай, мініп жүріп мыңның ішінен таңдап алатын, аяқты тұр ғой, қанаттыға шалдырмайтын тұлпар тұқымды өрен жүйрік пен жер-су баспайтын сел жорға. Мүмкін, сіз бұған күлерсіз. Бірақ, мен сол тұлпар тұқымын жер бетінде тұңғыш рет қолға үйретіп, құлағында ойнаған әрі оны ғасырлар бойы көз қарашығындай қастерлеп, жан серігіне балаған байырғы сақаралық сері сақтардың ұрпағымын ғой. Сондықтан менің бойымдағы қан да, ген де ешқашан өз тегінен айнымақ емес. Әрине, кезінде төрт ықылым дүниені ат тұяағымен тітіреткен біздің теңдесі жоқ даңқты көшпенділер еді. Бұл күндегі ұрпағы құмырсқа тірлікті отырықтылардан сәл-пәл кенжелеу болғанымен, жыл құсы тектес жылыстай көшіп, ауа мен судың тұнығын, тау мен даланың сонысын сонырқалаумен ғұмыр кешеті. Олар, анау жасанды сұлұлық пен қара түсті мәдениеттің көлеңкесінде қалып қойғандығы себепті, сырты жалтыраған, іші қалтыраған қалалықтардың болмыстарынан біртін деп ығыса бастаған тектілік, ізгілік және табиғатқа тән қарапайымдылықтың шырайына шаң жуытпай, кіршіксіз, тап- таза күйінде шетен бойларында сақтап, адамзат пен табиғаттың байырғы балдырған сәби және жұмақ шағының жанды ескерткішіндей болып, жасап келе жатқан нағыз табиғат еркелері, дала серілері есептеледі. Олардың тамырлрында әлі де батыр бабаларының таза да, сергек, қызулы да, кіршіксіз қандары тоқтаусыз жосылуда. Сол даңқты көшпенділердің бір ұрпағы болған мен жөнінен алғанда, әлі де жайлауым-жаннатым, атым- қанатым. Ғасырлар қаныма сіңірген бұл қасиет бүгін ғана емес, болашақ ғасырларда да арыла қоюы мүмкін емес.
Адамзаты әлем жұлдыздарына қоныс аударып, ұрпақтарымыз марс немесе басқа планеталардың иранбақтараында сайран салар сараналы сәттерде де, біздің белдеуімізден тұлпар, тұғырымыздан сұңқар кетпек емес. Марстықтар үшін бұл өмірде болмайтын, қолдан келмейтін қияли өмір болмақ. Ұлысты елдің ұланасыр торқалы тойында аламан бәйге мен ала шапқын жорғаның екі бірдей жүлдесін жеңіп алып, асып- тасып келген соң, жүйрік пен жорғаның аяғына тұсау-шідер салмайтын ата салт бойынша жануарларымның білезігін бунағым келмей, әбден тынықтырып суытқан соң, күміс құймалы, жібек баулы ноқталарын сыпырып алып, сауырларынан бір-бір сипап қоя бергемін. Бүгін көздей шығып, сол қос саңлағымның жалаңаш, жалғыз қыратты шекара, қада қазықты белгі еткен, темір тор тартуға әлі үлгірмеген екі елдің ғайып пішінді шек сызығының арғы жағында, бөтен елге тән көк сауыр теріскейде сонырқалай жайылып жүрген жерінен көріп, өзегіме у құйылғандай күй кешіп, ішім өртеніп сала берген. Нағыз қорланарлық, бишара хал еді бұл. Көзге көрініп тұрған ешқандай бөгет жоқ, сақпан сілтер алдымда ғана жайбырақат жайылып жүрген екі тұлпарым енді екі дүниеде қолым жетпес, аспандағы ай іспетті арманға айналып кеткендей. Олар мен менің ортамда көзге көрінбес және пенде баласы аттап баса алмас шыңырау құз тұрғандай. Еркін жайылыстағы екі тұлпарыма өкініштен өзегім жанып, екі көзім жасаурай қарадым. Әрине, адам сынды алаяқ шіркіндердің жалпақ жерді туырдықтай турап, богенайлап, әуелі аспан айасымен қоса мен- менге меншіктеп, иелеп алған «территория» атты басы байлы мекеніне өзге тұр ғой құмырсқаны да бастырғысы келмейтін отқұйрық озбырлығымен хаюан шіркіннің қақысы қанша! Олар үшін қайдан болса да, әйтеуір, тәңірі бұйыртқан рыздығы молынан табылса болғаны да. Тек осы жолы ғана емес, ілгері де бір-біріне қас-қабағы жылы екі елдің ен сақарадағы орсыз, төрсіз иен шекарасынан қу кеңірдектің қамымен көк шөп үшін колайттаған талай хаюан ары да- бері де қыдырмаштап әлде неше рет өтіскен жайы бар- ды.
Міне, соның кезекті бір сәті бүгін менің басыма келгендей.
Жіпсіз маталғандай күй кешкен мен бейбақ қайтерімді білмей дағдарып тұрғанымда, қарсыдағы жатаған көк мойнақтан бір атты адам шыға келмесі бар ма. Шекара кісі қылжақтарлық жер ме, тәйірі? Іштей тіксініп қалған мен еріксіз кейін серпіліп, бой тасаламақ болып едім, оған үлгіре алмадым. Атын жебей қамшылап өрге қарсы тыртыса ұмтылған әлгі адам мені көзі шалып қалды да, тізгінін іркіп, маған сұқтана қарады. Неге екенін кім білсін, оның басқа біреу емес, өзім қандас, өзім тектес малшы екенін аңғарып, менің де тынысым бірден кеңи бастады. Әлгі адам әуелі өздерінің меншікті жерінде кәннен- кәперсіз жайылып жүрген менің екі атыма, онан соң олардың төменгі жағындағы қойнауда ынталы да, қомағай өктемдігімен жалғыз өзі дәурендеп, топты сиырға махаббатын үлестіріп жүрген жардай бұқасы бар қодас табынына кезегімен сыдырта көз жіберіп, аз тұрған соң, назарын маған қайта аударды. Бұл шетелдіктен қарадай күдіктеніп, алдеқалай суықсырасам да, іштей: «екі елде жасап отырсақ та озара ешқандай өш- қасымыз жоқ қандас беюаз жандармыз ғой, өз-ара бір-бірімізді жат-жала ғана емес-ау тура жаудай сезіндіріп, санамызға сақтық, көңілімізге қобалжу салып тұрған анау бетінде бедерлі жазудан өзге түк те жоқ, қақшиған, сиқырлы қада қазықтардан басқа ештеме де емес қой» деген пайымды оймен әлгі кісіге қарадай үміттене қарадым. Сәлден соң әлгі адам атынан түсіп, әлде қандай күйбеңмен біраз айалдаған соң, атына қайта қонды. Көз шалар алыс-жуыққа сақтықпен барлай қарап біраз тұрған ол кенет астындағы атын жебей қамшылап, қия беттен текіректетіп, менің екі атыма қарай шаба жөнелді. Мен таң қала оған аңтарыла қарадым. Ол екі атты үркіте қуып, шекті аралықтан бері қарай өткізіп жіберді де, маған қарай әлде не нәрсені құлаштай лақтырып қалды да, тіл қатпаған күйі атының басын кілт бұрып, қодастары жаққа қарай көстектете шауып кете барды. Оның бұл тосын қылығы мені әрі қатты таң қалдырып әрі қуандырып тастады. Іштей айрықша алабұртулы мен ол лақтырып тастап кеткен әлгі нәрсені− мұнтаздай көк торғын қолжаулыққа түйілген түйіншекті іліп алдым да, екі атымды тықсыра қуалап, кейінгі жақтағы терең сайға қарай тарттым. Кесірлі алаптан алыстап, тынысым кеңи бастаған соң ғана барып әлгі түйіншекті шешіп қарай бастадым. Түйіншектің ішінен шыққан сәбидің жұдырығындай жұмыр таспен қоса беті сойдақтаған ретсіз жазулармен толған алақандай қағаз мені тағы да қатты таң қалдырды. Мен қағаздағы ершімсіз болса да, анық жазылған жазуларға әуестене көз жүгірттім. Онда мынадай сөздер жазылған екен: «болымсыз қайырына бола бодау тілеп отыр ма деп сөге жамандама, шырағым, кісілігіңнің кілті білсін, жөн көріп жатсаң, көмек етерсің. Ата- бабаларым ежелден тартып осы ұлы таудың теріскейін жайлау, күнгейін қыстау етіп мекендеп келген екен. Осы кезеңнің арғы жақ баурайындағы анау сенің ауылың отырған Ақбұлақ менің де кіндік қаным тамған, таңбадай болып балғын табанымның балалық мөрі басылған, әулиедей ата-бабаларымның басы қалған қара мекенім болады. Сол қасиетті мекеннен тағдырдың жазмышымен көз жазғалы да жарым ғасырдың жүзі болды. Жыл құсындай жылыстап еш бөгетсіз, бөлініп- жарылусыз дарқан даланың тұнығын шайқап, сонысын сойқап, емін-еркін жүретін еркін заман келмеске кеткелі қашан! Енді, әне, сол "әйт" дейтін иек астындағы қасиетты ата мекенді бір көрудің өзі көзден бұлбұл ұшқан, қол жетпес арман мен мұңға айналды. Шекара дейтін сұрқы суық сиқыр сызықтың құдайысыған құқайы мен көзге көрінбейтін ғайыптан соққан қамалы ен даладағы еркіндігімізден айырды. төрімнен көрім жуық болған мынау жетпіс жастағы шағымда ақ үрпек басымды иіп, озыңның кісілігіңнен тілер кішілік қолқам: егер, жөн көрсең, анау Ақбұлақтың батыс жағындағы ескі зираттықтағы басын нар түйедей ақ тасқа сүйеп, тастан қиып жасалған бес құлақты бейіттегі қабырдың томпиған ескі топырағынан бір уыс әкеліп берсең. Маған керегі ата-бабаларыма торқа болған туған жердің бір уыс топырағы. Соңғы арманым мен тілегім: ата мекеннің қойнына, ата- бабаларымның қасына жата алмасам да, олардың топырағына топырағымды қосып, бір шымшым көз сүрмесін ол дүниеге жастанып кету. Келсең де, келмесең де ертең осы уақытта, осы жерден күтемін. Егер, алла сәтін беріп, қол ұшыңды беріп жатсаң, өле-өлгенше сен үшін құдайдан тілек тілеп өтемін. Ал, келмесең өкпе де, амал да жоқ. Алланың жазғаны деп білемін. арқашан алла тағала жолыңды оң, ісіңді жөн қылғай!».
Хатты оқыған соң, әуелдегі таңырқаудан біртіндеп екідай күйге ауыса бастадым. Шетелдік бейтаныс қарттың запыран тұнған зар көңілі мені бірден қатты толқытып тастады. Туған жерінен көз жазған қаймана қарт үшін Ақбұлақтың бір шымшым топырағы шыныімен-ақ алтыннан да бағалы көз сүрмесі болғаны ма?! Жасы ұлғайған сайын адамдардың атамекен туралы ынтызарлығы неліктен соншама еселеп арта түседі? Бұндай ғажайып сүйіспеншіліктің қайнары шынымен-ақ әншейінде ешкім де, ешқашан да қадыр-қасиеті туралы ойланып жатпайтын, лас табандардың астында тапталып жататын қарапайым ғана туған топырақта болғаны ма? Бұл, сірә, қандай ғажап!
Кенет менің есіме жаңа ғана «іші жын, сырты түк» қылқұйрықтарыма бола қатты қаймыққан қапалы күйім орала кетті де, тұла бойым дуылдап өртеніп бара жатқандай күй кештім. Мен енді әлгі қартты іштей ойлай бастадым. Осы орайда менің есіме екі жылдың алдында батыс азиядағы бір елден жолаушылай келген бір туысымыздың кетерінде туған жердің топырағынан бір уысты өзімен бірге ала кеткені оралды. Өкінішке орай, кейін әлгі бір уыс топырақты кеденшілердің алып қалғаны туралы ол кісінің ренішті хатын да тапсырып алып, бірге өкінген жайымыз бар-ды.
Туған жердің бір шымшым топырағы мен бір түйір қиыршығын көздің қарашығына теңеп, әсірелей жыр толғап, өз еліне үгіт айту әншейінде астам көңілдің әсерленген күйі сияқты сезілгенімен, шын мәнінде кіслік өмірдің кіршіксіз махаббатынан туындаған атамекен, ана отанға деген кіршіксіз ұрпақтық сүйіспеншілік, азаматтық борыш пен парыздың жарнамасы екеніне сол кезде анық көзім жеткендей болған. Деседе, жаңағы қарттың мына хатынан одан әлде қайда ауыр да, айанышты жүрек өксігін, жан бебеуін сезіп- білгендеймін. Рәс- ау, он сегіз мың ғаламның емін-еркін тіршілігі мен өсіп-өнуі үшін ортақ игілікке жаратылған жер ана әуелде мынадай бір- бірімен шырмала тұтасқан қиқы-шойқы, ғайып қамал шексіздіктерден құлан таза, пұшпағы бүтін, тұтас күйде еді ғой. Жер ананың әуелдегі қойдан қоңыр момақан еркелері еш озбырлықсыз, сәбидей кіршіксіз қалпында ортақ рыздықты қанағат тұтып, қаншалаған ғасырларды ың-жыңсыз аттандырды десеңші. Осынау кілегейі бұзылмаған ұлы жердің ұланасыр ырысын ең әуелде қара тұйағының қабатына құлқын құлына тән айтарлық сіңген қандай ғана ар-ұяатсыз озбыр жан өз қандастарынан қызғанып, еншілеп, жеке меншіктеп иеленуді бастады екен деші?!
Сол сұрқия баспайдашылдықтың соңы адам баласының жақ-жақ болып, ала көз аш бақалыққа бой алдырып, мүде мен нәпсі жолында атысып- шабысып, қандас қарындастан қан ішішкен қас дұшпандараға айналуына апарып соқпады ма ақыры айағы. Бір жапырақ аң етін жымқырудан басталған сол ашкоз озбырлықтың асқына келе, ақыры байлық үшін жан таласып, озара қырқысудан ұлы жерді ұлтарақтай ілкімдеп бөліске салуға؛ өктемдік билігі үшін найза-қылыш сайлаудан қырғындағыш зіл-зала қаруларды жасауға дейін апарып соққанын кім терістей алады. Жер ананың тұғыры биік төл нәсілі хау ана мен адам атаның кіндігінен өрбіген бір туысқан қандас-қарындастарды өзара күмән мен өшпенділікке итермелейтін мынау шексызықтар тамырын тарихқа жайған озбырлық пен зұлымдық сынды заманақырлық зауал дерттің тұтас адамзат дүниесін шырмап тұрған өзгеше сезгір, өрт білтесі емес пе. осы өрт білте тағы.... жаңғырықты ойлар туғызған жан толқыны мені бастаптағы үрей құндағынан мүлде серпілтіп жіберді. Мен екілене басып, көне зираттықтың орта тұсындағы бес құлақты тас бейіттің қабыр топырағынан бір шеңгелді орамалға түйіп алған соң, тоқмейілсіген толқулы сезіммен жіті басып кері қайттым.
Мен ертесі ертемен қимылдап уәделі жерге барғанымда, әлде қашан келіп алып, қодастарын көздеген болып анадайда мені күтіп, жолыма қарап тұрған сыбайласым мені көре сала, астындағы атын жебей қамшылап, маған таман таяай түсті. Әлде неге асыққандай дегбірсіздене ентелейді. Мен оның өзіме тым жақындауын күтпей-ақ қабыр топырағы түйілген орамалды оған қарай бар пәрменіммен лақтырып қалдым. Ол мен лақтырған нәрсені көре сала, атынан домалай түсіп, апалақтап тұра ұмтылды. Аңсаған асылының қасына жығыла-сүріне зорға жеткен қарт жүгініп отыра қалып, орамалды қос қолдай алып кеудесіне басты. Сәлден соң орамалды жерге қойып ептеп шеше бастаған ол оған түйілген топыраққа еңкейіп төне түсті де, әуелі бір шымшымын алып көзіне сүртті. Онан соң намазға жығылған жандай бүгіле еңкейіп топырақты құштарлана иіскеді. Мен осының бәріне бейне бір әсерлі түс көріп жатқан жандай сенерімді де, сенбесімді де біле алмаған күйде таңырқай қарап тұрдым.
Оның бұл өзгеше қылықтары мені қатты тебірендірген болса да, осынау сезімтал өңірдегі ұшық тектес қатерді есімнен екі елі шығар алмаған мен есі шыққан анау елбірек шалға қоса өзіме де ескерте зекідім. − Жетер енді! Көзге түссек құримыз! Қарамызды батырайық бұл жерден! Менің дауысымнан селт етіп есін жиған қарт, мүмкін, жылаған болса керек, жеңімен көздерін сүртіп, маған борыштарлығын білдіргендей еңкеңдеп бірнеше қайта басын иіп, әлде бірдемелерді айтқан болды. Оның дауысы шамадан тыс қалтырай шыққандықтан не дегенін анық аңғара алмадым да, жалт бұрылып келген ізіммен жүгіре жөнелдім. Бара- бара қиял мен елес толқындай сапырылысып, ереуілдей жөнелді де, көз алдыма бетінде бедерлі жазуы бар қада қазық, ата мекенім Ақбұлақ, бір уыс топырақ, бейтаныс қарттың мүсәпір бейнесі тайталасып кезек- езек елестей бастады. Жүгіре- жүгіре жүрегім дүрсілдеп, соңымнан шекарашылар өкшелей қуып келе жатқандай қобалжулы күй кеше бастадым. Мен құныперен болып бар пәрменіммен зыттым. Мен ұзақ жүгірдім. Бір шақта діңкем құрып отыра кеткім келді. Бар дауыспен айғайлап жар салғым келді. Ақыры мен көк жотаның шалғынды күмбезіне жете бере қара жерді қайыстыра құшақтап «о- о- оу, қара жер-ана жер! Қара топырақ-ана топырақ!» деп жан өзегімнен үздіге айғайлап жата кеттім. Кенет қара жер шошынып қалтырағандай, күйзеліп күңіренгендей болымсыз діріл бауырыма білініп, көмескі күңгір құлағыма шалынғандай болды. «Бұл не сұмдық?!» деп ойладым мен шітей.
Бірақ, ештеменің байыбына бара алмадым. Біртіндеп жүйке-жүйелерімнің қозба дерті бәсеңдеп, қайтадан есімді жия бастадым. Мен толық қалпыма келгенде, жүргім әлі де аттай тулап, екі құлағым шыңылдай шақырып тұрған еді. Қиярға көз тігіп едім, көз ұшында құйын ба? Тұман ба? Әйтеуір, саңырауқұлақ пішінді өзгеше бір күлтелі тұлға аспанға бой созып биктеп бара жатқандай елестеді. Мен соқпалы дерттің құндағынан тезірек құтылу үшін орнымнан сүйретіле тұрсам да, сілкіне бой жидым. Әуелгі ізінше құлази көсіліп жатқан мұнарлы дүниеге үмітті көздеріммен әуестене қайта қарадым. менің көзіме ең әуелі төменде қашанғы бей-ай күйімен бейғам жатқан атамекенім Ақбұлақ оттай ыстық басылды. Менің есіме тағы да әлгі қарт түсті.
Оның бағанағы бір өзгеше қылығы мен өз бойымда болған жаңағы тосын жағдайдың байыбына бара алмаған мен оның жай адам емес, қызыр пайғамбар болар деп ойладым. Бірақ, олай болуы мүмкін бе? Егер, сол қасиетті пайғамбар аңыздағы өз болымысымен қазіргі дүниеде тағы бір кезек болған болса, онда, мына әлем, мына дүние бұдан басқашарақ болар ма еді, қайтер еді? Ендеше,..., маған сірә, не болды?