АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛУ – ШЕТТЕГІ ӘР ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ

27 Шілде, 2020

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков – атамекенді аңсап, үкілі үмітін арқалай келген қандастарымыздың бірі. Ол бүгінде өңіріміздегі қаракөздердің қатарын қалыңдатуға күш жұмылдырумен қатар, қазағымыздың ұмыт бола бастаған кейбір ұлттық құндылықтарын қайтадан жаңғыртуға көңіл бөліп жүр. Жақында жүрегі қазақ деп соққан азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазақстан – өзге мемлекеттерде тұ­ра­тын отандастарын көшіріп алы­п жат­қан әлемдегі санаулы елдердің бірі. Бү­гінгі күнге дейін тарихи Отанына бір ­миллионның үстінде қазақ қоныс аудар­ды деген дерек бар. Өзіңіз өзге мемле­кеттен көшіп келген қазақтардың бірі ретінде бұл көштің мән-маңызын ашып айтып берсеңіз.

– Атамекен – сыртта жүрген әр қазақтың ең басты арманы десем, қателеспеймін. Шы­нында да, еліміз 1992 жылдан бері ше­ка­ра­дан сырт өмір сүріп жатқан бауырла­ры­мызды жаппай көшіруге көп күш жұмсап келеді. Осындай игі істің нәтижесінде өткен отыз жылға жуық уақыт қаншама қазақ ту­ған елімен қайта қауышты. Менің Кенжалы Сүйіндіков деген арғы атам 1930 жылдар­дағы аштық кезінде Ресейдің Түмен өңірін паналауға мәжбүр болған. Түрлі қиындық­тарды бастан кешірген, бір үзім нанға зәру оның өзге елге барған кездері болыпты. Бірақ атам еңбексүйгіштігінің арқасында екі қолға бір күрек тауып, тұрмысын түзеп алған. Омбы мемлекеттік университетінде білім алып жүрген кезде өзімнің шыққан тегім туралы ойлай бастадым, Қазақстан­нан келген студенттермен жақынырақ араласуға талпындым. Кейін туған жеріме оралу жөнінде арман пайда болды. 2006 жылы көшуге шешім қабылдар сәт жеткен­де Қызылжарды таңдадым. Анам сол жақта қалды. Өмірінің біраз жылын ұстаздыққа арнаған ол Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі деген дәрежемен зейнеткерлікке шықты. Қа­зақстанға аттанарда маған батасын бе­ріп: “Балам, сен әлі жассың, туған жерде бар­лық арман-мақсаттарыңды іске асыру­ға, өз ұлтыңмен бірге болуға мүмкіндік зор. Немерелерім де өзге елдің суын ішкенше, өз жерінде ұрпақ өрбітсін”, – деп шығарып салған еді. Сөйтіп, көптен аңсаған атақо­нысқа келіп, үйірімізге қосылып, үзілгенді жалғап жатқан жайымыз бар. 15 жылға жуық уақыт бойы Қызылжар өңірінің аза­мат­тарымен дәм-тұзымыз жарасып, бақыт­ты ғұмыр кешудеміз. Көгіміздегі аспаны­мызға, басқан топырағымызға, ішер суы­мыз бен татар дәмімізге ешкімнің таласы жоқ. Қанымызға сіңген еркіндікті ерекше се­зініп, бұл жер өзіміздікі екенін жан-тә­ні­міз­бен түйсіндік. Жергілікті қазақтар да өзге елден келдің деп шеттеткен жоқ. Мемлекет тарапынан да біраз жеңілдіктер жасалды. Азаматтық алу, құжаттарды реттеу мәселе­лерін шешуге бір жылдай уақыт кеткенімен, туған топыраққа оралу қуанышы барлық қиындықтарды ұмыттырып жіберді.

– Мамандығыңыз тарихшы-этнограф екенін, көші-қон мәселесін зерттеп жүр­геніңізді естідім. Қазақ тарихында бұған дейін болған көштер туралы не айта­сыз?

– Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, соңғы төрт ғасырға жуық уақытта өз ата жұр­тынан бірнеше рет көшуге мәжбүр болға­нын көреміз. Оның алғашқысы, тарихта “Ақ­табан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп аталатын оқиғадан бастау алады. Екіншісі, бір бүйірімізден – орыс, екінші бүйірімізден қоқандықтар қысқан кездегі жағдайлар. Осы бір қысылтаяң сәттен кейін ата-баба­мыз өз жеріне қайта оралғанымен, кең-бай­тақ өлкені түгелдей мекендеу құқығы­нан айырылды. Тянь-Шаньның маңын па­на­лады. Қытайлар басында қарсылық біл­діргенімен, кейін қазақтарға қыстау, жай­лауға жер бөліп берді. Бірақ ештеңеден кү­дігі жоқ қарапайым халық басында Қытай­дың бұл саясатының терең сырын түсіне қойған жоқ. Жылытау мен Пекинде өкілде­рін қабылдап, сый-сияпат көрсетіп, “көшіп келген жерінен кері жөнелтпегеніне риза болып отыра берді. Ал, негізінде, қытайдың жымысқы саясаты осыдан кейін басталды. 1864 жылы ойда-жоқта Ресей мен Қытай ара­сында “Батыс солтүстік шекараны тек­се­ріп отыру шарттарының белгілері” деп аталатын шартқа қол қойылды. Онда: “Бұ­дан былай шаруалар қоныстанған жерлер екі елдің қайсысына белгіленген болса, бұл аумақ сол мемлекеттің қарамағына өтеді” деп шорт кесті. Жобаны жасау кезінде ешкімнің жергілікті халықтан пікір сұрама­ғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені, бұл істің бәрі жасырын түрде жүргізілді. Сөйтіп, қа­зақ жері саудаға түсті.

Аштық, соғыс жылдарында да қазақтар Ресейге, Қытайға одан әрі орналасқан ел­дерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Сал­дарынан бірте-бірте санымыз кеміп, әлем­ге тарыдай шашырап кеттік. Бүгінде бір Ре­сей елінің өзінде бір миллионға жуық қазақ тұрады. Іргедегі Қорғанда – 12, Түменде – 30 және Омбы облысында 100 мың қан­да­сымыз өмір сүруде. Бұдан басқа түрл­і өмір­лік жағдайларға байланысты өз еркімен қоныс аударған отбасылар қаншама?

– Арман Масұғұтұлы, дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы көші-қон мәсе­ле­сінде, жалпы әлемдегі қазақтармен байланыс орнатуда біршама істер тын­дырып жатқанын білеміз. Бірақ бәрін бірден көшіріп алып жатқан жоқпыз. Сондықтан шетте қалған қандастары­мыз өз ана тілінен, ұлттық құндылықта­ры­нан ажырап қалмауы үшін нендей шаралар атқарылуда?

– Өкінішке қарай, шетелде тұратын жас­тардың біразы қазақ тілін мүлде ұмыт­ты деуге болады. Солардың бірі – мен едім. Қазақстанға көшіп келгенге дейін қазақша мүлдем сөйлеген емеспін. Құдайға шүкір, қазір тілім қайта сынды. Жат жұртта жүрген бауырларды тілді білмейді екенсің деп кінә­лау да артық. Өйткені, көп елдер өздерінің мемлекеттік тілдеріне басымдық береді. Қауымдастық осы жайтты ескеріп, қазақ сыныптарын ашуға, ана тіліміздегі әде­биет­терді таратуға, үйірмелер ашуға көңіл бөліп отыр. Бұдан басқа ұлттық мереке­лерде шетелдік қазақтардың басын қосуға тырысып, түрлі шаралар өткіземіз.

Сыртта жүргендер ғана емес, өңірімізге қоныс аударғандарға да қолдау көрсетеміз. Қандастарымызға құжат ресімдеу, азамат­тық алу және бизнес ашу ісінде көмек бе­руге талпынамыз. Туған жерге келіп, аяғы­нан нық тұрып кеткен кәсіпкерлер де бар. Өзбекстаннан көшіп келген Жаңабай Пірманов деген азаматты көпке үлгі қылып айтуға болады. Бүгінде ол мал шаруашы­лы­ғымен айналысуда. Өз ісін ашып, ел эко­номикасына пайдасын тигізіп жатқан осын­дай азаматтардың қатары қалың. Тұрғын­жан Шәлен, Алмагүл Абдолхан, Сәлкен Сұл­танов есімді қандастарымыз елді көр­кейтуге атсалысуда. Олар қайырымды­лық шараларында да үнемі белсенділік таныта­ды. Карантин кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік филиалы жо­март жандардың басын қосып, қиын жағ­дайға тап болған отбасыларға мате­риал­дық және қаржылай көмек көрсетті. Алыс­тан келген ағайындардың отбасыларына бетперделерді тегін таратып, жұмысқа ор­наластыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге тырыстық. Бұл істе шетелден көшіп келген бизнесмендер де белсенділік танытты.

– Сіз сыртта өскеніңізді айттыңыз. Шетелдегі қазақ пен еліміздегі қазақтың мәдениетіндегі, тұрмыс-салтындағы айырмашылық қандай?

– Айырмашылық жер мен көктей. 70 жыл бойы империяға тәуелді болғандықтан, қа­зақ халқының бір буыны еркіндікті толық сезінбей жетілді. Бұрынғы тарихи оқиға­лар­дың өзін айтпаған күнде кеңес өкіметі қарапайым мылтық өндіруді бірнеше өңірге бөліп тастады. Ұңғысын бір шетте, қарауы­лын бір шетте, құндағын бір шетте, оғын бір шетте жасатты. Біріне-бірін тәуелді қылып қойды. Ал шетелдегі қандастарымыздың көбі еркін өсті. Тарихқа да, әдебиетке де, әнге де жүйрік. “Елге ел қосылса – құт” дей­ді ғой қазақ даналығы. Шеттен келген ба­уыр­ларымызбен бірге елге рухани құнды­лық­тарымыз да оралып, ұлттық мәдениеті­міздің дамуында жаңа серпін пайда болға­нын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Шұрайлы тіліміз бен бай әдеби мұрамыз, діни сенім-нанымымыз, салт-дәстүрлеріміз, ұлттық қолөнер туындыларымыздың қатарына соң­ғы отыз жылдың ауқымында жаңа­ қазы­на болып қосылып, одан әрі байыта түс­кендей.

– Шетте жүрген, әлі елге келе қой­маған қазақтарға не айтасыз?

– Біреуге төреші болу оңай. Ал өзіңе-өзің сыншы болу одан да маңызды. Ең басты­сы, қайда жүрсек те, әсіресе, жас ұрпақ қа­зақтың тарихи Отаны біреу-ақ, ол – Қазақ­стан екенін ұмытпауға тиіспіз. Өзге жерде жүрген замандастарыма тамырыңды тари­хи Отаныңда жаюға тиіссің деп үнемі айтып жүремін. Олар туған елімен байланысын нығайтып, ата-салтын сақтап, ана тілін ұмытпай өсуі қажет деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Дереккөз: http://www.soltustikkaz.kz/index.php/leumet/11934-atamekenge-oralu-shettegi-r-aza-ty-armany

АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛУ – ШЕТТЕГІ ӘР ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ