«Отандастар қоры» Назарбаев Университетінің өкілімен онлайн кездесу өткізді

27 Мамыр, 2020

Бүгін «Отандастар қоры» мен еліміз бен әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Назарбаев Университетімен кездесу өткізді.

Онлайн форматта өткен жиынға «Отандастар қорының» Білім бағытының жауапты қызметкері Нұрымжан Қасымұлы және Назарбаев Университетi Кабылдау департаментiнiн аға менеджерi Лаура Палуанова қатысты.

Кездесу барысында Назарбаев Университеті ұсынатын дүние жүзіндегі азаматтығы жоқ немесе шетелдік азаматтығы бар этникалық қазақтарға меритократия негізінде берілетін Абай Құнанбаев атындағы гранты туралы сөз қозғалды.

Лаура Палуанованың айтуынша, бұл грант оқу ақысын, негізгі медициналық сақтандыруды және айлық шәкіртақыны қамтиды. Яғни шетелдегі этникалық қазақтар Назарбаев Университетінің инженерия, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, тау-кен ісі, медицина, білім беру, мемлекеттік басқару және бизнес салаларындағы бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына өтінім бере алады.    

Грантқа қол жеткізу үшін: біріншіден, www.admissions.nu.edu.kz сайтында онлайн тіркеліп жеке кабинет ашу керек, екіншіден сауалнама нысанын толтырып, қажетті құжаттарды жүктеу, үшіншіден іріктеу процесіне қатысып, Қабылдау комиссиясының оң шешімін алу қажет.

«Отандастар қоры» өз тарапынан шетелдегі қандастар үшін бұл ақпаратты барынша таратып, сапалы білімге қол жеткізу үшін жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Осы орайда 30 мамырға Лаура Палуановамен әлеуметтік желіде тікелей эфир жоспарланды. Ол жерде қандастарымыз Абай Құнанбаев атындағы грантқа қатысты барлық ақпаратты толық ала алады және өзіне қажетті сұрақтарды қоя алады.

«Отандастар қоры» Назарбаев Университетінің өкілімен онлайн кездесу өткізді