Қазіргі уақытта әлемде және елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілді. Осы орайда көп жұмыс түрлері онлайн форматқа көшіп, қызметтер қашықтан көрсетіліп жатыр. Осындай жағдайды ескере отырып, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы жұмыс істеуді жалғастыруда.
Сәуір айының 1-17 аралығында 1404 тегін нөмірлі Байланыс орталығына 217 қандасымыз қоңырау шалып, кеңес алған. Сұрақтардың басым көпшілігі 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек бойынша (76%) хабарласқан. Сондай-ақ қандастарды ықтиярхат пен ҚР азаматтығын алу мәселесі, жұмыспен қамту, білім гранттары, уақытша тіркеу және тағы басқа мәселелер толғандырады.
Осыған қоса аймақтарда жұмыс істеп жатқан 9 фронт-офиске көмек сұрап жүгінген қандастарымыз да аз емес. Айта кетейік, 13-17 сәуір аралығында фронт-офиске 170 қандасымыздан өтініш келіп түсті. Төтенше жағдайға байланысты олардың көбі әлеуметтік көмек (32%), қайырымдылық іс-шаралары (8%), ҚР азаматтығын рәсімдеу (8%), тұрақты тіркеу (8%) мен ықтиярхат (8%) бойынша сұрақтарын жолдауда.
Құрметті қандастар, еске сала кетейік, мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырған еді. Осы және басқа да сұрақтар бойынша ақпаратты 1404 тегін нөмірі арқылы білуге болады. Сондай-ақ біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға да сұрақтарыңызды жазуларыңызға болады.