«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қоры» М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде шетелден келіп білім алып жатқан қандас студенттермен онлайн кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға «Отандастар қоры» КеАҚ президент кеңесшісі Дидар Болат, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ «Foundation» факультетінің деканы Алмагүл Авдолханқызы, «Отандастар қоры» КеАҚ Білім бағыты бойынша жауапты қызметкерлері Нұрымжан Жұмағазиев пен Алжан Шарифов және М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың дайындық бөлімі мен бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын студенттер қатысты.
Жиын барысында Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова 2020 жылғы тестілеуге қатысты бекітілген өзгертулер мен жаңартулар туралы ресми ақпаратпен таныстырды.
Ал «Отандастар қоры» КеАҚ президент кеңесшісі Дидар Болат студенттердің төтенше жағдайдағы ұсыныстарымен танысып, Петропавл қаласындағы фронт-офистің жұмысын бағалады. Айта кетейік, Петропавл қаласындағы фронт-офис қандас студенттерге жан-жақты қолдау жасауда.
Сондай-ақ «Отандастар қорының» Білім бағыты бойынша жауапты қызметкері Нұрымжан Жұмағазиев төтенше жағдай кезінде өткізілетін онлайн іс-шаралармен таныстырып, студенттерді белсенді қатысуға шақырды.
Онлайн-жиын барасында «Отандастар қорының» Білім бағыты бойынша қызметкері Алжан Шарифов волонтер жылында өтетін іс-шаралар мен еріктілерге жасалынатын артықшылықтармен таныстырып, пікірсайыс клубы туралы толыққанды ақпарат берді.
Айта кетейік, әлемде және елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты «Отандастар қоры» қандас студенттермен әрдайым байланыста және барынша қолдау көрсетіп, аймақтардағы фронт-офистер арқылы көмектесуді жалғастырады.