2020 жылғы 12 наурыз, сағат 16.00
Қоғамдық Комиссияның төрағасы - Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы
Қатысқандар:
ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің қызметкері Б. Керімбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қ. Лама-Шариф, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ш. Каринова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғ. Мелдешов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қазақ диаспорасымен жұмыс жасау басқармасының сарапшысы – Б. Тоққұлов, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары - А. Алпамышов, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ш.Жакупова, «Отандастар қоры» КЕАҚ (бұдан әрі – Қоғам) және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның (бұдан әрі – Қауымдастық) қызметкерлері, Қоғамдық Комиссиясының мүшелері (тізім бойынша).
КҮН ТӘРТІБІ:
____________________________________________________________________________________
Күн тәртібіне сәйкес «Отандастар қоры» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі Д.Болат, өз баяндамасында ҚР Сыртқы істер министрлігінің пайымдауынша шетел қазақтары шоғырланып тұратын елдерге ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жіберілетін кітаптардың сұранысқа сай келмейтіндігі жайлы жеткізгендігін және оған себеп баспалар арасында ұйымдастырылатын конкурстағы талаптар шетел қазақтарына жалпы шетел азаматтарына бағытталмағандығын атап өтті. ҚР СІМ мен Президент Әкімшілігінен Премьер Министрдің кеңсесіне хат жолданып ҚР БҒМ арқылы шетелге жіберілетін кітаптар тоқтатылып тұр. Алайда шетелдегі қандастарымызға кітаптар қажет. Сол себепті, шет елден келген ғалым қандастар қатарынан, шетелдегі қазақтарға арнап кітап жасаған ұйымдармен және Тіл комитетімен бірлесіп, ҚР БҒМ жанынан бір жұмыс тобын құру ұсынылады.
Нәтижесінде, диаспорамен тығыз байланыс жасап отырған мекеме ретінде осы жұмыс тобының операторы ретінде «Отандастар қоры» Қоғамын бекіту және жаңадан жарыққа шығатын қазақ тілін үйрететін оқулықтарды, оған қоса қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы туралы кітаптарды тек электронды нұсқада жасап Порталға енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Ш. Каринова, ҚР БҒМ нақты оқулық шығарумен айналыспайды, тек оқулықтардың сараптамасымен айналысатындығын айта отырып, жұмыс тобын құру мәселесімен де келісетіндігін жеткізді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің қызметкері Б. Керімбеков, ҚР БҒМ тарапынан шығарылған оқулықтар шетелден өтіп, ол жақта қолданылмайтындығына неге мониторинг жасалмайды деп сұрақ қойды? Шетелдегі қандастарымыздың мәселесін ұтымды шешу үшін тапсырма берілген болатын, алайды осы күнге дейін бұған жауапты ҚР АҚДМ, СІМ, БҒМ тарапынан бірде бір ұсыныс түскен жоқ. Сондықтан, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Премьер-министрдің орынбасары төрағылығымен өтетін ҚР Үкіметінің жанындағы шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссиясына шығаруды ұсынды.
Электронды оқулық жайлы ұсыныс дұрыс, алайда баспадан шығатын оқулықтар да керек, ҚР БҒМ-де қаражаты бар, базасы бар, кітаптарға сараптама жасап, шетелдерге қатысы жоқ тұстарын алып тастап, сол кітаптар баратын елге бейімделген нұсқасын дайындау керек деп атап өтті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Ақмола облысының Нұрлы көш (Красный Яр) және Шығыс Қазақстан облысының Шығыс ауылдарындағы шетелден көшіп келген қандастарымызға арналған үй-жайлардың бүгінгі күнгі жағдайы жөнінде Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Б. Жүсіпов және Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратаның Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ж. Асқарова баяндама жасады.
Комиссия мүшелері шетелден көшіп келген қандастарымызға арналған үйлердің бүгінгі күнгі жағдайы, сол үйлерде тұрып жатқан қандастарымыздың жан айқайын талқалай отыры, осындай жағдайға жеткізгендерді жауапқа тарту керектігін алға тартты.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «Отандастар қоры» Қоғамының басқарушы директоры Н. Жәлиев, шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына дайындалған ұсынымдар негізінде репатриацияны ынталандыру шаралары (үй-жаймен, жер телімдерімен, көтерме қаржымен қамту) жайлы баяндады.
Қазақстанға келген репатрианттар ағыны 2007-2011 жылдар аралығында жылына 61 776 адам құраған болса, соңғы 8 жылда (2012-2019 ж.ж.) репатрианттар легі жылына орта есеппен 10 077 адамға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде, этникалық қазақтардың қоныс аударудың экономикалық алғы-шарттары мен құқықтық жағдайының нашарлауын, ұйымдастырушылық шараларының әлсіздігін аңғартады.
ҚР Үкіметінен репатрианттарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың кешенді шараларын қамтыған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануын талап етіледі. Бұл шаралар этникалық миграцияның уәждемелік (мотивация) бөлігін арттыруды және қаржылық-экономикалық ынталандырылуын күшейтуді көздеу керек екендігі атап өтілді.
ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің, Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары А. Алпамышов, заң бойынша көшіп келетін азаматтарға жер 25 жылға жалға беріледі, әрі қарай Қазақстан азаматтығын алатын болса заңға сәйкес рәсімделеді, қазір еліміз бойынша 95,7 млн.га босалқы жерлер бар. Болашақта цифрландыру бағдарламасы аясында бос жерлер жайлы ақпаратты ресми сайттардан көру мүмкіндігі болады деді.
Комиссия отырысының күн тәртібінде белгіленген барлық мәселелер қаралып, комиссия келесі ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Шетелде тұратын қазақтардың оқулықтарға қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесі ҚР Үкіметінің жанындағы шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының күн тәртібінде талқылануға ұсынылсын.
2. Шет елдерде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институтын» құру, ҚР Сыртқы істер министрлігі шет елдердегі Елшіліктері жанында «Абай» орталықтарын ашу, «Отандастар қоры» Қоғамының «Абай үйі» мәдени-іскерлік үйін құру жөніндегі бастамалары бірін бірі қайталайды. Осы ретте, мәселені бір жүйеге келтіру, бір іздендіру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен алдын ала кеңес өткізіліп, мәселені ҚР Үкіметінің жанындағы шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның күн тәртібіне шығару туралы ұсыныс жасалсын.
3. Шетелдегі қандастардың тарихи және этникалық Отанына ерікті қоныс аударудың ынталандыру бағдарламасын әзірлеу жөнінде ұсыныстар пысықталып, ҚР Үкіметі жанынындағы Шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылсын.
4. Ақмола облысындағы Красный Яр ауылындағы шетелден көшіп келген қандастарымызға арналған үйлерді және тиесілі жерлерді заңдастыру мәселесі шешімін тапқанға дейін Комиссияның бақылауында қалдырылсын.
5. Шетелдегі қандастардың тарихи және этникалық Отанына ерікті қоныс аударудың ынталандыру аясында (7 облыс бойынша) жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының баяндамасы Қоғамдық комиссияның келесі отырысына шығарылсын.