Қандасымыз Райан Карр АҚШ чемпионы атанды

21 Наурыз, 2020

Жігерлі қандасымыз паралимпиадашылар арасында жүзуден ұлттық чемпионатта жеңіске жетіпті. Құлшынысының арқасында 100 метрге еркін стильде жүзуден қарсыластарынан басым түскен. Аяғы мен бір қолы жоқ спортшы қыздың арманы финалға шығып, жеңіс тұғырынан көріну болыпты.

«Мен бәсеке алдында өзімді жинақы ұстадым, жүрегімде жеңіске деген талпыныс болды. Мен мұны жасадым... Адамдар менің сыртқы келбетіме қарап, қолынан көп нәрселер келмейді деп ойлауы мүмкін. Бірақ, олар аяқ-қолымыз жоқ болғанымен қиындыққа мойымас жүрегіміздің, алысты болжайтын ақылымыздың, жеңіске талпынған жүрегіміздің бар екенін ескермей жатады», - дейді Райан.

Карр жаттықтырушылар көмегімен кіші сіңілісіне үлгі болып, суда жүзуге үйретіп, оның бастамаларын барынша қолдайды.

«Ол жеңіске құштар спортшылардың бірі. Мінезі өте жақсы. Көңіл-күйінің тамаша болуы жаттығуда мол мүмкіндік береді, - дейді жүзуден жаттықтырушы Стэн Макдональд.
17 жасар спортшы АҚШ құрамасына кіріп, 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына қатысуды мақсат етеді.


Райан Қазақстанда туылған. Оны 2 жасында АҚШ азаматы асырап алыпты.

Қандасымыз Райан Карр АҚШ чемпионы атанды