«OQ Startup» байқауының жеңімпаздары анықталды

05 Қараша 2026

«Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастырған «OQ Startup» үздік жоба байқауының қорытындысы шықты. Қазылар алқасы үш жүлдегер мен ынталандыру сыйлығының он иегерін анықтады. 

Бас жүлдені Моңғолиядан келген Бахыт Рысбектің қазақ ым-ишара тілін дыбыстайтын ÜNDES.kz платформасы иеленді.

Байқауға Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Иран, Германия, АҚШ және Швейцариядан 70-ке жуық қатысушы өз жобасын ұсынды. Олардың қатарында шетелдегі белсенді қандас жастар, сондай-ақ еліміздің 10-нан астам университетінде түрлі мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер мен дайындық бөлімінің тыңдаушылары бар.

Жобалар ұлттық мұра мен тіл, қандастарды қолдау, білім беру, бизнес пен цифрлық сервис, экология, инклюзия және денсаулық салаларын қамтыды. Бірқатар жоба жасанды интеллект технологияларына негізделген.

Қазылар алқасы жобаларды жаңашылдығы, қоғамға қосар үлесі және іске асыру мүмкіндігі бойынша бағалады. Алқа құрамында Назарбаев университеті, «Technowomen» КЕҰ, «YerAI Education» компаниясының өкілдері болды. 

Байқау жеңімпаздары
I орын — ÜNDES.kz, қазақ ым-ишара тілін дыбыстайтын платформа. Авторы — Бахыт Рысбек.
II орын — ThermaWise AI, дата-орталықтарда су мен энергияны үнемдейтін жасанды интеллект жүйесі. Авторы — Мухамедали Серикжан.
III орын — Hurim App, қазақтың тойын жоспарлауға арналған қосымша. Авторы — Айша Бейбітхан.

Ынталандыру сыйлығының иегерлері
— Borrow Box — Чамани Пардис Раджаб (Иран);
— EcoQadam — Ажихан Турсынбаев (Өзбекстан);
— «Көпір» — Ербол Елқұт (ҚХР), Тойлат Азамат (Моңғолия), Сүлеймен Көгершін (Моңғолия);
— Altai Brothers — Бердіқажы Есентай (Моңғолия);
— PARAQ & JOY — Ботакөз Махсул (Моңғолия);
— Qorgau Kids — Ахбота Байлау (Моңғолия);
— Volu Hub — Нурмухаммед Худайберген (Моңғолия);
— «ІСКЕ» — Еркежан Тилеухан (Моңғолия);
— «SENIM» Healthy Box — Ақмарал Рахметхан (Моңғолия).

«OQ Startup» байқауы шетелдегі қандас жастар мен отандық студенттердің бастамаларын қолдап, олардың жобаларын Қазақстанның даму басымдықтарымен ұштастыруға бағытталған.

«Oтандастар қоры» жеңімпаздарды құттықтайды!

«OQ Startup» байқауының жеңімпаздары анықталды