2026 жылғы 30 қазан, Астана қаласы. «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастырған «Отандастар медиа сыйлығы» байқауы қазылар алқасының отырысы өтті. Отырыста шетелдегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің жұмыстары бағаланып, жеңімпаздар анықталды.
Ұлт ұстазы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына арналған байқауға 20-ға жуық өтінім түсті. Өтінімдер 13–29 қазан аралығында онлайн форматта қабылданды. Байқауға Қазақстан азаматы емес, шетелдегі БАҚ-та ресми жұмыс істейтін қазақ журналистері мен шетелде тіркелген қазақтілді басылымдар қатысты.
Қазылар алқасын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Құрмет басқарды. Алқа құрамына:
– «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің жауапты хатшысы Орынбек Пазылов;
– «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі, turkystan.kz порталының бас редакторы Әлия Тілеужанқызы;
– «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Қалиақбар Үсемханұлы;
– «Медиа дамыту қоры» КҚ Медиа жобалар бөлімінің басшысы Эльмира Байкулова кірді.
Қазылар үміткерлердің тәжірибесін, шығармашылық шеберлігін, жұмысының тұрақтылығын және аудиторияға ықпалын ескеріп бағалады.
Отырыс қорытындысы бойынша «Үздік БАҚ», «Үздік журналист» және «Үздік жас журналист» номинацияларының жеңімпаздары анықталды.
Жеңімпаздар диплом және iPad планшетімен марапатталады. Байқауға қатысқандардың барлығына алғыс хат табысталады.
Байқау шетелдегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің еңбегін бағалау, ана тіліндегі ақпарат кеңістігін нығайту және Қазақстан мен диаспора арасындағы байланысты күшейту мақсатында өткізілді.
.jpeg)
.jpeg)