Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қытайда тұратын қандасымыз Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алды.
75 келі салмақта Қытай Ұлттық құрамасының сапынан Олимпиада жолдамасына таласқан Тоқтарбек Таңатханұлы Токио Олимпиадасының жолдамасын еншіледі. Бұл туралы бүгін Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде белгілі болды.
Қандасымыз Қытайдың Шыңжаң өңірінде 1996 жылы дүниеге келген. Ол бүгінгі таңда 75 келі салмақта Қытайдың ең мықты боксшыларының бірі. Естеріңізге сала кетейік, 75 келі салмақта осыған дейін қазақстандық боксшы Әбілхан Аманқұл да Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған болатын. Осылайша, қос қазақ азаматы Токио Олимпиадасында сынға түседі.
Айта кетейік, енді санаулы минуттардан кейін аса ауыр салмақта шаршы алаңға Қамшыбек Қоңқабаев шығады.