Кәрібай Мұсырман: Көшіп келетін қандастардың мүлкі кеден салығынан босатылады

05 Наурыз, 2020

Túrkistan халықаралық газеті қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында шеттен келген ағайынға қатысты әрбір мәселеге жіті назар аударып отыр. Дәл қазіргі уақытта «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқыланып жатыр. Жұмыс тобының жетекшісі – Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман. Біз қандастардың тағдырына қатысты заң жобасында қандай өзекті мәселелер барын білмек мақсатта Кәрібай Иманжанұлын редакцияға шақырып, сұхбаттасқан едік. Көптен бері қандастарға қатысты тақырыпты қоғам талқысына салып келе жатқан депутатпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Сіз қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі екеніңізді білеміз. Сондықтан сізбен болған сұхбат көптеген түйткілді сұрақтарға жауап болады деген үміттеміз. Шетелден көшіп келетін біраз ағайындарымыз мұнда келіп өздерінің қазақ екендігін дәлелдей алмай әуре болады. Себебі кейбір елдердің төл-құжатында азаматтардың ұлты көрсетілмейді. Біздің газет бұл жайында «Түркиядан көшіп келген қандастар қазақ екенін неге дәлелдей алмай жүр?» деген мақала да жариялаған. Дәл осы мәселе талқыланып жатқан заң жобасында қарастырылған ба?

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы өткен жылдың маусым айында Парламент Мәжілісіне келіп түсті. Күзден бастап талқылап жатырмыз. Қазірге дейін жұмыс тобының 20-дан астам отырысы өтті. Заңда тек қана қандастардың мәселесі емес сыртқы, ішкі көші-қонды реттеуге байланысты жағдайлар қарастырылады. Соның ішінде қандастарға қатысты мәселелер де бар. Сіз айтып отырған ұлтын анықтау туралы заң жобасында көрсетілмеген. Бірақ қоғамдық пікірді ескеріп, қандастарымыздың өтініштерін қабылдап, заң жобасына түзету енгізіп жатқан жайымыз бар. Алдағы жұмыс тобында да осы мәселе талқыланатын болады. Ал негізінен Үкімет берген нұсқада қандастарымыздың ұлтын анықтау тетігі айқындалмаған. Мұның мынадай бір нұсқасы бар. Біздің заңгерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ақылдасып, сол жақтың қандай да бір құзырлы мекемесінен анықтама алып келуге болады немесе сот арқылы шешуге болады. Ол үшін Жоғарғы сотпен келісу керек. Бұл да алдағы жұмыс тобында талқыланатын болады.

– Шетелден көшіп келген қазақтарды «оралман» деп атайды. Бұл – алғашқы қабылданған заңда көрсетілген шеттен келген ағайындарға берілген статусқа байланысты атау. Соңғы кездері қазақ рухани ортасында осы «оралман» деген атауға қарсы пікір өте көп. Бір қазақты екіге бөліп тұрған ұғым деп түсінетіндер де бар. Шетелден келген қазақтарды «қандастар» деп атайық деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Осы жолғы заң жобасында бұл атауға байланысты не айтылған?

– «Оралман» деген сөз – бұдан 20 жылдай бұрын пайда болған атау. Осы жөнінде 2009 жылдары үлкен пікірсайыс болған екен. Оған марқұм Ақселеу Сейдімбеков ағаларымыз сияқты зиялы қауым да үн қосыпты. Бірақ ол жылдары сол оралман атауын өзгертпейміз деген шешімге келіпті. Ал соңғы жылдары бұл тақырып қайта көтеріле бастады. Сондықтан бұл мәселе Елбасының да, Президенттің де құлағына жетті. Нұрсұлтан Назарбаев та «оралман» деген атауды ұнатпайтынын айтқан. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланғаннан кейін ұлттық басылымдардың тілшілеріне сұхбат беру барысында оралман деген атаудың ұнамайтынын тілге тиек еткен. Сонымен қатар өзінің сайлауалды бағдарламасында да көрсетілген. Ал бізге келіп түскен заңда ештеңе көрсетілмеген. Сондықтан біздің жұмыс мүшелері Nur Otan фракциясының депутаттары түзету енгізіп, Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, «қандас» деп алуды ұйғардық. Бұл «қандастар» деген сөз біреуге ұнаса, біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ әлеуметтік желідегі тағы басқа қоғамдық ортадағы көпшіліктің пікірі қандастар атауын құп көріп отыр. Бауырластар дегенді де, ағайын дегенді де ұсынды. Бірақ басым көпшілік осы қандастар атауын құптап отыр. Сондықтан бұл атау бекітілді. Бізден кейін Сенатқа барады, әрі қарай Президент қолын қоюға жіберіледі.

– Шетелден көшіп келген қазақтар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы үшін құжат тапсырған өңірінде тұрақты тіркеуде болуы қажет. Бірақ шетелден жаңа келген адамның баспанасы болмағандықтан тіркеуге тұратын мекенжайы болмайды. Бұл жөнінде сіз де бірнеше рет мәселе көтердіңіз...

– Қандастарымыздың азаматтық алуы заң бойынша реттелген. Бірақ онда тұрақты тіркеу жайлы көрсетілмеген. Ол заңнамада жоқ болғанымен, заңға тәуелді құқықтық актілерде бар. Атап айтқанда, азаматтық алу үшін құжаттарды реттеу жайлы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2015 жылғы 396-бұйрығы және 2016 жылғы 85-бұйрығы бар. Сонда көрсетілген. Бұл мәселе жұмыс тобында талқыланды. Сондықтан біз жұмыс тобының мүшелері Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына арнайы хат жаздық. Бұл негізінен министрдің бұйрығымен шешілетін мәселе. Қазір бұл жайлы Үкіметте қаралып жатыр. Шешімі қалай болатыны жайлы қазір айта алмаймын. Негізінен бұл мәселені ретке келтіру керек. Себебі шеттен келген қандастардың құжат алуына үлкен қиындық туғызып отыр. Қандастар тіркеуге тұруы үшін риэлторларға, таныстарына жалынышты болады. Кейбіріне ақысын төлеп, тұрақты тіркеуге тұрады. Бірақ ол адам ол жерде тұрмағандықтан оған көші-қон полициясының адамдары келіп, «сіз тіркелген жеріңізде тұрмадыңыз» деп айыппұл салып жатқан жағдайлар да бар. Бұл – екінші жағынан қарасақ сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын ахуал. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселені қалайда шешуіміз қажет.

– Басқа мемлекеттен көшіп келген қандастар Қазақстанға келіп зейнетке шыққанда, басқа мемлекетте жасаған еңбегі ескерусіз қалады. Сондықтан ол кісілер толыққанды зейнетақы ала алмайды. Бұл жайында қазіргі талқыланып жатқан заңда не айтылған?

– Бұл да елеулі мәселе. Бірақ бізге көшіп келетін ағайындардың көбісі ТМД елдерінен келеді. Мәселен Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түркіменстаннан дегендей. Аталған мемлекеттерден келетін азаматтар бұл мәселеде қиындық көріп отырған жоқ. Себебі кезінде бұл елдермен мемлекетаралық келісімдер жасалған. Ал ТМД құрамына кірмейтін Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия сияқты елдерден келген азаматтар бұл жөнінен қиындыққа ұшырап отыр. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Біз сол үшін Парламент арқылы заңға түзету енгізгенбіз. Бірақ онда көшіп келген ағайындардың шетелдегі еңбек қызметі ескеріледі деп жазылған. 2014 жылға дейін Моңғолиядан келген ағайындар ТМД-дан келген азаматтармен бірдей зейнетке шығып келді. Себебі бұған дейін Қазақстан мен Моңғолия арасында келісімшарт бар болған. Бұл келісімшарт 2014 жылы аяқталды. Бұл жерде ескеретін бір мәселе заңда көрсетілген еңбек қызметі деген ұғым еңбек өтілі дегенге қарағанда тарлау. Еңбек өтіліне әскерде болған уақыты және де орта мектептен кейін еңбек істеп жүріп жоғары оқу орнына оқуға түскен болса, оқып жүрген кезі енеді. Жаңағы заңға енгізілген еңбек қызметі деген ұғымға шеттен келген ағайындардың әскерде болған кезі мен жоғары оқу орнында оқып жүрген кездері кірмейді. Бұл жөнінде Парламенттегі жұмыс тобында заңға түзету де болды, талқылау да болды. Бірақ тиісті мемлекеттік органдар қарсы болды. Себебі Қытай, Моңғолиямен немесе басқа да мемлекеттермен Қазақстан арасында халықаралық шарт болуы керек екен. Ол шарт екі жаққа да тиімді болуы керек. Мәселен, біздің азамат Моңғолияға, Қытайға немесе басқа елдерге көшіп барған жағдайда екі елдің де азаматтарының құқы тең болуы керек дегенді айтып отыр. Сонымен қатар шетелден келген қандастарға халықаралық шарттардың негізінде зейнетақы төлеу деген норма заң аясында бекітілген. Сондықтан қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты қызметкерлері Моңғолиямен, Қытаймен халықаралық шарт жасауға әзірлік жұмыстары жүріп жатыр деп уәде беріп отыр.

– Қазір де жыл сайын қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Ол кісілер шетелдегі мініп жүрген көлігін, тағы да басқа мүлкін мұнда алып келсе, жеңілдетілген тәртіппен заңдастыра ала ма? Бұл жайында сіздер талқылап жатқан заңда не жазылған?

– Шетелден көшіп келетін қандастардың мүлкін заңдастыру жайлы көші-қон туралы заңда қарастырылған. Олардың мүлкі кеден салығынан босатылған. Бірақ кеден салығынан басқа құжаттарын тапсырып, ақысын төлеп, осы жаққа қайта тіркеп алады. Ол мініп келген басқа елдің тіркеуіндегі көлігімен мына жақта жүре алмайды ғой. Сондықтан тіркеуге байланысты төлемақыларды төлеп, көлігін заңдастырып алады. Мен бұл жөнінде кеше ғана зерттеп білдім. Алдағы жұмыс тобында бұл жайында талқылау болады. Құзырлы орындардың да ұстанымын білетін боламыз.

– Сіз қандастар тақырыбын тұрақты қозғап жүрсіз. Парламент мінберінде болсын, БАҚ бетінде болсын оларға қатысты мәселенің барысын аңдап отырсыз. Осы уақытқа дейін 1 миллионнан астам қазақ көшіп келген. Тәуелсіздік алған 30 жыл үшін бұл жеткілікті меже деп ойлайсыз ба? Шетелде әлі де 5 миллиондай қазақ өмір сүріп жатыр ғой.

– 1991 жылы Елбасы дүниежүзі қазақтарына үндеу жасады. Сол үндеуге құлақ асқан ағайындарымыз жан-жақтан ағылып келді. Олар бір миллионнан астам болды. Кейінгі кезде көш саябырсыды. Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Қазір жылына шамамен 10 мыңдай ағайын көшіп келеді. Өткен жылы 2 мыңдайы мемлекеттік квотамен келді. Биыл да 1 300-дей адамға квота беріліп отыр. Біздің Қазақстанның 7 өңіріне квота бөлінген. Ол жақтарда жұмыс күші жетіспейтін, демографиялық ахуалы қолайсыз өңірлер. Бұл жаққа адамдарды орналастыру – біздің елдің ішкі саясаты. Ол жаққа келген ағайындарға мемлекеттік квота, жеңілдік көрсетіледі. Ал еліміздің басқа өңірлеріне көшіп келем деген қандастарға ешқандай шектеу жоқ. Ол ағайындардың өз таңдауы. Осы ұлы көштің жолына кедергі болатын түйінді мәселелер біз талқылап жатқан заң көлемінде қарастырылып отыр. Мәселен, бұған дейін оралман куәлігін алу үшін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін екі мәрте құжат тапсыратын. Осы заңның аясында енді бұл екеуіне құжатты бір рет қана тапсыратын болады. Сонымен қатар алыстағы ағайындар үшін тағы да бір жанашырлық – бұған дейінгі заңнамада әкімшілік жазаға тартылған ағайындар, мәселен салық төлемеген, еңбек заңын, көші-қон заңнамасын бұзған қандастар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуы қиын болатын. Енді алдағы уақытта ондай әкімшілік жазаға тартылған қандастар да жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын ала алады. Сонымен қатар Қытайдан келетін қазақтар 180 күннің ішінде Қазақстаннан шығып, қайта кірген жағдайда құжаттарды басынан бастап қайта реттеу керек болатын. Қазір ол норма да өзгеріп бұрынғы тапсырған құжаттары заңдық күшінде қала беретін болды.

Дереккөз: https://turkystan.kz/article/98416-k-ribaj-m-syrman-k-ship-keletin-andastardy-m-lki-keden-saly-ynan-bosatylady

Кәрібай Мұсырман: Көшіп келетін қандастардың мүлкі кеден салығынан босатылады