«Отандастар қорының» өкілдері игі іске үлес қосып, RUN FOR AUTISM қайырымдылық марафонына қатысты. Бұл - жай ғана жүгіру емес, қоғамдағы стереотиптерді бұзып, аутизм және РАС (аутистік спектрдегі бұзылулар) мәселесіне көпшіліктің назарын аудартатын маңызды алаң.
Марафонды ұйымдастырушы «Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бері «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, Қазақстанда әрбір 124-ші балада аутизм кездеседі. Осындай балалардың кәдімгі мектептер мен балабақшаларда сапалы білім алуы үшін арнайы инклюзияны қолдау кабинеттері қажет. Бүгінде қордың күшімен еліміздің 26 қаласында 80 кабинет ашылып, 1000-нан астам ерекше бала мектепке бару мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, заңнамаға инклюзивті білім беру бойынша 120-дан астам түзетулер мен ұсыныстар енгізілді.
Бұл марафоннан жиналған қаражат жаңа инклюзия кабинеттерін ашуға жұмсалады. Біз әрбір баланың білім алуға, әлеуметтенуге және қоғамның толыққанды мүшесі болуға құқылы екенін қолдаймыз. Әрбір басылған қадам - ерекше балалардың жарқын болашағына қосқан ортақ үлесіміз!
#RunForAutism #БолашақҚоры #ОтандастарҚоры #Инклюзия #Қайырымдылық #БізБіргеміз