Астанада өткен Шетелдегі қазақ ғалымдары форумында жаһандық ғылыми жетістіктер таныстырылды

21 Қараша 2025

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен “Отандастар қоры” КеАҚ алғашқы Қандас ғалымдар форумын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты — шетелдегі ғалымдарды елдің ғылыми және инновациялық дамуына тарту, сондай-ақ Қазақстанның зияткерлік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету. Форум әлемнің түрлі елдерінен келген қырық ғалымды және жүзден астам қазақстандық зерттеуші мен сарапшыны біріктірді. Қатысушылар арасында ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Форумды ашқан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы және министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның шетелдегі қандастарды біріктіру, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанмен байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы Қандас ғалымдар форумы тәжірибе алмасуға, жаңа бастамалар ұсынуға және ел дамуына ортақ үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.

Іс-шара аясында пленарлық сессиялар және халықаралық "Ұлы Дала" кітап баспа конкурсының таныстырылымы өтті.

Өздерінің баяндамаларында қандас ғалымдар жасанды интеллект, ядролық энергетика, биотехнология, хирургия, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы әлемдік жаңалықтар мен жетістіктерді таныстырды. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанда озық технологиялар мен шешімдерді енгізуге бағытталған бірқатар практикалық бастамаларды ұсынды.

 

Дереккөз: DKNews

Астанада өткен Шетелдегі қазақ ғалымдары форумында жаһандық ғылыми жетістіктер таныстырылды