«Отандастар Қоры» КЕАҚ президенті Д.Қадыровтың «Отандас ғалымдар форумында» сөйлеген сөзі

21 Қараша 2025

 

ҚҰРМЕТТІ ХАНЫМДАР МЕН МЫРЗАЛАР,

ҚАДІРЛІ ОТАНДАС-ҒАЛЫМДАР!

Бүгін біз алыс-жақын шет елдерден жиналған, өз саласында биік белестерді бағындырған қандас ғалымдарды қасиетті атажұртта қарсы алып отырмыз. Бұл - ғылымның, білімнің және туыстықтың тоғысқан ерекше күні.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында:
«Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды...» - деп, стратегиялық бағытты бекіткен болатын.

«Отандас ғалымдар форумы» – сол стратегиялық бағыттың нақты қадамы. Біздің мақсат Қазақстанды инвестициялық тартымды ел ғана емес, шетелдегі қандас ғалымдар әлеуетін көрсету арқылы елімізді ғылыми тартымды мемлекет ретінде де ілгерілету.

Ұлы Абай айтқандай, «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым ...жақсы ұстаздан болады». Қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтарында табысты еңбек етіп жүрген талантты қазақ ғалымдары – Қазақстанның жаһандық ғылыми қауымдастықтағы айрықша орны мен әлеуетін айқындайтын ең үлкен құндылық. Еліміз білім экономикасына аяқ басып, дамудың жаңа сатысына бағыт алған кезеңде аталған білікті, саналы, сапалы адами ресурсты ел дамуына тарту ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі болмақ.

ҚАДІРЛІ ФОРУМ ДЕЛЕГАТТАРЫ!

«Отандастар қоры» 2018 жылдан бері ҚР Сыртқы істер министрлігіне бағынысты ұйым ретінде әлемнің 30-дан астам елдегі 200-ге жуық қазақ мәдени орталықтарымен жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан бірегей институт. Біздің жобаларымыз алуан түрлі. Ең негізгі қызмет бағыттарымыз келесідей:

- шетелдегі отандастар арасында талдамалық зерттеулер жүргізу;

- шетелдегі қандастарға ақпараттық-консультативтік қолдау көрсету;

- шетелдегі қазақ жастарына елімізде білім алу мүмкіндіктерін ұсыну;

- қазақ тілі мен домбыра үйрету курстарын өткізу;

- ұлттық өнер мен төл мәдениетті ілгерілету, кіші құрылтай, концерттер сынды мәдени-гуманитарлық жобаларды ұйымдастыру.

Біздің мақтаныш жобамыздың бірі – бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері. Шетелдегі 150-ден астам жас өскін Бурабайда демалып, қазақ тілін, тарихын, дәстүрін танып, отанымен байланысын тереңдетеді.

 Сонымен қатар, «Шетелде жетістікке жеткен отандастарымыздың Қазақстанның дамуына үлестерін қосу тетіктерін зерттеу»  тақырыбында екінші жыл қатарынан  талдамалық зерттеу жобасын жүзеге асырып жатқанымызды ерекеш атап өткім келеді. Бұл зерттеулер Германия, АҚШ, Канада, Дания, Норвегия, Швеция, Малайзия мен Сингапур елдерінде тұратын, бизнесін немесе жобасын Қазақстанда ашуға, өз тәжірибесімен бөлісуге ниетті отандастарымызды ел дамуына тартуға бағытталған. Зерттеу нәтижелері салалалық құзіретті органдарға ұсынымдар мен ұсыныстар ретінде жолданады. Аталған жұмыс бағыты Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 85-86 тармақтарында нақты белгіленген.

Бүгінгі форум тек жүздесу емес, жаңа идеялардың, ғылыми серпілістердің, үлкен ынтымақтастықтың бастауы. Осы ретте, Форум барысында айтылған тың тақырыптар мен озық ойларыңызды біріктіре отырып, Форум материалдарының жинағын шығаруды жоспарлап отырғанымызды да атап өткім келеді.

Құрметті әріптестер, Форум жұмысына табыс тілей отырып, жаңа ғылыми бастамаларға, халық игілігіне бағытталған ортақ жобаларға жол ашылсын! Туған ел әрдайым сіздерге қуана құшағын жайып, қош көретінін біле жүргейсіздер! Ортақ Отанымыз орнықты дамудың орталығы бола бергей!  

Назар қойып тыңдағаныңыз үшін көп рахмет!

«Отандастар Қоры» КЕАҚ президенті Д.Қадыровтың «Отандас ғалымдар форумында» сөйлеген сөзі