- Өзбекстан Республикасының Науаи облысы Зарафшан қаласындағы №4 қазақ тілінде білім беретін мектепте 2023-2024 оқу жылында жас ұрпаққа ата-бабамыздың асыл мұрасын аманат етіп, ұлттық өнерге сүйіспеншілікті дәріптеу мақсатында құрылған «Аманат» ұлттық ансамблі бүгінде өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастыруда.
-
- Ансамбльдің құрылу тарихы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бес маңызды бастамасы аясында дарынды оқушыларды қолдау және ұлттық өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Дарын мектеп ансамбльдері» жобасымен тығыз байланысты болып, өнерге құштар жастарға үлкен мүмкіндік берді.
-
- «Аманат» ансамблі – қазақтың ұлттық аспаптарын ұлықтап, домбыраның қоңыр үні мен қобыздың сырлы сазын жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Ансамбль құрамында өнерлі оқушылардан құралған орындаушылар ұлттық аспаптарда күй шертіп қана қоймай, халқымыздың дәстүрлі мәдениетін жаңа деңгейде насихаттап жүр. Мектепте құрылған «Аманат» ансамблінің жетекшісі - музыка пәнінің мұғалімі Тұрсынғали Құсайынов.
-
- Дарынды өнерпаз жастар ортасында ұйымдастырылған ауқымды байқау бірнеше кезеңдерден тұрды: қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өнер додасы өтті. Осы сындарлы кезеңдердің әрқайсысында «Аманат» ансамблі өнерімен дараланып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, облыстық кезеңде топ жарған өнерпаздарымыз 3-орынды иеленіп, ансамбльдің деңгейін дәлелдеді.
-
- Ұлттық өнердің келешегі – жастардың қолында. «Аманат» ансамблінің басты мақсаты – өнер арқылы ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақтың бай мәдениетін әлемге таныту. Әрбір орындаушының бойында өнерге деген махаббат пен ата-баба аманатына адалдық жатыр.
-
- «Аманат» ансамблі Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Жастар агенттігінің қолдауымен өткен жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған республикалық «Жастар әуені» байқауында бақсылық жанры бойынша өнер көрсетіп, жүлделі І орынға ие болды. Ансамбль Республикалық Жастар агенттігінің 50 000 000 сумдық ваучерімен марапатталып, бұл жетістік олардың кәсіби деңгейінің биіктігін дәлелдеді. Байқау барысында «Аманат» тобы көне түркі бақсысының дүниетанымын, музыкасын және емшілік элементтерін өнер арқылы жеткізген ерекше қойылым көрсетті. Бұл тың тәсіл қазылар алқасы мен көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, ұзақ қошеметке ие болды. Жас орындаушылар қазақтың төл музыкалық мұрасын жаңғырту арқылы бүгінгі ұрпақтың да терең рухани әлеуетке ие екенін дәлелдеді. Топ жетекшісі – музыка пәнінің мұғалімі Тұрсынғали Құсайынов:
«Біз тек өнер көрсеткен жоқпыз, біз халқымыздың терең тарихын, рухани мұрасын, көне әлеммен байланысты сезімді сахнада тірілттік. Балалар бұл өнерге тек қызығушылықпен емес, жүрекпен келді. Жеңіс – соның жемісі», – дейді ол.
-
- Бақсышылық жанрын шебер орындаған 9-сынып оқушысы Сабыров Бақытжан «Жастар күні»не байланысты «Өзбекстан жастары бірігейік» тақырыбында Ташкент қаласында өткізілген «Президент және жастар» кездесуінде болып қайтты.
-
- «Аманат» тобының жеңісі – бұл тек бір байқаудың қорытындысы емес. Бұл – жас ұрпақтың ұлттық тамырынан ажырамағанын, көненің киесін жаңа ғасырмен ұштастыра алатынын көрсететін айқын белгі.
-
- Автор: Гүлдана НАРЫНБЕТОВА,
- Өзбекстан Республикасы
