Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы А.Т. Орынбаев пен Өзбекстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Т.А. Худайбергеновтың шақыруымен Қазақстан Республикасының Елшісі Бейбіт Атамқұлов 30 шілдеде Өзбекстанда жыл сайын аталып өтетін Халықтар достығы күніне арналған іс-шараларға қатысты.
Салтанатты жиын Тақтакөпір ауданындағы «Каратерең» туристік кешені аумағында өтті. Мұнда мәдени бағдарламалар, көрмелер ұйымдастырылып, жергілікті жұртшылық өкілдерімен кездесулер өтті.
Сапар аясында мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.Елші аталған ауданның Белтау ауылындағы №15 қазақ жалпы білім беретін мектебінде болды. Мектепте педагогикалық ұжым және оқушылармен кездесіп, олармен қазақ тілін және
мәдени дәстүрлерді сақтау мәселелерін талқылады
Қазақ мектебіне қолдау көрсету мақсатында «Отандастар қоры» мектеп кітапханасына қазақ жазушылары мен ақындарының шығармалар жинағын сыйға тартты. Өз кезегінде мектеп оқушылары ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқыған әдеби бағдарлама дайындап, биылғы жылы оның 180 жылдық мерейтойына белсенді дайындалып жатқандықтарын атап өтті.