«Отандастар қорының» өкілдері Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығына барды

23 Маусым 2025
  • Ташкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының кеңсесіне арнайы барып, орталық ұжымымен кездесу өткізді.
  •  
  • Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдегі қазақ жастарына кешенді қолдау көрсету, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. «Отандастар қорының» өкілдері Қазақстанда жоғары білім алуға ниетті этникалық қазақтар үшін ұсынылатын гранттар, жеңілдіктер мен қолдау тетіктері туралы кең көлемде ақпарат беріп, нақты бағдарлама мен өтініш беру рәсімдері жөнінде түсіндірме жасады.
  •  
  • Өз кезегінде Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов мырза ұйымның негізгі бағыттары, жобалары мен алдағы жоспарлары туралы айтып өтті. Ол Орталықтың этникалық қазақ жастары арасында ана тілін сақтау, ұлттық мәдениетті насихаттау және білімге қолжетімділікті арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Өзбекстанда жастар үшін білім беру, кәсіпкерлік, шығармашылық және мәдени жобаларды қолдайтын мемлекеттік және үкіметтік емес ресурстар жеткілікті екенін жеткізді.
  •  
  • Кездесу барысында тараптар жастарға арналған оқыту курстары, тілді сақтау жобалары, тарихи-мәдени шаралар және екі ел арасындағы мәдени байланыстарды арттыруға бағытталған бастамалар бойынша ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ, келешекте Өзбекстандағы қазақ мәдени орталықтарымен бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру, кітап басылымдарын қолдау, жас көшбасшыларға арналған форумдар өткізу мәселелері де күн тәртібінде болды.
  •  
  • Бұл кездесу шетелдегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс орнату, өзара тәжірибе алмасу және нақты нәтижеге бағытталған жобаларды іске асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Тараптар мұндай кездесулер мен серіктестікті одан әрі жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

  • «Отандастар қоры» КЕАҚ Баспасөз қызметі
  • Кері байланыс үшін:
  • Алжан Шарипов (баспасөз хатшысы)
  • +7 775 510 5191
  • alzhan.sharipov@gmail.com
«Отандастар қорының» өкілдері Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығына барды