«Ұлы Дала 2024» байқауымен жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесері өтті

04 Желтоқсан, 2024
  • 2024 жылғы 4 желтоқсанда «Отандастар қоры» КеАҚ Қазақстан Жазушылар одағы үйінде  «Ұлы Дала -  2024»  шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының халықаралық шығармашылық байқауының жеңімпаздарына арналған 9 кітаптың тұсаукесері өтті. Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар, қандастар, қоғам қайраткерлері, шығармашыл қауым өкілдері қатысты.
  •  
  • Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибеков ашып, бұл жобаның маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. Биыл бұл жоба 2 рет  жүзеге асырылуда, мұнда моңғолиялық, өзбекстандық, ресейлік қандас ақын-жазушылардың өлең-жырлары, әңгіме-повестері, өмір жолдары кеңінен тарқатылған. Алдағы уақытта да бұл бірлескен жоба жүзеге асырыла береді деп атап көрсетті.
  •  
  • «Отандастар қоры» жоба үйлестірушісі Қалыбек Қобландин кездесуге қатысушыларға, Жазушылар одағына алғысын білдіре отырып, жоба аясындағы  шығармалардың қазақстандық кітапханаларға кеңінен таратылатындығына тоқталды.
  •  
  • Жазушы Мұқтар Қазыбек тарихи-танымдық еңбек авторы, ғалым, профессор Әбсаттар Нұралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» кітабына ерекше  мән беріп, ұлты тәжік болғанмен, рухы қазақ, зиялы ғалымның Қазақстан ғылымына қосқан үлесіне кеңінен тоқталды. Ғалымның шәкірті Насибжан Омони, Тәжік мәдени орталығының мүшесі «Отандастар қоры» мен Жазушылар одағына ерекше алғысын білдірді. Өзбекстаннан келген ақын Лала Жұманова «Қарасу жырлары» атты кітабының Өзбекстандағы оқырман қауым үшін үлкен табыс екенін атап өтіп, «Ұлы Дала» жобасына ыстық ықыласын білдірді. Ақын, жазушы Бақытбек Бәміш моңғолиялық қазақ ақын-жазушылары  Рысбек Зұрғанбайұлы, Ербақыт Нүсіпұлы, Зүлкәпіл Мәулітұлы Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері екендігін айта келе, олардың шығармаларына жоғары баға берді,  Отандастар қоры мен Қазақстан Жазушылар одағына алғыстарын білдірді.

 

«Ұлы Дала 2024» байқауымен жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесері өтті