2025 жылғы 11 сәуір күні Астана қаласындағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург, ақын Мағаз Разданұлының 100 жылдығына арналған “Таңдамалы шығармалар” атты үш томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараны ҚР Жазушылар одағының Астана қалалық бөлімшесі мен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Әдеби кешке зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мағаз Разданұлы — тарихи тақырыпта қалам тербеген, ХХ ғасырдағы ауыр саяси-әлеуметтік кезеңнің куәсі болған, Қытайдағы қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлес қосқан қаламгер. Оның “Алтай ақиықтары”, “Ата заман сөйлейді”, “Сары бел”, “Асулар толғауы” сияқты шығармалары әдеби мұраның алтын қорына енді.
ф
Тұсаукесер барысында қаламгердің шығармашылығы жайлы мазмұнды баяндамалар оқылып, естеліктер айтылды. Жиналған қауым жазушының тарихи-әдеби мұрасының бүгінгі қазақ қоғамы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Мағаз Разданұлының үш томдық таңдамалы еңбегі — ұлт руханиятына қосылған құнды дүние.
Суреттер: Артем Чурсинов / "Qazcontent"