АБАЙЫМ - МАҚТАНЫШЫМ

15 Ақпан, 2020

Қазақтың ұлы ақыны-ақын Абай,

Өмірге адалдыққа жақын Абай.

Өмірде үлгі  тұтар піріміз сен

Абайға ұқсау үшін  әркім Абай, - дей келе, Абай атамыздай болу әркім үшін үлкен арман, үлкен мақсат. Абай  Құнанбайұлы – қазақ халқының қайталанбас дара тұлғасы, көркем сөздің теңдесі жоқ  шебері, көгінде туған шоқжұлдызы, философ, қазақ жазба әдебиетінің  негізін қалаушы, шоқтығы биік талай туындылардың авторы, ойшыл-ағартушы, сазгер, от ауызды, орақ тілді  ақыны. Халқына пайдалы болудың жолын басқадан емес, кітаптан, білімнен, оқудан, орыс мәдениетінен іздеген ақын білімнің  биік белестерін бағындырып, дүниетанымын кеңейтіп, білімін шыңдайды. Абай атамызды бұл күндері білмейтін алаш баласы кемде-кем шығар, сірә? Қазіргі таңда қазақ  халқы ғана емес, Орталық Азия, тіпті әлем елдері  Абай өмірімен танысып, шығармаларына  қызығушылық  танытуда. Оның шығармаларын зерттеп-зерделеп, туындыларына ерекше ықылас танытып жүрген шетел азаматтары да аз емес. Ал, әлем елдері қызығып, танып-білуге құштар болып жатқанда, біз қазақ халқы ұлы даланың ойшыл кемеңгер тұлғасын тұтас танып-білдік пе? Абайдың өмір жолын танып-білуін білдік десек те, Абайдың шығармаларын, қара сөздерімен қоса тәрбиелік ақыл-ойларына терең үңіле алдық па? Ендеше аз да болсын Абай атамыздың  бүгінгі жас буын түсіне алмай жатқан ой маржаны, ақыл-нақыл сөздеріне жете мән бере кеткенді жөн көрдім.

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң,  арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан - деген өлең  жолдары жас ұрпаққа өсиет етіп, алға қойған  міндетіне айналғандай. Жас ұрпақ -  біздер өнерге, білімге талпынып, бұл өмірде қоғамға кірпіш болып қаланып, өз орнымызды  тапсақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Өз халқының тарихы  мен шежіресін терең оқып-меңгере білген, шешендік үлгілерімен жастайынан жанын суарған ұлы ақын маңайынан дос таба алмай, қоғамның  ахуалына күйініп:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан  да,

Алдамаған кім қалды тірі  жанда.       

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда - деп қатты күрсінеді, күңіренеді.

Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы. Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әр түрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретіні жайлы жырласа, ал біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып береді. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алады. Абай атамыздың өлеңдері  өте көп, солардың ішінде «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұрым» атты төрт мезгіл туралы өлеңдері табиғат жайында және де адам кейпінде ерекше жанды бейнеде суреттелген. Осыған дейін ешбір ақын-жазушыларда кездеспейтін теңдессіз теңеу тек Абай атамыздың өлең өрнектерінде кездеседі. Абай «Қыс» деген өлеңінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген байырғы сөздер арқылы теңеу жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде болмаған. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері болатындығын, малшыларға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айшықтап көрсетеді. Өйткені қыс өз тұлғасында толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі көзге елестейді. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері - ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел. Қыстың малға да жайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де ең алдымен оның шынайы бейнесін береді.

«Ән - көңілдің  ажары»  демекші  Абай атамыз ән өнерінен де кенде қалған емес. Мысалы, оның “Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық Ай», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» сияқты әндері махаббат символы ретінде әлі  күнге ғашықтар дастаны болып, жырланып келеді. Ал енді поэма жанрына  келсек: «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» (аяқталмай қалған поэмасы) поэмаларының  тәрбиелік мәні  өте зор. Ақын өзінің  поэмаларында Шығыс халықтарының  аңыз, ертегілері  сюжетін баяндаған. «Ескендір» поэмасында ол әділетсіздікке, басқыншылыққа қарсы шығып, адамгершілік қасиеттерді  айқын көрсетіп, кісілік мұраттарға  жетелеп, қанағат атты көркем сипаттарды дәріптейді. Бұл поэмада жауыздықты, көрсеқызарлықты, жалпы адамгелшілікке жат пиғыл мен ниетті әшкерелеп, ақылдылық, парасаттылық сипаттарын көркем сөздермен бейнелейді. Білек күші мен білімнің, парасат пен даналық күшінің  артықшылығын көрсете білді. Ал, Абай атамыздың қара сөздеріне тоқталмай кету асылық болар. Оның 45 қара сөзінің әрбірінде ерекше бір қасиетті, құдіретті  күш бардай. Оқыған кезде өне бойыңды дір еткізбей қоймайды. Мәселен 1-ші қара сөзінде «Ақыры ойладым, осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын. Кімде-кім ішінен керекті  сөз тапса, жазып алсын, я оқысын. Керегі  жоқ  десе, өз сөзім өзімдікі  дедім де, ақыры осыған байландым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» - деумен бастап, адамдарға өз ойын, көңіл-күйін, пікірін халыққа жеткізе білген. Абайдың «Жетінші сөзінде» ұшырасатын «жанның тамағы» деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай біздің санамыздан тыс өмір сүретін объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесіңде пайда болатын ғылым, білімнің жинақталған қоры ретінде қарайды. Абайдай ұстаз ақынның бұл «Жетінші сөзде» көздеген мақсаты - адамның бойында туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру  еді. Міне, Абайдың ағартушылық көзқарасының тамыр тартқан қайнар көзі осында  жатыр.

Ал енді  біздің «Бай-Өлке» (Баян-Өлгей) аймағымызда жыл сайын Абай Құнанбаев атында «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты мәнерлеп оқу сайысы өткізіліп тұрады. Мен осы сайыстарға  қатысу арқылы Абай атамыздың қаншама өлең-жырларын, дастандарын жаттап, өзіме көптеген рухани азық жинадым.Сонымен қатар сайыстарда оза шауып, олжа салып, жүлде алып, алтын ұя - мектебімді, ұстазымды, ата-анамды қуанттым. Бұл мен үшін зор мақтаныш! Абай жайлы қаншама еңбек жазсаң да, жазып тауыса алмайсың, айтсаң да айтып тауыса алмайсың. Жазсаң - сөзің жетпес, айтсаң -  тілің  жетпес, сірә? Расында оның ерен еңбектері  күні бүгінге дейін бүтін жетіп, жадымызда жатталып, санамызда сақталып қалған. Онын өлеңдері мен поэма, қара сөздері сыршыл да шыншыл, мәнді де сәнді, күрделі де өшпес сезім сыйлайды.

Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған - деп өзі жырлағандай, өлмес мұра, өнегелі ғибрат қалдыра отырып өмірде өшпес із салды. Оның  өлмес өнері қазақ қазынасын кеңейте түсті. Иә, ол шынында да ғасырда бір туар ғажайып тұлға!

АБАЙЫМ - МАҚТАНЫШЫМ