«Отандастар қоры» КеАҚ және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті өкілдері биылғы сәуір айында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өтетін қазақстандық жоғары оқу орындарының білім көрмесі шарасын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында екі ұйым бірлескен іс-шараларды өткізу, ынтымақтастықты дамыту және шара бағдарламасы бойынша келісімдер жасасты. Бұл бастама Моңғолиядағы қазақ жастарына Қазақстанда білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, жоғары оқу орындары туралы жан-жақты ақпарат беруге бағытталған.
Шара аясында қазақстандық университеттер мен колледждердің өкілдері білім беру бағдарламалары, гранттар мен оқу шарттары туралы мағлұмат ұсынады. Сондай-ақ, түрлі кәсіби бағыттар бойынша мамандармен кездесулер, білім беру көрмесі және кеңес беру сессиялары ұйымдастырылады.
Бұл көрме екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шетелдегі этникалық қазақ жастарының болашағына мүмкіндік ашуға ықпал ететін маңызды қадам болмақ.