Токиодағы 11 мың көрерменге арналған әйгілі «Рёгоку Кокугикан» стадионында жалауын көтерген элиталы сумо күресінің қысқы турнирі мәресіне жетті. Бұл бәсекеде алматылық Ерсін Балтағұл үздіктер қатарынан көрінді.
Ерсін Балтағұл (Жапонша лақап аты – Кинбозан Харуки) хацу бащё турнирінің ең жоғарғы (макучи) дивизионында үздік үштікке кірді. 15 күнге созылатын айтулы бәсекенің 14 күнінде алда келе жатқан Кинбозан ақтық сында жапон балуаны Охо Коносукеден жығылды. Финалда ұпай сандары теңескен моңғол балуаны Хошорю, Охо, Кинбозан үшеуі чемпиондықты сарапқа салды. Өкінішке қарай, Ерсін екі қарсыласына да жол беріп, 3-орынға табан тіреді. Хошорю чемпион атанды. Енді Хошорю сумоның ең жоғары дәрежесі – Ёкозуна атағын иеленеді. Бұл атақ тарихта тек 74 балуанға ғана бұйырған, Хошорю Ёкозуна атанған алтыншы моңғолиялық балуан болмақ. Айтпақшы, бұл балуан әйгілі Ёкозуно Асашеорюдің немере інісі. Ерсін Балтағұлдың осындай дүбірлі додаға қосылып, табысты өнер көрсетуіне қолдау білдірген Асашеорю Дагвадорж бен отандық кәсіпкер Сырымбек Тау мырзалар екенін айта кеткен жөн.
Сумо федерациясы жерлесіміз Кинбозан мен Кирисимаға «Кантё-шо» (жаужүрек балуан), Охоға «Гинно-шо» (шеберлік) деп аталатын арнайы жүлде табыстады.
«Қолдауларыңызға рахмет. Қолымыздан келгенінің бәрін істедік, чемпион болсақ деп талпындық, бірақ сәл ғана сәттілік жетпеді. Алда әлі талай бәсеке тұр, сонда биік жетістіктерге жетеміз деп сенемін. Қазақ еліне Жапон императорының кубогін апаруды жазсын», дейді Ерсін Кинбозан.
Ерсін Балтағұл 2023 жылы хару башёда үлгісінде күресіп, 11-4 деген нәтижемен үздік төрттіктің қатарынан бір-ақ шықты. Алайда былтыр жарақаттың салдарынан жыл бойы жақсы нәтиже көрсете алмай, екінші дәрежедегі жюро дивизионына түсіп қалды. Желтоқсан айында Ерсін жюрода чемпион атанып, қайтадан макучи дивизионына көтерілді. Жерлесімізге бұл жолғы жетістігі – үздік үштікке енгені үшін жоғарғы атақтар мен қаржылай сыйақы беріледі. Рейтингі жоғарылап, жаңа дәрежеге көтеріледі. Бұл туралы нақты шешімді алдағы уақытта Жапонияның Сумо федерациясы жариялайды.
Дереккөз: egemen.kz