2024 жылдың 28 қарашасында «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров бастаған делегация Қазақстанның Сеулдегі Елшілігінің қолдауымен Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Overseas Korean Agency» төрағасының орынбасары Бён Чул-хван мырзамен ресми кездесу өткізді. Бұл кездесу Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және диаспоралық саясаттағы өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Бён Чул-хван мырза Қазақстан делегациясын жылы қабылдап, қазақстандық әріптестердің Кореяға сапарының ерекше символикалық мәнін атап өтті:
«Біздің мәдениетімізде алғашқы қардың орны ерекше. Қазақстандық әріптестеріміздің Кореяға келуі биылғы алғашқы қармен тұспа-тұс келуі сіздердің сапарларыңыздың маңызын арттыра түсті. Бұл біз үшін ерекше қуаныш», – деді ол.
Бён Чул-хван мырза әлем бойынша 7,5 миллионнан астам этникалық корейлердің тұратынын және Агенттік олардың арасында үшінші және төртінші буын өкілдеріндегі ұлттық кодты сақтау, ана тілін меңгеру және мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында аянбай еңбек етіп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде, Д. Қадыров Қазақстан мен Кореяның диаспоралық саясаты арасындағы ұқсастықтарға тоқталып, тарихи көштің екі ел үшін де маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ, қазақ және корей халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қалу жолындағы жұмыстардың ортақ екенін атап өтті.
Кездесуде тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру және диаспорамен жұмыс саласында тәжірибе алмасу бойынша жоспарлар талқылады. 2025 жылы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін өзара меморандумға қол қою туралы ұсыныс көтерілді. Сонымен қатар, «Overseas Korean Agency» ұйымы Қазақстанға арнайы сапармен келуге шақырылды.
«Біздің екі ел арасындағы тарихи байланыстар – ынтымақтастығымыздың негізі. Диаспорамен жұмыс саласында тәжірибе алмасу арқылы біз ортақ құндылықтарды нығайтып, бірлескен жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік ашамыз», – деді Данияр Қадыров.
Кездесу барысында екі елдің тарихи және мәдени байланыстарын сақтау жолындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ, тараптар диаспора өкілдерін қолдау және олардың ұлттық мәдениетін дамыту саласында жаңа бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Бұл кездесу Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірқатар бірлескен жобалар мен іс-шараларды іске асыру жоспарланып отыр.