Ұстаздық ұлы қызмет
Ұстаз! Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Осындай аяулы тұлғалардың бірі - Баймырзаев Бексейіт Баймырзаұлы өзінің бүкіл өмірін халық ағарту ісіне және балалар тәрбиесіне арнады. Бүгінде жүздің төріне шығып отырған қазыналы қария Бексейіт Баймырзаев міне, осындай ізгі жүректі жан. Қазіргі күнде ардагер Ұстаз – зейнеткер, Ұлы Отан соғысының ардагері.
1924 жылы 10 мамыр күні Ташкент облысы Жоғарышыршық ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Қиын кезең ашаршылық жылдарынан аман-сау қалып, он жасында мектеп есігін ашып 1934 жылы бірінші сынып оқушысы атанды. Оқу-білімге ынталы бозбала ауыл мектебінің 7 сыныбын бітіріп, Ташкент қаласында ораласқан педтехникумға оқуға түскен жылы 1941 жылға тұстас келді,ал 1942 жылдың күз айларында соғыс майданына аттанды. Сұрапыл соғыс жылдары Екінші Украин фронты құрамында соғысып, Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алды. Содан соң Шығысқа аттанып, Жапон соғысына қатысты. Квантун армиясын тас-талқанын шығарып, түбегейлі жеңіске жеткенде 1945 жылдың күзайлары келіп қалған еді. 1947 жылға дейін әскер қатарында сержант лауазымында қызмет етті. Соғыс кезінде орден-медальдармен марапатталды: Медаль «За Отвагу»; Орден «Красной звезды».
Бексейіт ағайдың еңбек өтілін көз алдымыздан өткізсек оқ пен оттың арасынан, қанды майданнан 1947 жылы туған елге аман-есен оралған сәттен бастап ойланбастан жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім тәрбие беруге кірісіп кеткен екен. Сол жылы Зайлова Гулайым деген бойжеткенмен отбасын құрып, 1948 жылы тұңғыш ұлы Хуралбек дүниеге келді. Білім саласындағы ең алғашқы адымы - № 24 мектептің бесінші сынып оқушыларына дене шынықтыру пәнінен сабақ беру еді. Бұл сынып № 23 мектептің филиалы болатын. Мұғалім болып істей жүріп соғыс зардабына байланысты үзіліп қалған қазақ педагогикалық училищесіндегі (техникумындағы) оқуын одан әрі жалғастырып, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Жұмыстан қол үзбестен Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтын тәмамдап, жоғары білімді маман атанады.
1950 жылы осы аталған білім ошағы жеті жылдық мектепке айналады. Мұғалім мамандар аз болатын,жергілікті тұрғындардың арасында орта білімділердің өзі кемшіл. Білімді адамдар соғыс майданында мерт болып, шейіт кеткен. Сол себепті орыс тілі, шет тілі, математика, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдерін шеттен шақыруға туру келеді. Олар: М.Жантелеев, Лариса Ким, Гүлсинат Нагимова, Рахманәлі Төленов болатын.
Бексейіт Баймырзаев сонау 1950 жылы мектеп директорлығына тағайындалады. Көп ұзамай мектеп директоры білім ордасының материалдық-техникалық базасын, оқулықтар мен құрал-жабдықтарын молайту мәселерімен шұғылдана бастайды. Оқушылар санының жыл санап артуына байланысты жаңа мектеп салуға білек сыбана кіріседі. Мектеп директоры ұжымдық шаруашылық басқармасының төрағасына жолығып, 250 орындық мектеп ғимаратын салу мәселесін шешеді. Жаңадан салынған білім ұясы 1972 жылы орта мектепті пайдалануға беріледі. Оқу кабинеттік жүйеде жүргізіле бастады. Химия, физика кабинеттерінде зертханалық жұмыстар қолға алынды. Мектептің сыныптары бөлмелерін жылыту қазандығы соляркамен жұмыс істейтін. Келесі 1973 жылы егістік алқаптарын жыртатын техникаларға жанар-жағармай жетпей қалғандықтан мектепке ұжымшар тарапынан солярка берілмей қалады. Жергілікті басшылармен келісе отырып білім ошағын газбен жылыту мәселесін көтереді. Сөйтіп 1974 жылы мектеп ғимараты табиғи газбен жылытыла бастайды. Осылайша Ленин атындағы бөлімше тұрғындары толықтай табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Әрине, мұндай игілікті шаруларды жүзеге асыруда қиындықтар да кезікпей қалған жоқ. Әрекетке - берекет дегендей, халық көл-көсір қуанышқа бөленді.
Әрине мектептің материалдық – техникалық базасының дамуына ұжымшар басшылығымен ата – аналардың қосқан үлесі де болғаны анық. Мектеп түлектерінің арасында сан - алуан кәсіпті меңгерген жоғары білімді мамандар көбейе түсті. Врач - Вазифа Джуркаева, инженер- Құралбек Баймырзаев, агроном - С.Серікбаев, мұғалімдер – Тасболат Әбішев, Өмірбек Маханов, Абдысадық Нәдірбеков солардың санатында.
Баймырзаев Бексейіттің білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері орынды бағаланды: «Халық ағарту ісінің озаты» атағына ие болып, аудандық, республикалық құрмет грамоталарымен марапатталды. Мектеп директоры Бексейіт Баймырзаев 1949-1986 жылдардағы жемісті еңбегі үшін №1221407 «Құрмет белгісі», №102242 «Октябрь ревлюциясы», «Ұлы отан соғысындағы жеңісі» екінші дәрежелі ордендерімен марапатталды. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай Ерен еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.
1987 жылы зейнетке шығып, қазіргі таңда елдің Құрметті ақсақалы.Үлкен ұлы Құралбек Ресейдегі Иваново қаласындағы энергетикалық институтты бітіріп, Өзбекстан Республикасының мұнай – газ саласында басшы лауазымдарда қызмет етіп, зейнетке шықты. Гүлнәр есімді қызы Ташкент қаласындағы Әлем тілдері институтын қызыл дипломға бітіріп, әке жолын куып, Жоғарышыршық ауданындағы № 24 орта мектепте оқу ісі бойынша директордың орынбасары қызметін атқарды, француз және ағылшын тілінің маманы бүгінгі таңда да қызметін жалғастыруда. Үшінші перзенті Қарлығаш Мәскеу мемелекеттік педагогикалық институтында оқып, орыс тілі мен әдебиеті мамандығын алды. Бар саналы ғұмырын әке жолымен бала оқыту ісіне арнап, қазіргі кезде Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің белді мамандарының бірі. Төртінші перзенті Сырымбек Ташкент мемелекеттік педагогикалық институтының қабырғасында оқып, география мамандығын алды. Еңбек жолын ауыл мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастады. Қазір Астана қаласы Елорда атанған күнінен бастап осы қаланы көркейтуге өз үлесін қосып жүрген жеке кәсіпкерлердің бірі.
Төрт перзентінің де өз отбасылары, немере - шөберелері бар, Бексейіт атамызға қамқорлығын аямай, атасының атын дәріптеп жүрген немересі Баймырзаева Ділбар Құралбекқызы Елордадағы бірнеше ең көркем деген ғимараттардың автор-архитекторы.
Бейсейіт атамыз төрт перзент, тоғыз немере, он төрт шөбере сүйіп осы жылы жүзінші көктемді қарсы алды.
Дамир Қалдыбаев,
Өзбекстан, Ташкент облысы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы