Эвереске тұңғыш шыққан қазақ қызы

14 Мамыр 2024

Адам баласын құзар шың­дарға құштар етіп қойған қандай құдірет екені бізге беймәлім, алайда Не­пал мен Қытайдың ор­та­сындағы, әлемнің ең биік нүктесі – Эвересті бағындыру­ды армандамайтын альпинист жоқ шығар. Отандық альпинизм тарихында Анар Бұрашева қазақ қыздарының арасында алғашқы болып «Kazakh Everest Team» экс­педициясының құра­мында Эверестің шыңына шықты. Ол әйгілі отандасымыз Мақсат Жұмаевпен бірге кезекті рет Қазақстан туын Джомолунгма та­уы­ның төбесінде желбі­ретті.

Осыдан 4,5 миллиондай жыл бұрын төбесін мұхит шайған бұл тау туралы аңызға бергісіз ақиқат көп, ықылым заманнан бері оны бағындырғысы келгендер де аз болмаған. Дегенмен ресми түрде 1953 жылы Эверестің тө­бесі­не бірінші болып шыққан Аус­тралия азаматы Эдмунд Хил­лари мен непал­дық Тенцинг Нор­гей деп саналады. Хиллари Эве­реске Ұлыбритания, Үндістан мен Неапол елдерінің туын қа­дап, олардың жоғары жағына БҰҰ жалауын тігеді.

Осыдан кейін араға 23 жыл салып, тарихта тұңғыш рет Эвереске шыққан әйел – жапон қызы Дзюнко Табеи. Эверестің бүкіл тарихында 799 әйел оның басына көтерілген екен. Құзар шың­ның бүкіл шежіресінде мыңдаған альпинист Эвересті бет­ке алғанымен, тек бес мыңдай спортшыға ғана оның төбесіне шығу бұйырған. Ал 288 аль­пинист осы жорықтан мүлде орал­маған, тіпті осы аса қа­терлі са­парға қа­жетті құрал-сай­ман, асай-мүсей қымбаттап, жолсерік­тердің қызметі шарықтап кетсе де, әлі күнге дейін оның төбесіне өрмелеп шығуды көксейтіндер қатары кеміген емес.

Сонымен, Джомолунгма тауы­ның (Тибетте солай аталады) төбесіне жеткен ең жас альпинистің жасы 13-те, ең ересегі 80 жаста болса, ал бізге тарихта тұңғыш рет қазақ қызының Эвересті бағындырғанын баян­даудың сәті түсіп отыр. Осы­лайша, 12 мамырда Непал уақытымен сағат 07.25-те құра­мында Анар Бұрашева мен Мақсат Жұмаев бар «Kazakh Everest Team» командасы әлемнің ең биік шыңы Эвереске (8 848 м) шыққаны ту­ралы бірінші болып Непалдың Ги­ма­лайға кө­терілуге ма­шықтанған әрі Қазақ­станнан келген экс­п­едицияның ресми жолсерігі «Seven Summit Treks» компаниясы сү­йінші сұрады.

Айтқандай, 8 мың метр­ден жоғары биік­тіктегі дауыл мен боранға байланысты шың­ға шығуға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі ба­ғы­тынан кері қайтса, тек бес елдің аль­пинистері Гималай тау­ларындағы діт­теген нүктесіне жетіп отыр. Олардың ара­сында біздің отандастарымыз бар. Мақ­сұт Жұмаевтың Эвересті осы­мен үшінші рет бағындырғанын айту парыз.

Жалпы, «Kazakh Everest Team» командасының құзар шыңға көтерілуі бес тәулікке созылды: біздің альпинис­тер 7 мамырда базалық лагерьден (5 350 м) аттанған соң, алдымен I лагерь (6 100 м) арқылы өтіп, одан кейін II лагерьге (6 400 м), III лагерьге (7 100 м) көтерілді, IV лагерьге (8 000 м) жеткен соң одан әрі Эверест (8 848 м) шыңына қарай тоқтаусыз аяңдап, отандастарымыз әлемнің ең биік шыңына Қазақстан мемлекеттік туын желбіретті.

Сонымен, 12 сәуірде Анар мен Мақсұт IV лагерьде (8 000 м) кү­рделі сапардан кейін, таудан төмен түсу үшін күш-қуаттарын қалпына келтіріп жатқаны мәлім болды. Альпинистердің жағдайы жаман емес, дегенмен базалық лагерьге түсу үшін біраз әл жинауы керек.

Тамаша тарихи жорықтан орал­ғаннан кейін мерейлі отан­дастарымыз альпинистерді арбаған құзар шыңның құпия­лары, қызықтары мен қиын­дық­тары туралы сұхбат бере жатар. Ал оған дейін III лагерьге көтерілу барысында «Kazakh Everest Team» командасы «Пуд­жа» рәсімін жасағанын еске сала кетуге болады. Анар бұл ырым туралы: «Рәсімнен кейін күшті құлшыныс пен барлық көксеген арман орындалуға тиіс деген сезім пайда болды. Пуджа –  тауларға көтерілуге, бағындыру мен оралуға бата іспетті рұқсат беру рәсімі», дейді.

Орайы келіп тұрғанда, III лагерьге (7 100 м) радиалдық көт­е­рілу ба­залық лагерьден (5 350 м) 25 сәуір­ге қа­раған түні Кхумбу мұздығы ар­қылы басталғанын еске сала кетуге болады.

Экспедицияның әрбір мүшесі өзімен бірге ІІ лагерьге арқалап апара алатын рюкзактардың ең шекті салмағы 15 кг болған. Альпинистер шыңға апа­ратын жолдағы шекті жүктемені ескере отырып, III лагерьге дейін шын мәнінде оңай жетіп, күштерін үнемдеу мақсатында бір-біріне тіл қатпай аяңдап отырған.

Құзар шыңға көтерілу қан­шалықты күрделі екенін Мақ­сұт Жұмаевтың әлеуметтік же­лідегі жазбасындағы: «Ко­манда мүшелерінің алғашқы түнде екін­ші базалық лагерь­де­гі жағдайы қанағат­та­нарлық. Түн сы­нақ сияқ­ты. Бас ауырады, ұйқы жоқ. Бірақ бізге сәл же­ңілірек, ал көрші шатырдағы ер адамның жағдайы нашар», деген жолдарынан аңғаруға болады.

Анар да Эвересті бағын­дырудың қиындығы туралы өз парақшасында бөлісіп отырды: «Көтерілу қиын және тек энергетикалық қоспаларды сағат сайын қолдану әдісі әрі қарай жүруге күш бер­ді. III лагерьдің шекті биік­тігінен кейін екінші база­лық лагерьдің биіктігі «қауіп­сіздік биіктігі» ретінде сезіледі».

Айнаш Есали
Дереккөз: EGEMEN QAZAQSTAN

Эвереске тұңғыш шыққан қазақ қызы