Жаһанда атамекенінен жырақта, жан-жаққа тарыдай шашылған халық көп. Олар дүниенің қай шетінде жүрсе де, қандастарына қашанда тілеуқор. Мұндай жосық біздің қазақта да бар. Жай күнде жүз шайысып жүргенімен, басына екіталай күн туғанда бірігіп, жұдырықтай жұмылып кетеді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді халқымыз. Соның куәсіндей еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен жұртқа алыс-жақын шетелдегі қандастар қолұшын беруге ұмтылып жатқаны қуантты.
Ердің ерлігі, елдің елдігі сыналатын шақта ел ішіндегі азаматтар да аянып қалған жоқ. Қазір судан зардап шеккендерге ерікті азаматтардан 1 713 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Оның 1 320,4 тоннасы өңірлерге жеткізілді. Бұған қоса шетелдегі ағайындар да қор ашып, қолұшын беруге бекініп отыр. Тіпті гуманитарлық көмектің алғашқы легі жолға шығып та қойды. Мәселен, Ресей қазақтары Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек жинап, алғашқы легін бес «ГАЗель» жүк көлігімен (ауызсу тиелген) Омбыдағы «Иман» мешітінен Петропавлға жөнелтті. Ал Астрахан қазақтары Атырау және Құлсары қалаларына сегіз «ГАЗель» жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізді.
«Су тасқынының алдын алу шаралары үшін қажетті қап, күрек, қайық сияқты керек-жарақтар мен азық-түлік жеткізілді», деп хабарлады «Отандастар қорының» баспасөз қызметі.
Ал Өзбекстандағы «Дәстүрге жол» қазақ аналары ұйымының төрағасы Клара Садырбаева ханымның айтысына қарағанда, ондағы ағайындар да гуманитарлық көмек жинап жатқан көрінеді.
– Біз атамекенімізде болып жатқан осынау қиын жағдайда демеу болып, қандастарымызға қолдау білдіреміз. Мемлекет басшысы алапат күшке тойтарыс беруі үшін бар күшті салып, қарекет жасап жатқанынан хабардармыз. Сондай-ақ өте әсерлі сәті, мемлекеттік құрылымдар ғана емес, қарапайым азаматтар мен тұрғындар жұмылып, су тасқынына тосқауыл болып жатыр. Бұл – бірлік пен ынтымақтың ажырамас бөлігінің айқын көрінісі. Елдің ірі кәсіпорындарымен қатар, Қазақстан азаматтары жылу жинап, миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Көрші елдер мен бауырлас мемлекеттер гуманитарлық һәм қаржылық қолдау білдіруге әзір. Біз осынау қиын-қыстауда моральдық һәм рухани демеу көрсетіп, осынау кезеңнен аман шығуына шын жүректен тілекшіміз, – дейді К.Садырбаева.
АҚШ-тың Вашингтон, Мэриленд, Вирджиния штаттарында тұратын немесе уақытша жұмыс істейтін отандастарымыз Қазақстан-Америка қауымдастығына топтасқан. Олар америкалық банктен есепшот ашып, арнайы қор құрыпты. Сонымен қатар қорға жергілікті тұрғындар да атсалысып жатқан көрінеді.
– Қайырымдылыққа ақшаны қалай аударуға болады деген сұрақтар көп болғандықтан, біз Қазақстан-Америка қауымдастығының атынан қор құрдық. Бір жағынан, бұл қаражаттың қайда кетіп жатқанын нақты білуге және алаяқтарға алданып қалмау үшін жасалды, – дейді қауымдастық төрағасы Расул Ешпаев.
Ал АҚШ-тың Чикаго қаласындағы «Qazaq center» ұйымы да елге көмек ретінде «Gofundme» платформасы арқылы қаржылай көмек жинайтынын хабарлады.
– Жиналған қаражат еліміздегі тасқын судан зардап шеккен аймақтарында жұмыс істеп жатқан ұйымдарға тікелей аударылады. Олар қиын жағдайда тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, – дейді белсенді отандастарымыз.
Сонымен қатар Оңтүстік Кореядағы Қазақ қауымдастығы да Пусан қаласындағы Қазақстан бас консульдығымен бірлесіп, Кореядан елімізде су тасқынынан жапа шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек ұйымдастырып жатыр. Оның ішінде гигиеналық заттар, төсек жабдықтары, рәзіңке етік, балалар киім-кешектері мен балалар аяқкиімі бар. Ал Димаш Құдайбергеннің Ұлыбританиядағы жанкүйерлері Қазақстан халқына көмектесуге әзір. Бұған қоса Германия астанасы Берлиндегі отандастарымыз гуманитарлық көмек жинап жатыр. Өткенде Қызжібек Дәулетқызы есімді блогер «Тик-Ток» желісі арқылы Қытайдағы қандастардан қаржылай көмек жинап, Ақтөбедегі ағайынға жеткізген еді. Оның айтуынша, көмек көрсеткендер тек Қытайдағы қазақтар екен.
Сондай-ақ Моңғолиядағы қандастардың атажұрттағы табиғи апаттан зардап шеккен ағайындарға көмек көрсетуге өте белсенді жұмылып жатқанын айтады сонда сапармен жүрген әріптесіміз Бүркіт Нұрасыл.
– Моңғолияда бірнеше қоғамдық ұйымдар қор ашып, қаржы жинап жатыр. Бай-Өлке, Қобда аймағындағы қазақтармен қатар Моңғолияның барлық жеріндегі ағайын көмегін аяп жатқан жоқ. Бір қызығы, Бай-Өлкедегі полицей қызметкерлері 1 млн төгрөг көлемінде қаржы аударса, бюжеттік мекеме қызметкері де айлықтарының бір бөлігін беріп жатыр екен. Барлық жиналған қаражат Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі арқылы қаржылай жіберілмек, – дейді ол.
Бай-Өлке аймағының Өлгей қаласындағы №1 мектебінің Жанар Ясымханқызы жетекшілік ететін 6-сыныбының оқушылары еліміздегі су тасқынына ұшыраған аймақтарындағы балаларға арнап 200 мың төгрөг жинапты. «Күнделікті кәмпит-тәтті алатын ақшамыздың артылғанын жинап, атажұрттағы достарымызға жіберуді ұйғардық. Біз сендермен біргеміз!» дейді оқушылар.
Қорыта айтқанда, «Қазақтың қазақтан өзге жанашыры жоқ» деген сөзге қалай иланбаймыз? Әр жерде жүрген ат төбеліндей ағайын атамекендегі апатты жағдайға бейжай қарап қалмай, қара шаңырақтың шайқалмауына қашанда тілекші екенін білдірді. Ол көмек көпшілікке я жетер, я жетпес. Мәселе онда емес. Алыстағы отандастарымыздың көңілі жетті. Алапат өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлық қылған балдырғандардың да темірқазығы қайда екенін білдірсе керек.
Дереккөз: https://egemen.kz/article/362555-alystaghy-aghayyn-komek-qolyn-sozdy