Биыл елімізде Наурыз мерекесі ерекше тойланып жатыр. Осы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Осыған орай еліміздің әр түпкіріндегі көпшілік онкүндікке белсенді атсалысып, ұлтымыздың ұлы мерекесін ұлықтап жүр. Шетелдегі қазақ қауымдастықтары да кенде қалған жоқ. Түрлі чаттарға хабарлама жіберіп, бір-бірін Наурызды бірге тойлауға шақырып жатыр. Осы орайда «Túrkistan» тілшісі мереке қарсаңында Аргентина, Чехия және Люксембургтегі қазақ қауымдастықтары өкілдерімен тілдескен едік.
Чехиядағы Qazaq Nomad қауымдастығының төрайымы Дарина Жұмағұл Чехияда Наурызды Қазақстаннан кем тойламайтынын айтады.
– Биыл біз Наурызды Праганың Панкрач атты үлкен саябағында тойлатпақпыз. Бұл мерекеге кемі 500 адам келеді деп ниеттеніп отырмыз. Мерекені Қазақстандағыдай атап өтпекпіз. Алайда мұнда чехтардың мәдениетін де таныстыруды жөн көрдік. Қазақстандағыдай барлық іс-шара үлкен сахнада өтеді. Оған дейін киіз үй табылып қалар деп үміттеніп отырмыз. Олай болмаса, саябақта бірнеше палатка құрамыз. Біреуінде манты, палау, бауырсақ, самса сатылады. Қымыз бен қазыдан да дәм татқызамыз. Енді бірінде осында тұратын, қазақи нақыштағы сәнді білезіктер мен белдіктер жасайтын дизайнер отандасымыз қолдан жасалған түрлі кәдесыйларын көрмеге қоймақ. Сонымен қатар онда қамшы жасайтын тағы бір ісмер бауырымыздың жасаған дүниелері қойылады. Келесі бір палаткада бір отандасымыз әшекей бұйымдарын сатпақ. Сосын онда бір қыз қылқаламмен қазақи нақыштағы суреттер салып, Қазақстанды бейнелеу өнері арқылы таныстырмақ ойы бар. Сонымен қатар онда Қазақстан өнімдерін сататын дүкен де өз заттарын сататын болады. Тағы бір палатаға ұлттық киімдерді іліп қоямыз. Қызыққандар киіп көріп, суретке түсуге мүмкіндік жасап беруді жөн санадық. Одан бөлек, алтыбақан құрамыз деп отырмыз. Себебі біздің іс-шара 13 сәуір өтеді. Ал екі күннен соң елде Қозы көрпеш пен Баян сұлу күні атап өтіледі. Ғашықтар бірге алтыбақан теуіп, балалардың да көңілі көтерілсін! Сосын сахнада салт-дәстүрден көрініс көрсетеміз. Әрі асық ату, арқан тарту, күрестен жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қоса онда олар жүннен ою тіге алады. Әрі мамандар қамшыны қалай өруге болатыны, теріден қандай өнім жасауға болатынын көрсетеді.
Қайыра айтқанда, көпшілікке, әсіресе жас ұрпаққа атадан қалған қолөнер мен кәсіп түрлерін көрсеткіміз келеді. Домбырамен ән шырқаймыз, қазақша би билейміз. Арнайы астауға салынған бауырсақ таратып, Наурыз көже ұсынамыз. Жалпыла айтсам, Қазақстаннан кем тойламайын деп тұрмыз. Біз былтыр Наурыз тойлаймыз деп мейрамханада 300 адамның басын қосқан едік. Ол ивент кәдімгі қазақтың тойы секілді өтті. Биылғы ерекшелік – ашық аспан астында тойланады. Жоғарыда айтып өткендей, біздің қандай ел, қандай ұлт екенімізді білсін деген оймен шетелдіктерді де шақырғалы отырмыз. Өйткені Чехиядағы көпшілік бізді әлі көшпенділер, өркениеттен алыс ел деп ойлайды. «Қазақстаннанбыз» деп айтсақ, «Ол қай жақ? Украина ма? Ресей жақ қой, иә?» деп сұрайды. Ал бұл намысқа тимей қоймайды. Сол үшін биыл біздің кім екенімізді мейлінше танытқымыз келіп, Наурызды жоғары деңгейде атап өтуге бар күшімізді салып жатырмыз.
Сұхбаттасқан Әлия Тілеужанқызы
Дереккөз: https://turkystan.kz/article/241175-darina-zh-ma-l-chehiyada-nauryzdy-aza-stannan-kem-toylamaydy