Сұхбат кейіпкері Ильяс Саутов ешқашан үздік оқушы да, «Алтын белгі» иегері де болмаған. Көпшілік оның болашағын жарқын деп бағаламаған. Алайда ол қиындықтардан, сынақтар мен сәтсіздіктерден өтіп, ақырында Уолл-стритке дейін жетті. Бүгінде ол – мол тәжірибесі бар, жоғары жалақы алатын инвестициялық банкир. Бұл оқиға Instagram-дағы «жылдам табыс», жолы болғыштық немесе таныс-тамыр туралы емес. Бұл – өз күшімен қалыптасқан жол, ертегідей әсірелеусіз шынайы өмірдің көрінісі.
Сұхбаттасымыз бірден мойындайды: мектепте ол нашар оқыған. «Мен ешқашан үздік оқушы болған емеспін», – дейді ол ашық түрде. Оның үстіне үлгерімі соншалықты көңіл көншітпегендіктен, кейбір туыстары Ильястың ата-анасына иллюзия құрмай, оны мектеп бітірген соң бірден әскерге жіберуге кеңес берген.
Алайда жоғары сыныптарға келгенде оның өмірінде өзгерістер басталды. Ол Астанадағы қарапайым мектептен жекеменшік «Мирас» мектебіне ауысты. Бұл қадам кейін оның тағдырындағы маңызды бетбұрысқа айналғанымен, алғашқы кезең оңай болған жоқ. Орыс тілі пәнінен түсу емтиханында ол 30 мүмкін балдың бар болғаны 3-еуін ғана жинады. Математика мен ағылшын тілінен алған нәтижелері де осы деңгейде болды.
Соған қарамастан, дәл осы «Мираста» ол оқуын түзете бастады: материалды ұсыну тәсілі мен оқыту әдістемесі оған көбірек сай келді. Кейіпкеріміз бұрынғы мектебінде кейде мұғалімдер жол беруге болмайтын әрекеттерге барғанын да мойындайды.
«Мен әлі күнге дейін мұғалімдердің маған: “Сен - мектептің масқарасысың, сен нашақор боласың”, – деп айтқанын есіме аламын. Мұғалімдер тарапынан қысым көрген кездерім болды. Мен мектеп туралы көп айтқым келмейді, өйткені бұл сол кезде мектепте жұмыс істеген жекелеген адамдарға қатысты», – деп бөлісті ол.
«Мирас» мектебіне ауысқаннан кейін оның айналасы да түбегейлі өзгерді. 2010-жылдардың басында шетелде білім алу кең таралған құбылыс болмағанымен, сыныптастары шетелдік жоғары оқу орындарына түсе бастады. Бұл жағдай оның да болашағын өзге қырынан ой елегінен өткізуіне себеп болды. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша да, сол кезеңде жаңадан ашылған Назарбаев университетіне де іріктеуден сәтті өтті. Алайда шетелде оқу жоспарын кейінге шегеруге мәжбүр болды: ата-анасының оны өзге елде оқытып, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмады. Нәтижесінде ол жаңа отандық университеттің алғашқы студенттерінің қатарынан табылды. Дегенмен, онда да бәрі бірден анық бола қойған жоқ. Әуелі инженер мамандығына түсті, кейін экономикаға ауысты.
«Біз, 90-жылдардың балалары, кім болғымыз келетінін жиі түсіне бермейміз. Мен үнемі сенделіп жүрдім: инженерия мектебіне түстім, кейін оның маған сай емес екенін түсініп, экономикаға ауыстым», – деп түсіндіреді ол.
Назарбаев университетін ол орташа үлгеріммен, бірақ мерзімінен бұрын аяқтады: академиялық кредиттердің қажетті көлемінен әлдеқайда көп жинаған еді. Оқуымен қатар еңбек жолын да бастады. Алғашында бәрі формалды түрде өтті - «Қазақстанда жиі болатындай»: нақты міндеттері жоқ, жекеменшік компаниядағы жұмыс.
Экономист бола тұра, ол талап-арыз және даулы істер бойынша юристің көмекшісі болды: соттарға барды, құрылыс нысандарына шықты, тәжірибенің ішіне еніп, заң саласының өзіне сай келетінін түсінді.
Осы тұста оның алғашқы шетелдік білімі басталады. Ол Лондонға Law and Economics бағдарламасы бойынша оқуға аттанады. Бұл бағдарлама экономистерге заңгер мамандығына қайта бейімделуге мүмкіндік беретін. Осылайша ол бакалавр дипломын әлі бітірмей жатып, құқық магистрі дәрежесін алып үлгерді. Ал бакалавриатын кейін, 2016 жылы аяқтады. Оқудың бір бөлігін жеңілдіктер мен ата-анасының көмегі арқылы төледі, ал күнделікті шығындарын teaching assistant болып жұмыс істеп тапты.
Негізгі заңгерлік біліммен қатар, ол сыни ойлау, мәтінді жылдам шолып оқу, дәлелді пікір қалыптастыру және жазбаша жұмыс істеу дағдыларын меңгерді. Сонымен бірге әртүрлі білім беру жүйелерінің ерекшелігін терең сезінді: британдық модельде бағалау негізінен қорытынды емтиханға тәуелді болса, америкалық жүйеде оқу жүктемесі бірнеше кезеңге бөлінеді.
Оның айтуынша, осы дағдылар бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ және академиялық ортадан тыс салаларда да үлкен пайдасын тигізіп келеді.
Лондоннан оралған соң ол квазимемлекеттік корпорациялардың біріне жұмысқа орналасты. Алайда бұл ұйым кейін ірі қылмыстық істердің ортасында қалғандықтан, ол жерден кетіп, мемлекеттік секторға ауысуға шешім қабылдады. Осылайша антимонополиялық органда және қаржылық тергеп-тексеру бағытындағы құрылымдарда қызмет атқарды. Мансабы біртіндеп өрлегенімен, өзі атап өткендей, бұл мемлекеттік қызметке тән жағдай еді: жұмысы мазмұнды, бірақ жалақысы көңіл көншітпейтін.
Біраз уақыт өткен соң қаржылық мәселе басты орынға шықты. Отбасында қызы дүниеге келіп, жауапкершілік артты, ал мемлекеттік сектордағы табыс бұл қажеттілікті толық өтей алмады. Сол кезде ол тұрақты түрде Headhunter платформасын қарап жүрді. Осылайша ешқандай таныссыз әрі ұсыныссыз Kazyna Capital Management компаниясына жұмысқа тұрды. Оны жұмысқа алуына бұрын «Бәйтерек» даму институттарымен байланысты құрылымдарда еңбек еткені ықпал етті - бұл компаниялар бір ұлттық холдингтің аясында жұмыс істейтін.
«Жасыратыны жоқ, мен меритократияға сенемін. Өйткені мені ешқандай таныссыз қабылдады. Осы жолмен жеткеніме өзім де мақтанамын», - деп еске алады ол.
Kazyna Capital Management-те ол шамамен бір жарым жыл жұмыс істеп, бірнеше инвестициялық қорды, соның ішінде ірі кәсіпорындарға қаржы құйып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған Baiterek Venture Fund қорын қадағалады. Қызметінде өте мұқият болды: құжаттардан жиі қателік тауып, қайта өңдеуге жіберіп отырды.
Бір сәтте бұл ерекшелігі күтпеген нәтиже берді. Қор басшылығы онымен үнемі пікірталасқа түскенше, өз жағына тартқан тиімді деп шешіп, оны бірден басшылық қызметке, әрі жалақысы жоғары лауазымға шақырды. Осылайша ол 25–26 жасында «Бәйтерек» жүйесіндегі ең жас жетекшілердің біріне айналды.
Сонымен қатар Ильяс Саутов Kazyna Capital Management-тағы тікелей жетекшісімен жолы болғанын айтады. Ол кәсіби тұрғыда мықты көшбасшы еді және адалдықты, ұқыптылықты, адамдарға құрметпен қарауды, сондай-ақ мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуді талап ететін. Өз кезегінде ол тәулік бойы жұмыс істеп, құжат айналымына жүйе енгізді - бұл тәртіп бүгінге дейін сақталып келеді.
Baiterek Venture Fund-қа ауысқан кезде оған бірден екі міндет жүктелді: корпоративтік хатшы және заң департаментінің директоры. Жұмыс көлемі едәуір ауыр болды. Дегенмен дәл осы кезеңде ол корпоративтік хатшылар қауымдастығында танымал тұлғаға айналды. Кәсіби байланыстар арқылы ол туралы «ҚазМұнайГазда» да хабардар болды. Еншілес компаниялардың бірінің төрағасы оны өздеріне жұмысқа шақырып, тағы да жалақысын өсіруді ұсынды. Ол бұл ұсынысты қабылдады.
«Ол кезде мен үшін ең маңыздысы жалақы еді. Мүмкін, бұл біздің мәдениетімізге тән шығар — өзің барып, жалақыны көтеруді сұрау қиын. Мен біреудің алдына барып, “мен мықтымын, еңбекақымды өсір” деп айта алмаймын. Маған біреудің өзі келіп, “саған көбірек төлейік, бізге ауыс” дегені әлдеқайда оңай болды», — деп бөлісті Ильяс Саутов.
Осылайша ол «ҚазМұнайГаз» жүйесіне келді. Сол кезге дейін Қазақстандағы кәсіби тәжірибесі шамамен бес жылды құрады. Формальді шектеулерге ілікпеу үшін ол құқық саласы бойынша бакалавр дипломын да алды: магистр дәрежесі мен нақты тәжірибесі бар болса да, аппеляцияларға қатысу үшін ол міндетті еді. Нәтижесінде оның қолында бірден үш диплом жиналды: экономист, заңгер және құқық магистрі.
Экономикалық білімі ұзақ уақыт бойы артық болып көрінген, «диплом тек шаң басып жатты». Алайда бес жылдық еңбек тәжірибесінен кейін ол өз өзектілігін тапты: кейіпкеріміз қайтадан шетелге оқуға аттануға шешім қабылдады.
«Мен мансапта өтуге тырыстым. Қазір оны көп көріп жүрмін, тіпті өз жазылушыларыма қарап та. Көптеген адамдар мамандық бойынша бес жыл жұмыс істеген соң, күйіп кетеді де: «Бұл менің ісім емес екен», – деп түсінеді. Олар өздерін мәжбүрлеп жұмыс істеген. Бізде қалай болады? Мектепті бітірдің, университетті тәмамдадың, жұмысқа кіріп, жалақы ала бастайсың. «Бес жылдай жұмыс істейсің де, бір күні айналаңа қарап, «бұл менікі емес сияқты» деп ойлайсың. Оның үстіне, бәрінде дерлік бірдей сценарий қайталанады», - деді ол.
Ильяс Саутовта MBA туралы ой алғашында біршама аңғал түрде пайда болды. Қазақстандағы акционерлік қоғамдарда жұмыс істей жүріп, ол бір заңдылықты байқады: топ-менеджерлердің есімінің қасында көбіне бірдей «қосымша» - MBA атағы тұратын.
MBA дегеннің нақты не екенін ол сол кезде білмеген. Өз сөзінше, ақпараттық вакуум да болған. Жоспар қарапайым еді: беделді диплом алу, Қазақстанға оралу және ірі корпорацияда мансап құру.
Ол түсуге дайындала бастады, ең басты емтихан – GMAT, бірақ оны еш қалай тапсыра алмады. Үш рет қайта тапсырды. Эсселер де сәтті шықпайтын. Ильяс Саутов тіпті сол кезде жазған эсселері үшін ұялатындай сезімде болғанын мойындайды. Дұрыс құрылымды тек Cornell University-де оқығанда түсінген.
Үш жыл, бірнеше GMAT тапсыру әрекеті және бас тартулардан кейін оны ақыры Cornell University шақырды. Бірінші сәтте-ақ берілуге болар еді: карьера біртіндеп дамып келеді, ақша да бар. Бірақ берілуге жол бермеген нәрсе – ең алдымен, оның әйелі болғанын ол атап өтті.
Дәл сол әйел – кейіпкеріміз жұмысқа тағы бір рет бас тарту алған, мемлекеттік қызметтен шығып, қаржы тапшылығынан қорыққан және түсу қиындықтарына тап болған кезде тоннельдің соңындағы жарық болды.
«Мен толығымен күйреп қалдым. Кез келген ер адам сияқты, кейде дөңгелектің түбінде болғандай күйге түсесің. Өз басыңда елестеткен әлемнің бәрі жұмыс істемей қалады. Сол тұрғыдан әйелім мені осы лабиринттен шығарып, жол көрсететін гид болды. Ол мені депрессиядан шығарып, жол көрсетіп отырды. «Тоқтама, сен жауынгерсің, алға жылжу – сенің міндетің» – деді. Әйелім мен үшін дәл осы тұрғыдан алтын», – деп ашық бөлісті Ильяс Саутов.
Оның тоқтамай алға жылжуына тағы бір жайт себеп болды, ол - өз мүмкіндіктерінің шектеулі екенін іштей сезінуі. Ол мектепте де, өмірде де ортанқол оқушы болатын. Дәл осы «үштік» бағадан аспайтын деңгейі мен өзінен мықтылармен бәсекеге түсуге итермелеген ішкі намысы оны алға сүйреді.
«Мен берілудің соңы неге соқтыратынын анық түсіндім. Егер сол кезде бәрін тастап шегінгенімде, Қазақстанда қалып, баяғыда көңілім суыған жұмысқа барар едім. Қалаған өмірімді сүре алмай, жол ортада қолды бір-ақ сілтегеніме өмірімнің соңына дейін өкініп өтетінімді білдім», деп ағынан жарылды ол.
Сол сәтте оған Америка өмірдің соңғы нүктесі секілді көрінді. Бұл «Духless» фильміндегі кейіпкердің: «Сенің өмірің реттелді, ал менің өмірім оңалды», дейтін сөзіне ұқсайтын. Ол кезде бәрі сәтті болса, мұратқа жеткенім осы деп ойлады. Алайда АҚШ-қа табан тіреген соң ғана нағыз қиындықтың енді басталғанын түсінді.
Тәуекелдің құны да өте жоғары еді, өйткені олар қолда бар мүлкін түгел сатты. Жұбайының пәтерінен түскен қаржы соманың бір бөлігін ғана жапты, ал қалғанын жиған-тергендері мен ата-анасы алып берген пәтерді сатып толықтырды. Қысқасы, бар мүлкін бәске тікті деуге болады. Ол бұл шешімін «Қара сері» фильміндегі кейіпкердің шұңқырдан шығатын сәтімен салыстырады. Ол жерде аман қалудың жалғыз жолы - беліңдегі сақтандыру арқанын шешіп тастап, тек бір ғана мүмкіндікке сену болатын.
Америкадағы оқу өзіміз көріп жүрген кинолардағыдай емес екен. Көз тартатын кампустар, жайлы жатақханалар мен даунтаундағы пәтерлердің орнына оны бейберекетсіздік пен тұрмыстық тауқымет қарсы алды.
Виза мәселесіне байланысты Ілияс Саутов оқуға семестр басталғанда үлгере алмай, кешігіп келді. Алғашқы уақытта қаладан тоғыз шақырым жердегі, күніне бір-ақ рет автобус қатынайтын орман ішіндегі үйді паналады. Бірнеше айдың ішінде ол алты пәтер ауыстырып, тіпті екі күн бойы кампустағы диванда түнеуге мәжбүр болды.
Бұл жағдай Астананың жайлы өміріне үйренген адам үшін оңай соққан жоқ. Жеке пәтері, көлігі мен тұрақты әлеуметтік мәртебесі бар Ілияс кенеттен жылуы жоқ, қабырғасын зең басқан, құрт-құмырсқа мен егеуқұйрықтар қаптаған ескі үйлерден бір-ақ шықты.
Тіпті ақылға сыйымсыз оқиғалар да болды. Бірде есік алдын бөгеп алған бұғы айқайға да, лақтырған тасқа да селт етпеген. Осындай қисынсыз тұрмыстың астарында психологиялық қысым да жатты: оның қателесуге құқығы жоқ еді, өйткені Қазақстандағы бар дүниесі сатылып кеткен.
Көп ұзамай жары да Америкаға келді. Күйеуі тұрып жатқан жағдайды көргенде, ол еңіреп жылап жіберді. 2022 жылы Нью-Йоркке көшу де жағдайды оңалтпады. Кредиттік тарихтың жоқтығы мен жалдау шартын бірден бір жылға бекіту талабы оларды Airbnb арқылы уақытша пәтер жалдауға мәжбүрледі. Бірінші пәтер тар, ваннасы тот басқан, тоңазытқышы бұзылған, оның үстіне қандала қаптаған болып шықты. Жәндіктерді улау балалардың денсаулығына қауіпті болғандықтан, әйелі Қазақстанға қайта ұшуға мәжбүр болды.
Hell’s Kitchen ауданындағы екінші пәтер бұдан да сорақы еді: бірінші қабат, терезе астында егеуқұйрықтар жүгіріп, кәрізден шыбын шіріп, айнала тазалықтан жұрдай болды. Әйелі қайта келіп, мұны көргенде есі шығып, жылап жіберді. Олар сол жерден чемодандарын арқалап шығып, айына 6 мың долларға қонақ үй жалдады. Ілиястың айтуынша, Нью-Йорктің романтикалық бейнесі қатал шындыққа соғылып, быт-шыт болды. Манхэттендегі зәулім үйлерден лайықты баспана жалдау айына кемі 7 мың доллардан басталады, ал мұндай табысқа инвестициялық банкингте жүргендердің өзі бірден жете алмайды.
«Шынымды айтсам, мен осындай қиындықты күткен де едім. Сондықтан біреулер депрессия туралы айтқанда, менің ойыма мынау келеді: осындай сыннан өткен адам көп нәрсеге басқаша қарай бастайды. Мен қарапайым нәрселерді — сапалы кафельді, жұмсақ төсекті, кофе машинасын, жәндіктердің жоқтығын бағалауды үйрендім. Осыны түсіну адамды мықты етеді», дейді ол.
Осындай тұрмыстық тұрақсыздыққа қарамастан, Уолл-стритке жұмысқа орналасу үшін жүріп жатқан күрес одан да қатал болды. Университеттегі алғашқы апталарда одан: «MBA-дан кейін қайда жұмыс істегің келеді?» — деп сұрады. Сонда ғана ол АҚШ-тағы MBA білім алу үшін емес, мансап баспалдағына тікелей жол ашу үшін керек екенін түсінді. Cornell университетінде бірнеше негізгі бағыт болды: консалтинг, инвестициялық банкинг, корпоративтік қаржы және tech. Ең көп жалақы инвестициялық банкингте болғандықтан, ол осы жолды таңдады.
Бірақ бұл жол өте ауыр еді. Уолл-стритте ол CFA және ACCA сертификаттары бар, қаржылық білімі терең әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік түлектермен бәсекелесті. Ал ол — «ҚазМұнайГаз» жүйесінен келген заңгер, қаржылық модельдер мен терминдерді сол жерде жүріп жаңадан үйрене бастады. Алғашқы сұхбаттарын «нағыз масқара» ретінде еске алады.
Ол курстағы жұмысқа шақырту (оффер) алмаған ең соңғы адам болды. Сол сәтте ол бәрінен күдер үзіп те қойған еді. Бірақ тағы да сәттілік серік болды: банктердің бірінде үміткер бас тартып, Cornell-ге «оффер алмаған ешкім қалмады ма?» деген қоңырау түсті. Осылайша ол алғашқы тағылымдамасына, содан кейін Уолл-стриттегі жұмысына ие болды. Жаңа жұмыс орнында аман қалу үшін жасаған күресі оған егеуқұйрықтар мен қандалалар қаптаған үйлердегі тауқыметті ұмытуға көмектесті. Ол үйге тек ұйықтау үшін келіп, таң ата қайтадан Уолл-стриттегі «шайқас алаңына» аттанатын.
«Шынымды айтсам, менің Америка университетіне түсу жолым - өзгелерге үлгі болуға мүлдем жарамайтын, тіпті ең нашар тәжірибе деуге болады. Мен оқу орнын таңдағанда ешқандай ақпаратсыз, соқыр сеніммен әрекет еттім. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінбегендіктен, талай қателік жібердім. Егер бүгін біреу менің сол әдісімді қайталағысы келсе, мен оған мұндай қадамнан барынша сақтануды кеңес берер едім», дейді ол.
Қазақстан мен ТМД елдерінен келетін ересек талапкерлердің ең басты қателігі - олар университетті еңбек нарығына қарап емес, брендіне (атына) бола таңдайды. АҚШ-та білім алу - инвестиция. Сондықтан адам өзіне «қай ЖОО-ға түскім келеді?» деген емес, «бұл маған не үшін керек?» деген сұрақты бірінші кезекте қоюы тиіс.
Сұхбаттасымыздың пайымдауынша, магистратураға тек бірнеше жыл жұмыс істеп, мансап жолында тығырыққа тірелгенін сезінген адам ғана баруы керек. Бұл «жұрт солай істейді» деген ниет емес, нақты мансаптық бетбұрыс жасау қажеттілігінен туындауы тиіс. Бұл жағдайда университет - түпкі мақсат емес, тек құрал ғана.
Егер мақсатыңыз Уолл-стрит болса, инвестициялық банктерде университеттердің target (мақсатты) және non-target (мақсатты емес) деп нақты бөлінетінін ескеру қажет. Target — бұл банктер кадр таңдау үшін арнайы бюджет бөлетін мектептер. Рекрутерлер сол жерге арнайы барып, таныстырылымдар мен мансаптық шаралар өткізеді, студенттерді топ-тобымен жұмысқа қабылдайды. Non-target — бұл тізімге кірмейтін қалған оқу орындарының бәрі.
Дәл осы жерде басты мифтің күлі көкке ұшады. Harvard University - керемет университет болғанымен, инвестициялық банкинг саласы үшін ол «target» мектебі болып саналмайды. Бұл Гарвард түлектерін жұмысқа мүлдем алмайды деген сөз емес. Оларды сұхбатқа шақыруы мүмкін, бірақ банктерде олар үшін арнайы квота, бюджет немесе жүйелі іріктеу тетігі қарастырылмаған.
Уолл-стритке жол ашатын негізгі мектептер небәрі төртеу: Cornell University, Duke, NYU Stern және Columbia. Банктер маман іздеп, дәл осы оқу орындарына барады. Гарвард бұл тізімде жоқ. Сонымен қатар, Гарвард консалтинг саласы үшін (McKinsey, BCG, Bain, Big4) таптырмас мүмкіндік береді. Қай оқу орны нақты бір жұмысқа қажет екенін білу үшін университеттің сайтына кіріп, Employment Report (жұмыспен қамту есебін) қарау жеткілікті. Онда мектептер жыл сайын түлектерінің қай индустрияға және қай компанияларға орналасқанын жариялап отырады.
Менеджмент, аккаунтинг немесе жалпылама мамандықтар бойынша магистратура сырттай әдемі көрінгенімен, олар еңбек нарығына тікелей жол ашпайды. Инвестициялық банкинг пен консалтинг үшін дәл осы MBA дәрежесі қажет. MBA - бұл білім алу емес, бұл бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Оған оқуға түсу де өте қиын. GMAT - Ілияс Саутовтың өмірінде тапсырған ең ауыр емтихандарының бірі. Бірақ оның Cornell-ге қабылдануына дәл осы емтихан нәтижесі үлкен септігін тигізді.
Өкінішке қарай, Ілияс Саутов жұмыс істейтін банктің атын да, өзі қатысқан нақты келісімшарттарды да атай алмайды. Америка заңнамасына сәйкес ол лицензиясы бар брокер-дилер ретінде тіркелген және Federal Reserve System (Федералды резервтік жүйе) тізілімінде бар. Бұл дегеніміз - кез келген транзакция мәліметтерін жариялауға қатаң тыйым салынған. Ол жұмыс істейтін банк - нарықтық капитализациясы 100 млрд доллардан асатын, әлем бойынша 120 мыңға жуық қызметкері бар Швейцарияның ең ірі қаржы конгломераты. Құрылымы жағынан ол JP Morgan немесе Morgan Stanley сияқты жаһандық алпауыттарға ұқсас.
Ол - инвестициялық банкир. Бұл мамандық әлемдегі ең ірі корпорациялардың қаржылық кеңесшісі болуды білдіреді. UFC-ден бастап KFC немесе Louis Vuitton-ға дейінгі кез келген жаһандық бренд инвестициялық банктермен жұмыс істейді. Компаниялардың IPO-ға шығуы, бір-бірін сатып алуы, несие тартуы немесе реструктуризация жасауы - осының бәрінің артында банкирлер тұр. Олар мәмілелерді сүйемелдейді, бизнесті бағалайды және капиталды басқаруға көмектеседі. Осы қызметі үшін банктер комиссиялық сыйақы алады.
Дәл осы себепті инвестициялық банкингті корпоративтік қаржының «шыңы» деп атайды. Бұл - іріктеу деңгейі, жұмыс жүктемесі мен еңбекақы мөлшері жағынан элиталық индустрия. Сұхбаттасымыздың айтуынша, табыс көлемі бойынша ол тек private equity (тікелей инвестициялар) саласына ғана жол береді. Ал ол салаға, әдетте, тәжірибелі инвестициялық банкирлер ауысып жатады.
Ілияс Саутовтың сөзінше, инвестициялық банкирлер АҚШ-тағы табысы ең жоғары 5 мамандықтың қатарына кіреді. Бірақ ол бұл салада тек айлыққа қарап өмір сүру қалыпты жағдай емес екенін атап өтті. Негізгі жалақы күнделікті шығындарды жапса, табыстың басым бөлігі - бонустардан құралады. Бонустар тікелей сәтті аяқталған келісімшарттардың саны мен ауқымына байланысты және көбіне жылдық жалақымен бірдей болады. Орташа жалақы мөлшері шамамен мынадай:
Аналитиктер: жылына $100–125 мың;
Ассоушиэйттер: $150–250 мың;
Вице-президенттер: $250 мыңнан жоғары;
Басқарушы директорлар: $500 мыңнан басталады.
Сонымен қатар, жұмыста қалу үшін үнемі рейтингтің ортасында немесе басында болуың керек. Жыл сайын қызметкерлер бағаланып, үш санатқа бөлінеді: жоғары, орташа және төмен рейтинг. Ең жоғары рейтингті команданың тек 10-15%-ы ғана алса, төменгі рейтингке міндетті түрде қызметкерлердің 20-30%-ы ілігеді. Бұл ереже аналитиктен бастап вице-президентке дейін барлық деңгейге қатысты. Төменгі топқа түсу — алдағы 24 ай ішінде жұмыстан босайсың дегенді білдіреді. Сондықтан Уолл-стритте кадрлар тұрақсыздығы өте жоғары.
Бұл салада work-life balance (жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігі) деген ұғым мүлдем жоқ. Банкирлер аптасына 80-100 сағат жұмыс істейді және рейтингтің соңында қалмау үшін өзара бәсекелеседі.
1980-жылдардағы фильмдердегі Уолл-стриттің романтикалық бейнесі әлдеқашан келмеске кеткен. 2007-2008 жылдардағы дағдарыстан кейін бұл сала қатаң бақылауға алынды: көзбояушылық пен шектен тыс сән-салтанат жойылып, тәртіпке қойылатын талап күшейді.
Болашақ туралы сөз қозғағанда, Ілияс Саутов бірден ескерту жасады: оның саласында алдағы алты айдан артық уақытқа жоспар құрудың мәні жоқ.
«Ертең маған рейтингімді хабарлайды. Егер ол төмен болса, бір айдан кейін менің өмірім мүлдем өзгеріп кетуі де әбден мүмкін», - дейді ол.
Осындай қатал талаптардың кесірінен жоспарлау көжиегі өте тар және болашаққа қатысты нақты бекітілген бағыт та жоқ. Қазір ол Уолл-стритте барын салып, жұмыс орнын сақтап қалуға, ақша табуға және отбасының болашағын қамтамасыз етуге тырысып жүр. Сонымен бірге, ол Қазақстанға қайту мүмкіндігін жоққа шығармайды, керісінше, ұзақ мерзімді перспективада бұл қадамды «болмай қоймайтын іс» деп санайды.
АҚШ-тың қаржы орталығына баратын осыған ұқсас жолды таңдағысы келетіндерге ол басты бір жайтты айтты: бұл үшін кемеңгер немесе өмір бойы «бестікке» оқыған үздік болу міндетті емес. Тек берілмеу, өзіңді нық әрі шынайы бағалай білу және өзгелерден сәл де болса тыңғылықты әрі жауапты болу жеткілікті.
«Әрқайсымыздың жетілдіруге тура тұстарымыз бар. Шын мәнінде, бұл әлемде жол табу соншалықты қиын емес»,- деп есептейді ол.
Ең бастысы - алған бағаларыңызға, өткен шақта жапсырылған «таңбаларға» немесе өзгенің пікіріне сіздің мүмкіндіктеріңіздің шегін анықтауға жол бермеу керек.
Интервьюер: Кристина Колосовская
Дереккөз: Kursiv Media