«Шетелге көшкенде патриоттық сезім артады», – Жұлдыз Қыдырбаева

29 Қазан 2025

Швецияда өмір сүріп жатқан қобызшы әрі телекоммуникация саласының маманы Жұлдыз Қыдырбаева қазақ мәдениетін шетелде насихаттап жүрген белсенді тұлғалардың бірі. Ол Атырауда ұзақ жыл еңбек етіп, кейін кәсіби жолымен Еуропаға қоныс аударған. Бүгінде Стокгольмдегі “Достар” қазақ мәдени қауымдастығының мүшесі ретінде түрлі мәдени шараларға қатысып, қобыз өнерін таныстырып жүр. Сұхбат барысында Жұлдыз ханым шетелге бейімделу тәжірибесі, қазақ қауымдастығының жұмысы және ұлттық өнерді дәріптеу жайында әңгімелеп берді.

– Сәлеметсіз бе, Жұлдыз ханым! Сізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Қазақстанға қош келдіңіз! Ең алдымен, оқырмандарымызға өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– Сәлеметсіз бе! Көп-көп рақмет. Сұхбатқа шақырғаныңызға өте ризамын. Есімім – Жұлдыз Қыдырбаева, Атырау қаласынанмын. Атырауда 19 жыл жұмыс істедім, ал төрт жыл бұрын жұмыс бойынша Швеция еліне қоныс аудардым.

– Қазір қай салада жұмыс істейсіз?

– Бұрын мұнай саласында еңбек еттім, қазір телекоммуникация саласында жұмыс істеймін.

– Швецияға көшу қалай өтті? Ол жаққа бейімделуіңіз қалай жүрді?

– Жұмыс бабымен көшкендіктен, Швециядағы қабылдаушы компания барынша көмек көрсетті. Алғашында үш айға тұратын пәтер берілді. Стокгольм – үлкен қала, сондықтан тұрақты баспана табу оңай емес: келушілер көп, ал пәтер аз. Осындай қиындықтар болды. Кейін таныстар арқылы сұрастырып жүріп, үш айдан соң тұрақты тұратын жер таптым.

Тіл мәселесіне келсек, қазір швед тілін үйреніп жүрмін. Жұмыста бәріміз ағылшын тілінде сөйлесеміз. Швецияға келіп жатқан шетел азаматтарына арналған швед тілі курстары бар, мен де сол сабақтарға қатысып жүрмін. Шетелге көшкен соң патриоттық сезім ерекше оянады екен. Өзім орыс мектебінде оқыдым, ал қазір қазақ тілін тереңірек меңгергім келеді.

– Жұлдыз ханым, сіз қобызшысыз. Жалпы қобыз өнеріне қалай келдіңіз және дәл осы аспапты таңдауыңызға не себеп болды?

– Жасым он болғанда, әкем мені музыка мектебіне беріп, қобыз сыныбына жаздырды. Ал мен бастапқыда: «Домбыраға барам» – деп айтқан едім. Сонда әкем:

«Домбыраны көп адам ойнайды, ал қобызды аз адам меңгереді, сондықтан қобызға барғаның дұрыс», – деді.

Сөйтіп мен қобыз үйренуді бастадым. Бес жылдық музыка мектебін бітіріп, диплом алдым. Сол кезден бері қобызбен келемін. Қазір менде прима-қобыз бар, ал бүгінде қылқобызды үйреніп жүрмін. Бала күнімде қылқобыз сыныбы болмаған еді, екі аспаптың айырмашылығы сәл өзгеше. Швецияда өтетін мәдени шараларда көбіне прима-қобызда ойнаймын. Қазақстанда жүргенде де қобызды тастамай, түрлі концерттер мен іс-шараларда өнер көрсетіп жүрдім.

– Жалпы, Сіз Стокгольм қаласындағы «Достар» қазақ мәдени қауымдастығына қашан қосылдыңыз және қандай шараларға қатыстыңыз?

– Мен 2021 жылы Швеция еліне көшіп келдім. Содан кейін аздап қазақтарды іздей бастадым, ең алғашында Facebook арқылы іздедім. Солайша «Достар» ассоциациясын тауып, оларға Facebook арқылы жаздым. Сол тұста кинофестиваль ұйымдастырылып жатқан еді. Біз сол кино іс-шарасына қатысып, сол жерде алғаш рет таныстық. Содан кейін өзімді таныстырып, біртіндеп басқа шараларға да қатыса бастадым. Солай қобызда ойнап, қауымдастықтың мүшесі болдым.

Енді біздің ассоциация жөнінде айтсақ. «Достар» ассоциациясы – ресми тіркелген ұйым. Біздің басты мақсатымыз – Швецияға жаңадан келген қазақстандықтарға қолдау көрсету. Мысалы, елге жаңадан көшіп келген азаматтарда түрлі сұрақтар туындайды. Сол сұрақтарға Facebook немесе Instagram арқылы жауап беріп, мүмкіндігінше көмек көрсетеміз. Мысалы, Швецияға келіп жатқан студенттер бар. Олардың арасында магистратура немесе докторантурада оқитындар да кездеседі. Осындай жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдау танытамыз.

Біз түрлі мәдени шараларда өнер көрсетеміз. Мысалы, өткен жылы Елшілігіміз бен «Достар» қазақ қауымдастығы бірігіп екі күндік кинофестиваль өткізді. Онда қазақ режиссерлерінің фильмдері көрсетілді. Алғашқы күні Елшілік өз қонақтарын шақырып, қабылдау ұйымдастырды. Сол кеште мен қобызда ойнадым. Өнер көрсеткеннен кейін ағылшын тілінде қонақтарға түсіндіріп бердім: бұл – қазақтың ұлттық аспабы, ежелгі тарихы бар, терең мағыналы өнер деп. Көп адам ерекше қызығушылық танытты. Қобыздың үнін естіп, “бұл қандай аспап, дауысы қандай әдемі, қалай ойнайсыз?” деп сұрап жатты. Уақыт өте келе жергілікті халық қобызға үйреніп, оған қызыға бастады.

Биыл Наурыз мерекесін өткізген едік. Сол кезде біздің мерекемізге жергілікті халықпен бірге Димаштың фан-клубының өкілдері де келді. Олар – шведтер, бірақ қазақ мәдениетіне ерекше қызығады. Үнемі біздің шараларымызға қатысып, домбыра мен қобыздың үніне тәнті болып жүреді. Кейбірі қазақша сөздерді де үйреніп алыпты.

Наурыз мерекесінде сол фан-клубтың мүшелері сахнаға шығып, Абайдың бір өлеңін қазақ тілінен швед тіліне аударып, әуен мен ырғақ сақтай отырып, мәнерлеп оқыды. Бұл біз үшін өте әсерлі сәт болды. Олардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығы бізді қуантты, әрі таңғалдырды.

Одан да басқа тағы бір әдеби кешіміз өтті. Ол жазушы Дулат Исабековке арналған болатын. Оның «Ыстық күн, ызғарлы жел, жанды дала» атты кітабы швед тіліне аударылып, сол кітаптың таныстырылымы әдеби клубта өтті. Өкінішке қарай, жазушы ағамыздың өзі келе алмады, бірақ онлайн қосылып қатысты. Кеш өте жоғары деңгейде өтті.

Мен сол кеште қобызда ойнап, қобыз өнерін таныстырдым. Қатысушыларға ағылшын тілінде қобыздың тарихы мен қазақ мәдениетіндегі орнын түсіндіріп бердім. Көрермендердің эмоциялары ерекше болды — қызығушылықпен тыңдап, кейін келіп сұрақтар қойып жатты: “Бұл қандай аспап? Қалай ойнайсыз? Неден жасалған?” деп. Солай біртіндеп түрлі мәдени шараларға қатысып жүрміз.

– Жалпы, жергілікті халық қобызды қалай қабылдайды? Жастардың қызығушылығы қандай?

– Мен жұмыс істейтін жерде де шетелдік әріптестерім көп. Кейде жиналыстарда немесе бейресми кездесулерде мен қазақ мәдениетін таныстыру мақсатында қобызда ойнап беремін. “Қаласаңыздар, қазақтың ұлттық аспабын көрсетейін” десем, барлығы қуана келіседі. Қобыздың үні оларға қатты ұнайды. Бір әріптесім тіпті “бұл әуен Голливуд фильмдерінің саундтректеріне ұқсайды” деп айтты.

Менің ойымша, шетелде жүрген қазақтардың басты мақсаттарының бірі – өз мәдениетімізді таныту. Біріншіден, өзіміз білуіміз керек, екіншіден, оны шетелдегі қазақтарға және жергілікті халыққа танытуымыз қажет. Солай деп ойлаймын.

Менің ойымша, диаспора өкілдері арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін дәл осындай жобаларды көбейту қажет. Мысалы, тіл курстарын, мәдени үйірмелерді, әдеби кештерді жиі өткізу.

– Шетелдегі қазақ диаспораларының ынтымақтастығын дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Және сіздің берер бірнеше кенесіңіз?

Енді жалпы ынтымақтастықты арттыру туралы айтатын болсақ, бұл тек Швециядағы емес, жалпы шетелдегі қазақ диаспораларына қатысты мәселе деп ойлаймын. Бір-біріміздің жұмыстарымызды әлеуметтік желілерде, мысалы, Facebook немесе Instagram арқылы көріп, қолдау білдірудің өзі бізді жақындата түседі.

Мен өзім «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өтетін қазақ тілі сабақтарына қатысамын. Сол сабақтар туралы Швециядағы басқа қазақтарға да айтып, қатысуға шақырып жүремін. «Қатысыңыздар, бұл пайдалы әрі қызықты сабақтар», – деп үгіттеймін. Бұл курстар тек орыс тілінен қазақшаға емес, ағылшын тілінен қазақшаға да оқытады. Мұндай мүмкіндік – шетелдегі қазақ балалары үшін үлкен қолдау, себебі олардың көбі орысша білмей, ағылшынша сөйлейді. Сондықтан осындай мүмкіндіктің берілуі мені қатты қуантады.

Жақында біздің ассоциациямызға бір волонтер келіп: – «Мен волонтер ретінде кішкентай қыз балаларға қазақ биін үйреткім келеді», – деді. Біз оны қолдап, өткізілетін орынды тауып, келісіп, осындай курстарды бастадық. Алғашқы сабағы өткен аптада өтті. Ата-аналар да, балалар да өте жақсы қарсы алды. Бұл да біздің мақсатымызға сай – балалардың қазақ мәдениетін ұмытпай, бойына сіңіруіне ықпал етеді.

Ал басқа елдердегі қазақ диаспораларымен де байланыс бар. Мысалы, Дания мен Норвегиядағы қазақ қауымдастықтарымен араласып тұрамыз. Бір-бірімізден:– «Сіздер шараларды қалай өткізесіздер?», «Қалай ұйымдастырасыздар?», «Қандай кеңестеріңіз бар?» – деп сұрап, тәжірибе алмасамыз. Осылайша бір-бірімізге қолдау білдіріп, болашақта қонаққа барып, бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндігін де қарастырып жүрміз.

– Сұхбатқа уақыт бөліп, әсерлі әңгімеңізбен бөліскеніңіз үшін көп рахмет!

 

 

Әңгімелескен Керимбаева Айдана