Спартак Зикрин — Уппсала университетінің ғылыми бағдарламашысы, Швециядағы «Достар» қазақ мәдени қауымдастығының төрағасы.
— Спартак мырза, әңгімені ең маңызды сұрақтан бастайық. Сіз Швецияға қалай бардыңыз?
— Менің өмірім Алматыда басталды. Сол жерде дүниеге келдім, ал мектепті Көкшетауда бітірдім. 2008 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін «Математика» мамандығы бойынша аяқтадым. Сол жылы Швециядағы Линчёпинг университетінің докторантурасына қабылдандым. Осылайша оқумен басталған жолым жалғасып, бұл елде тұрғаныма 17 жыл болды. Шынын айтсам, көшіп келгенде айтарлықтай қиындықтар болған жоқ: университет тұрғын үймен де, бейімделуге де көмектесті. Ал мәдени айырмашылықты сезіну – әсіресе алғашқы жылдары қатты байқалды.
— Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?
— Мен Уппсала университетінің биомедициналық орталығында ғылыми бағдарламашы болып жұмыс істеймін. Бұл — Швециядағы ең көне университет, сондықтан оның ғылыми ортасының бір бөлшегі болғанымды мақтан тұтамын. Біздің негізгі жұмысымыз – бактериялық жасушалардың суреттерін, мысалы, ішек таяқшасы сияқты микроорганизмдерді талдау. Мақсатымыз – бактериялардың антибиотикке төзімділігін алдын ала болжау. Бұл туберкулез, сепсис сияқты дерттерді емдеумен тікелей байланысты. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің жұмысымыз адамдардың өмірін аман алып қалуға бағытталған.
— Басқа елге қоныс аударғанда, көп нәрсе өзгереді. Бұл сіздің мәдени болмысыңызға қалай әсер етті?
— Өте қатты әсер етті. Үйден жырақта жүргенде өз дәстүрлеріңді қайтадан жаңаша қырынан тани бастайсың. Линчёпингте жыл сайын халықаралық фестиваль өтетін, онда студенттер өз елінің мәдениетін таныстыратын. Есімде, алғаш рет сол сахнаға Қазақстанның туын көтеріп шықтым. Сол сәтте түсіндім: бұл жай ғана дәстүр емес, бұл – менің өзімнің ажырамас бөлігім.
— Қазір сіз «Достар» қауымдастығын басқарасыз. Бұл идея қалай пайда болды?
— Бұл бастама 2017 жылы көтерілді. Қазақстан елшілігінің қолдауымен біз жастар ұйымын құрдық. Уақыт өте келе қауымдастығымыз кеңейіп, 2023 жылы атауымызды «Достар» деп өзгерттік. Бұл атау біздің басты мақсатымызды білдіреді: біз жай ғана қызығушылық клубы емес, бір-біріне көмек көрсететін шынайы ортаға айналдық.
Қауымдастық түрлі іс-шаралар ұйымдастырады: кинофестивальдер, көрмелер, қазақ асханасын таныстыратын кештер. Сонымен қатар «Швециядағы өмір» тақырыбында семинарлар өткіземіз, онда бюрократиялық мәселелерден бастап, күнделікті бейімделу жолдары талқыланады. Алдағы жоспарымызда – балаларға арналған қазақ би үйірмесін ашу. Біз қазақ мәдениеті тек естелікте ғана қалып қоймай, ұрпағымыздың өмірінде, олардың әр қадамы мен биінде жалғасын тапсын деп қалаймыз.
— Есте қалған ең ерекше шара қайсысы?
— Әрине, Наурыз мерекесі. Соңғы Наурыз мерекесінің тойлауы рекордтық деңгейде өтті: шамамен 120 адам жиналды. Атмосфера керемет болды! Қазақтың әндері шырқалды, домбыра мен қобыз үнін естідік. Тіпті Димаштың жанкүйерлер клубы да өнер көрсетті – олар швед әнін қазақша орындап, Абайдың өлеңдерін швед тілінде оқыды. Елестетіп көріңізші: бір залда үш тілде ән айтылып, адамдар күліп, шат-шадыман болып отыр. Осындай сәттер үшін біз бәрін жасаймыз.
— Шведтер сіздердің шараларыңызға қатыса ма?
— Әрине! Біз әрқашан әріптестерімізді, достарымызды шақырамыз. Олар қызығушылықпен келеді де, таңырқап: «Міне, Қазақстан осындай екен!» дейді. Кейбір кездесулерден кейін тіпті елге баруды ойлайтындар бар. Әлі есімде, алғашқы іс-шаралардың бірі Қазақстанның табиғатына арналды. Біз Шарын шатқалының, Көлсайдың суреттерін көрсеттік. Шведтер қатты таңғалды. Шынымды айтсам, сол кезде өзім де: «Мұның бәрін өз көзіммен көру керек!» деп ойладым (күледі).
— Швециядағы басқа қазақ ұйымдарымен байланыс орнатуға мүмкіндік болып жүр ме?
— Иә, бар. Мысалы, Стокгольмде Абай қоғамы жұмыс істейді. Ақпанда біз олармен бірге Елзат Ескендірдің «Абель» фильмін көпшілікке тегін көрсеттік. Сондай-ақ Вестероста қазақ қауымдастығы бар, негізінен Түркиядан келген қандастарымыз. Олар бізді мерекелеріне шақырады, біз де өз шараларымызға шақырамыз. Мәселен, былтыр Наурызда және біздің кинофестивальде осылай бірге бас қостық.
— Үйде қандай дәстүрлерді сақтап жүрсіздер?
— Біздің отбасымыз интернационалдық: жұбайым Санна — швед қызы. Бірақ қазақ мәдениеті әрқашан жанымызда. Наурызды атап өтеміз, ұлттық тағамдарды жиі әзірлейміз, әсіресе мәнті пісіреміз. Студент кезімде Қазақстаннан мантоварка (каскан) әкелгенмін. Басқа қалалардан келген студенттер менің үйіме тек мәнтідан дәм тату ғана үшін ұзақ жол жүріп келетін. Кейін жұбайымды да үйреттім. Қазір болса, бұл - біздің отбасылық дәстүрімізге айналды. Жақында Уппсала университетінің студенттеріне мәнті жасау бойынша шеберлік сабағын өткіздік. Өте қызықты болды!
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— «Достар» қауымдастығының дамуын жалғастырып, қазақ мәдениетін көбірек адам танығанын қалаймын. Жақында JAS QAZAQ атты жазғы лагерьге қатыстым. Сонда шетелде тұратын балалардың дарынды, тілді білетінін, дәстүрді ұстанатынын көріп қуандым. Бұл — біздің мәдениетіміз жоғалмайтынына үлкен үміт береді. Сонымен қатар, «Отандастар қоры» КеАҚ және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз. Бірлесіп көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызға сенемін.
P.S. «Достар» қауымдастығы қазақ мәдениетін жақыннан танығысы келетін баршаңызды шақырады. Хабарландыруларымызды қарап, іс-шараларымызға келіңіздер — өз үйіңіздегідей жайлы көңіл-күй сыйлаймыз!
Сұхбаттасқан: Жанель Қаржаубай