Қазақ тілін ерекше ықыласпен үйрендім: Корея мен Қазақстан арасын жалғап жүрген ғалыммен сұхбат

04 Тамыз 2025

Қазақстанға алғаш келгенде ұлттық тағамнан дәм татып, сарқыт пен көрімдік алған корей қызы бүгінде өзін «Баян» деп таныстырады. Қазақша еркін сөйлейді, қазақтың мәдениеті мен болмысына ерекше құрметпен қарайды. Ол - Кореядағы Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілін таңдаған алғашқы студенттердің бірі Чу Ионг-Мин. Төрт жыл бойы тіл мен дәстүрді оқып, кейін Астанаға келіп докторантураны тәмамдаған. Қазір Кореяда қазақ мәдениетін зерттеп, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтып жүр. Чу Ионг-Мин ханым El.k zинтернет порталына сұхбат беріп, екі ел арасындағы көші-қон мәселесі туралы айтып берді.

- Құрметті Чу Ионг-Мин ханым, сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдымен, оқырмандарымызға өзіңіз туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз. 

Чу Ионг-Мин: Құрметті Қазақстандағы достарым және оқырмандар,сәлеметсіз бе! Менің аты-жөнім Чу Ионг-Мин, қазақша атым – Баян. Мен Астанада докторантураны бітіріп, қазір Кореядағы Ханкук шет тілдері университетінде Орталық Азия бойынша студенттерге сабақ беріп жүрмін. Бір жағынан мен Қазақстанды зерттейтін маманмын, тағы бір жағынан Қазақстанның үлкен жанкүйерімін.

 

- Сіздің докторантураны Астанада Еуразия ұлттық университетінде оқығаныңызды білеміз. Қазақстанда оқыған сол кезең Сіздің ғылыми бағытыңызға қалай әсер етті?

Чу Ионг-Мин: Бұрын Кореяда жүргізілген Қазақстанға қатысты зерттеулердің көпшілігі кеңестік немесе ресейлік көзқарас негізінде жүргізілгені белгілі. Көптеген зерттеушілер өз жұмыстарында орыс тілін қолданды. Мен де Кореяда сол зерттеулер арқылы Қазақстан туралы оқыдым. Әрине, осы зерттеулерде құнды көзқарастар мен мол ақпарат бар. Бірақ, Қазақстан ішіндегі жергілікті көзқарас жеткілікті дәрежеде емес деп ойладым. Өйткені олардың көбісі Ресейден шыққан ақпараттардан негізделген. Сондықтан мен Қазақстанды орыс тілі немесе ресейлік дереккөздер арқылы емес, қазақ тілі арқылы - яғни, қазақтың өз көзімен көруге талпынып, сондай бағытта зерттеу жүргізуге тырыстым. Астанадағы оқу мен өмір сұру тәжірибем маған тәуелсіз Қазақстанның болмысын тереңірек түсінуге зор мүмкіндік берді. Қазір де қазақстандық азаматтардың ойын, пікірлерін көбірек тыңдағым келеді.

 

- Неліктен дәл қазақ ұлты мен Орталық Азия миграциясын зерттеу Сіздің басты ғылыми нысанаңызға айналды? Бұл таңдау жеке қызығушылыққа негізделді ме, әлде ғылыми қажеттілікке ме?

Чу Ионг-Мин: Мен аймақтық зерттеулермен айналысатын маманмын. Менің ойымша, аймақтану деген -  басқа өңірлермен немесе елдермен жақындасу жолдарын іздейтін ғылым. Сондықтан ол дәстүрлі ғылымдарға қарағанда, тәжірибелік сипаты басым ғылым деп есептеймін. Маған осы жағы ұнайды.

Менің зерттеуімнің басты мақсаты – екі елдің бір-біріне жақындасу жолдарын табу. Осы мақсатқа жету үшін бірінші қазақ тілін оқыдым, және өзім Қазақстанда тұрып жергілікті халықпен жақын араластым. Енді мен Корея жағынан қарап екі ел арасында болып жатқан үдерістерді дұрыс түсінуі қажет деп ойладым. Сол себепті мен осы тақырыпқа байланысты мақаланы жаза бастадым.

 

- Қазақстан туралы алғашқы әсеріңіз қандай болды? Қай өңірде тұрдыңыз, қандай адамдармен араластыңыз? Бұл тәжірибе сізге не берді?

Чу Ионг-Мин: Мен 2007 жылы бір жыл бойы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студент кезімде Алматыда тұрдым. Кейін докторантурада оқып жүргенімде Астанада тұрдым. Екі қаланы да жақсы көремін, бірақ Астанада ұзақ тұрғандықтан ба, бұл қала маған көбірек ұнайды. Астананың қысы өте-өте-өте суық болса да, жүрегі жылы ұстаздар мен достарым көп болғандықтан әдемі қала деп ойлаймын. Астанада тұрған кезімде мен жиі қонаққа барып ет жеп, қара шай ішкен едім. Тойдан кейін маған әрдайым «сарқыт» берілетін, ал диплом алғанымда «көрімдік» те алдым. Мен Қазақстандағы кәрістермен (коресарам) де жиі кездескенмін, әсіресе әжелер маған өте қамқор болды. Сондықтан Астанада жүргенде көп салмақ қосып алдым. Меніңше, осының бәрі махаббаттың арқасы. Осындай айналамдағы адамдардың қамқорлығы мен махаббатының арқасында мен оқуымды сәтті аяқтай алдым. Қазақстандағы достарым көрсеткен жылы қонақжайлылығы менің жүрегімде әлі күнге дейін сақталып келеді.

 

- Сіздің Қазақстан туралы түрлі зерттеулер жүргізетініңізді білеміз. Оның ішінде қазақстандық мигранттардың Оңтүстік Кореяға көшу себептері туралы жазылған мақалаңызбентанысып шықтым. Осы сұхбаттағы сұрақтарымның басым бөлігі көші-қон мәселесіне қатысты болмақ. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореядағы Орта Азия елдерінен, оның ішінде қазақстандық мигранттардың саны артты. Бұл үрдісті Сіз қандай құрылымдық немесе мәдени факторлармен байланыстырар едіңіз? 

Чу Ионг-Мин: Көптеген факторлардың өзара ықпалдасуы осындай құбылыстың пайда болуына себеп болған. Мен бұл факторларды көші-қон жүйесі теориясына (Migration Systems Theory) сүйене отырып 'макро', 'микро' және 'мезо' деңгейлерге бөліп талдадым.

Біріншіден, макродеңгейдегі факторларға мыналарды жатқызуға болады: Бірінші - дипломатиялық қатынастар мен институционалдық өзгерістер. Екінші - демографиялық және өнеркәсіптік құрылымның өзара толықтыруы.

Оңтүстік Корея мен Қазақстан 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнатқаннан бері нарықтық экономика, ядролық қарудан бас тарту, және корей диаспорасының болуы сияқты ортақ құндылықтар негізінде достық қарым-қатынасты сақтап келеді. 2009 жылы екі елдің байланысы стратегиялық әріптестік деңгейге жетті. Ал 2014 жылы визасыз режим енгізіліп, қос елдің азаматтарына еркін қатынас жасауға мүмкіндік туды.

Одан бөлек, Оңтүстік Кореяда 2025 жылдан бастап 65 жастан асқан халықтың үлесі 20%-дан асатын суперқартаю кезеңіне (Super-aged Society) кірсе, Қазақстанда 16–62 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халық ел халқының 57,5%-ын құрайды. Кореяда жұмыс күші жетіспейді, ал Қазақстанда жұмыс орындары тапшы. Сонымен қатар, Корея өндірістік экономикаға, ал Қазақстан ресурстық экономикаға сүйенеді. Яғни, демографиялық және экономикалық құрылым жағынан бірін-бірі толықтыратын жағдай қалыптасқан.

Микродеңгейдегі факторларға келетін болсақ, оларға біріншіден корей диаспорасы (Коресарам), екіншіден, корей толқыны (Hallyu), және үшіншіден, онлайн мен оффлайнда қалыптасқан корейге қатысты қауымдастықтарды (community) жатқызуға болады. Корей диаспорасы (Коресарам) – Қазақстан халқы үшін Кореяны танудың бірінші терезесі деп санауға болады. Олардың жақсы имиджінің арқасында Корея жайлы жағымды көзқарас қалыптасты. Сосын 2000-жылдардан кейін басталған K-pop пен Корей толқыны да Қазақстанда Кореяға деген қызығушылықты арттырған маңызды факторлардың бірі.

Сонымен қоса, бұрын адамдар Корея туралы ақпаратты туыстары немесе ауылдастарынан алса, қазір интернеттің дамуына байланысты көптеген онлайн қауымдастықтар пайда болды. Енді кез келген адам Кореяға қалай баруға болатыны, қай жерде тұру ыңғайлы екені туралы ақпаратты оңай таба алады, бұл көші-қон үдерісін жеделдетті.

Мезодеңгейдегі фактор ретінде көші-қон брокерлерін атауға болады. Бұрынғыға қарағанда қазір Кореяға барғысы келетіндер көбейіп жатқандықтан, мұндай қызметтер қысқа уақытта пайда болды. Бұл да жаңа мигранттар санының артуына әсер етуде.

 

- Сіздің мақалаңызда келтірілген деректерге сүйенсек, қазақстандықтар арасында заңсыз көші-қон мен босқын мәртебесін алуға тырысатындар да аз емес. Бұл құбылыстың әлеуметтік-психологиялық немесе жүйелік себептері қандай деп ойлайсыз?

Чу Ионг-Мин: Басқа елге көшу - нағыз белгісіздік. Сондықтан адамдар неғұрлым сенімді, басқалар көрсеткен жолдарды іздей бастайды, сол себепті Кореяның босқындар жүйесін пайдаланады немесе кейбіреулер сияқты заңсыз болып қала береді. Және дәл осы саланы жақсы білетін арнайы брокерлер де бар. Кореяда босқын ретінде танылу деңгейі бар болғаны 2.7%, бұл өте төмен көрсеткіш. Қазақстан азаматтарының босқын мәртебесін алуы өте қиын. Соған қарамастан, босқын мәртебесіне өтініш берегендердің саны аз емес. Бұл - олардың басқа нақты ниеттері бар екенін көрсетеді. Бірақ шын мәнінде бұл әдіс не сенімді, не қауіпсіз емес. Ақша да көп кетеді, әрі бірнеше рет сұхбатқа бару үшін уақыт та кетеді. Егер визаны алуға немесе ұзартуға мүмкіндік жоқ болса, ақша табу үшін заңсыз болып қалатындар да бар. Заңсыз болып қалса, ешкім оған көмектесе алмайды. Өте қауіпті жағдайда болады.

 

- Көші-қон жүйесі теориясын қолдана отырып, Сіз қазақстандық еңбек мигранттарын мәдени делдал немесе «халықаралық көпір» ретінде сипаттайсыз. Олар Корея мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынаста қандай рөл атқара алады деп ойлайсыз?

Чу Ионг-Мин: Еңбек мигранттары Кореяда біраз уақыт жұмыс істеп, кейін қайтадан Қазақстанға оралады. Қазақстанда жүргенде олар өз айналасындағы адамдарға Кореяның мәдениетін әңгімелеп береді немесе Кореяда үйренген нәрселерін іс-әрекетімен көрсетеді. Кореяда болмаған адамдар да осы адамдар арқылы Кореяның мәдениетімен танысып жатады. Мысалы, корейлер раменді қалай пісіріп жейтіні, қандай жүзім жейтінін (шайн мускат сияқты) немесе сәби дүниеге келгенде қандай салт дәстүрмен той жасайтыны - бәрі үлгі бола алады. Ал керісінше, корейлер Қазақстан адамдар ет пен сүт өнімдерін жақсы көретінін, сондай-ақ кофеден гөрі қара шайды көбірек ұнататынын біле алады. Бұл мәдени қарым-қатынастың іргетасына айналады.

 

- Кореяға көшкен қазақстандық жастардың ішінде оқуға келгендер де, еңбек етуге келгендер де бар. Екі топтың бейімделу үдерісі мен мәдени интеграциясында қандай айырмашылықтар бар?

Чу Ионг-Мин: Топтарға қарай айырмашылықтар болуы мүмкін, бірақ меніңше, бейімделуде ең маңызды нәрсе - тіл. Корея қоғамының 95%-ын корей ұлты құрайды. Бұрын бұл көрсеткіш тіпті жоғары болған. Сондықтан Корея қоғамында корей тілін білу - табиғи нәрсе.

Әрине, университеттерде ағылшын тілінде сабақ тыңдап, достар табуға мүмкіндік жоғарлау. Бірақ күнделікті ортада корей тілін білмесе, өмір сүруде қиындықтар көп болуы мүмкін. Сол себепті компанияда да, оқу орнында да корей тілін жақсы меңгергендер тезірек бейімделіп кетеді.

Және сіз де білетін шығарсыз, корейлер көп жұмыс істейді, әрі жұмыс барысында өте қатал және талапшыл келеді. Сондықтан қазақстандықтар үшін Кореядағы еңбек мәдениетін түсініп, үйренуге біраз уақыт қажет болады деп ойлаймын.

 

- Қазіргі уақытта Кореяда тұрып жатқан қазақстандықтар арасында қандай жаңа трендтер немесе қызықты деректер байқалады? Мысалы, қай салада жиі жұмыс істейді, қандай өңірлерге шоғырланған, мәдени әсері қандай?

Чу Ионг-Мин: Қазір әлеуметтік желілерде Кореяда қалай өмір сүретінін көрсететін Vlog форматындағы видеолар көбейіп кеткен сияқты. Ол видеоларда корейлердің қандай тағам жейтінін, ауруханаға қалай баратынын, немесе Кореядағы үйлердің қандай екенін көрсетіп түсіндіреді. Және бұрын Корея туралы жаңалықтар көбіне Солтүстік Кореямен байланысты болатын. Ал қазір корей жұлдыздары мен саясаткерлер туралы жаңалықтар да көп, кейде таңғалып қаламын. Соңғы уақытта Кореяға деген қызығушылық тек артып қана қоймай, әртүрлі әрі терең бола түскен сияқты.

Қазақстандықтар көбіне Ресей мен Орталық Азиядан қошып келген корейлер тұратын 'Инчхон', 'Кванджу', 'Ансан' сияқты қалаларда шоғырланып тұрады. Яғни, олар орыстілді аудандарда өмір сүреді. Бұл аймақтарда Орталық Азия дүкендері, асханалары көбейіп жатыр, сондықтан корей халқы Орталық Азияның тағамдарынан дәм тата алады. Егер Корейлерге жақсы жарнамаласа не таныстырылса, бұл жерлер мәдени алмасу алаңына айнала алады деп ойлаймын.

 

- Кореяның қоғамдық пікір кеңістігінде Қазақстан туралы қандай көзқарас қалыптасқан? Бұл көзқарасты қандай тетіктер арқылы жақсартуға болады деп ойлайсыз?

Чу Ионг-Мин:Қазір әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан туралы ақпаратты оңай табуға болады, бірақ кейде бірдей ақпарат қайталанып тұрады немесе нақты емес болып келеді. Сол себепті корейлер әлі күнге дейін Қазақстанға үлкен қызығушылықпен қарайды. Олардың ойынша, Қазақстан - әлі толық таныс емес ел.

Меніңше, бір-бірімізді жақсырақ танып-білу үшін ең тиімді жол - бұл мәдени байланыстарды жандандыру. Қазақстан жағы корей мәдениетін жақсы біліп отыр. Ал Корея болса, Қазақстан туралы онша көп біле бермейді. Сондықтан, түрлі мәдени шаралар арқылы, мысалы K-pop пен Q-pop-ты біріктіріп концерт ұйымдастыру, немесе Кореяда Қазақстан мәдени орталығын ашу арқылы корейлерге Қазақстан мәдениетін таныстыру керек деп ойлаймын.

 

- Сіз Қазақстанда этникалық корейлердің бар екенін, олардың образының қазақстандықтар санасында Кореяға деген оң көзқарас қалыптастыруда рөл атқаратынын атап өтесіз. Бұл мәдени ықпалды қалай бағалайсыз?

Чу Ионг-Мин:Қазақстандық достарымның үйіне қонаққа барсам, дастарханнан сәбіз салат табу жиі кездеседі. Олар «кимчхи» мен «куксиді» де жақсы біледі. Дәмі сәл өзгеше болғанымен, бұлардың барлығы - корей халқының тағамдары.

Қазақстан халқы корей асханасымен кеңестік кезеңнен бастап, осы елде өмір сүріп жатқан корей диаспорасы - Коресарам арқылы таныс. Меніңше, Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени жақындастыққа дәл осы диаспора елеулі үлес қосты.

 

- Корея мен Қазақстан арасындағы еңбек миграциясын болашақта қандай сценарийлер бойынша дамиды деп болжам жасайсыз? EPS жүйесінің енгізілуі қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?

Чу Ионг-Мин:  EPS енгізілсе, еңбек миграциясы неғұрлым жүйелі әрі қауіпсіз түрде жүзеге аса алады. Жұмыс күші тапшы корей компанияларына уақытылы жұмысшылар жеткізіледі, ал мигранттар болса заңды жолмен еңбек етіп, құқықтары қорғалады. Екі ел арасындағы адам алмасуы тереңдеп жатқан қазіргі жағдайда, бұған сай келетін институционалдық қолдау жалғаса беруі керек деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Толығырақ: El.kz