Марек Милославович — Прага қаласынан шыққан инженер, аспаздықты жанына жақын тұтатын әуесқой, әрі YouTube желісіндегі танымал «С чехом на кухне» арнасының авторы. Ол әлемнің әртүрлі елдерін аралап, түрлі халықтардың тағамдары арқылы мәдениетін тануға тырысып келеді. Алайда жүрегіне ерекше жақын болып қалған ел — Қазақстан.
Алғаш рет Қазақстанға осыдан он шақты жыл бұрын дос-жарандарымен саяхаттап келген Марек бұл сапардың өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауы боларын өзі де сезбеген. Уақыт өте келе ол қазақ жеріне, халқы мен дәстүріне шынайы бауыр басып, бұл ел оның тағдырымен біте қайнасып кетті. Бұл байланыс тек тағам мен сапарлар арқылы ғана емес, отбасылық өмірімен де тереңдей түсті — Маректің жары Қазақстан тумасы. Олардың үйлену тойы Чехияда да, қазақ топырағында да өтті.
Содан бері Марек Қазақстанға сегіз рет келіп үлгерген. Қазақша ет (бешбармақ) асуды меңгеріп, дастархан дәстүріне ерекше құрметпен қарайды. Әр жылы Наурыз мейрамын Чехияда тұратын қазақ және өзбек диаспораларымен бірге атап өту — оның бұл мәдениетке деген ықыласының бір көрінісі.
Бұл жолы біз Марекпен Астанада жүздесіп, қазақ мәдениетінің оның өмірінде алатын орны, тағам тек ас емес, халықтарды байланыстыратын көпір екені және Қазақстан оған жат ел емес екені жөнінде әңгімелестік.
— Марек, Астанаға қош келдіңіз! Сізді Қазақстанда тағы бір мәрте көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Алдымен өзіңіз жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
— Көп рахмет! Мұнда қайта келгеніме шын жүректен қуаныштымын. Менің атым — Марек, жасым 33-те. Чехияның астанасы — Прагада дүниеге келіп, сол жерде өмір сүріп келемін. Білімім инженерлік сала бойынша болғанымен, мені әрдайым тарих, экономика және халықаралық үрдістер қызықтыратын. Университет қабырғасында жүрген кезімде дипломдық жұмысым үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Кеңес Одағынан кейінгі экономикалық трансформациясын зерттеуді таңдадым. Сол зерттеу барысында Қазақстан негізгі фокусымның біріне айналды.
Тақырыпты тереңірек зерттеген сайын ынтам күшейе түсті. Көптеген материалдар орыс тілінде болғандықтан, дереккөздерді түпнұсқадан оқып, жан-жақты түсіну үшін сол тілді меңгеруге тура келді. Солайша ғылыми қызығушылықтан басталған бұл байланыс бірте-бірте елдің мәдениетіне, халқына деген жылы сезім мен терең қызығушылыққа айналды.
— Басқа халықтардың мәдениеті мен тағамдарына деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
—Мен тек тамақ дайындағанды ұнатпаймын — дәмді тамақтанғанды да жақсы көремін (күледі)! Бәрі университетте оқып жүрген кезімде, орыс тілін үйрене бастаған сәттен басталды. Сол кезде мен орыс тілді адамдардың — әсіресе Прагаға көшіп келгендердің — чех асханасына қатты қызығатынын байқадым. Осы қызығушылық мені «С чехом на кухне» атты YouTube-арна ашуға итермеледі.
Бастапқыда мен дәстүрлі чех тағамдарының рецептін бөлісіп жүрдім, бірақ уақыт өте келе өзім жақсы көретін тамақтарды да дайындай бастадым — мысалы, палау және Қазақстан мен көрші елдерде танымал басқа да тағамдар. Уақыт өте келе арна тек аспаздық туралы емес, мәдениет туралы да бола бастады: мен үшін тағамның қалай әзірленетінін ғана көрсету емес, бұл тағам неге маңызды, ол халықтың өмірінде қандай рөл атқаратынын жеткізу де маңызды. Дастархан – бір ұлттың ішкі дүниесін, өмір салтын және тарихын ашатын айна іспетті.
— Қазақстанмен алғаш рет қалай таныстыңыз? Қазақ мәдениетінде сіздің назарыңызды ерекше аудартқан не болды?
— Маған әрдайым Еуропадан өзгеше, өзіндік өмір салты мен дүниетанымы бар мәдениеттер қызық болатын. Қазақстан дәл сондай ел болып шықты — бұл жер мен үшін жаңа әлемнің есігін ашқандай болды. Мұнда бәрі басқа: өмірдің ырғағы да, адамдардың бір-біріне көзқарасы да ерекше. Қазақ мәдениетінде көшпенділердің еркін рухы, табиғатпен етене жақын тіршілік етуі, салт-дәстүрге деген шынайы құрмет анық сезіледі.
Ең қатты таңғалдырғаны — отбасылық құндылықтардың қаншалықты маңызды екені. Чехияда бәрі жеке өмірге үйренген, әркім өз әлемінде. Ал Қазақстанда бір дастархан басында бірнеше буын өкілдері бас қосып, бәрі бір отбасының мүшесіндей бірлік пен жылы қарым-қатынас сезіледі.
Фото:Маректің жеке архивынан
Бірде қазақ отбасындағы кешкі асқа қатысқаным есімде. Үстел үсті дәмге толы болды, бірақ бастысы – ас емес, сол сәттегі көңіл-күй еді. Адамдардың арасындағы сыйластық, ашықтық, шын көңілмен сөйлесуі мені ерекше әсерге бөледі. Әрбір әңгіме — ортақ тарихтың жалғасы сияқты, әр қонақ — өз үйіңнің адамы сияқты. Сол кезде мен қазақ мәдениетінің күші неде екенін түсіндім: бұл — адамдар арасындағы тірі, шынайы байланыс.
— Қазақтың қандай ұлттық тағамдары сізге ерекше ұнады? Үйде соларды жиі дайындап тұрасыз ба?
— Палау — менің сүйікті тағамым. Оны дайындап жүргеніме жеті жылдан асты, сол уақыт ішінде бұл істі жетік меңгеріп алдым. Қалжыңдап айтсам да, шындығы бар: мен — Чехиядағы ең мықты палау жасаушы болуым мүмкін. Өйткені мұнда менен басқа палау әзірлейтіндер онша көп емес қой (күліп). Бұл тағамның дәмі ғана емес, маған оның адамдарды бір дастарханға жинайтын қасиеті ұнайды. Үйде достармен бас қосатын болсақ, палау дастарханның басты сәні болады.
Кейін қазақша ет (бешбармақ) асуды да үйреніп алдым. Бастапқыда бұл тағамның неге ұлттық рәміз ретінде қарастырылатынын түсіне алмадым — ет, қамыр, пияз ғана. Бірақ бірде даланың төсінде, киіз үйде қонып қалған кезде, көзқарасым мүлде өзгерді. Электр жарығы жоқ, таныс жайлылықтан ада ортада отырып, мен бұл тағамның нағыз мәнін сезіндім. Бешбармақ — қолда бармен әзірленетін, алайда бойға қуат, көңілге жылу сыйлайтын ас. Осындай қарапайым, бірақ терең мәні бар тағам көшпенді өмір салтының шынайы бейнесі іспетті: шынайы, тойымды, нәрлі әрі мәнді. Және, әрине, оны қазақы дәстүрмен — бес саусақпен, қолмен жеуге тырысамын. Мұндайда астың дәмі ғана емес, оған деген құрмет те арта түседі. Тағам сол сәтте тек тағам емес, адамдарды жақындастыратын, біріктіретін құралға айналады.
— Чехияда Наурыз мерекесін атап өтуге белсенді араласып жүрсіз. Бұл дәстүр қалай қалыптасты?
— Наурыз — расымен де ерекше мейрам. Алғаш рет атап өткен сәттен-ақ оның бойында тіршіліктің тынысы, шынайы жылулық бар екенін сезіндім. Бұл жай ғана шығыстың Жаңа жылы емес, бұл — көктемнің келуі, табиғаттың жаңарып, адамның да ішкі серпіліске түсер шағы. Сол күні, тіпті Еуропаның ортасында жүрсең де, сыртқа шығып, жақындарыңмен жүздескің, өмірдің жалғасып жатқанын жүрекпен сезінгің келеді. Бұл — адамдарды біріктіретін, ортақ қуаныш сыйлайтын күн.
Бәрі аяқ астынан басталды десем болады. Чехиядағы қазақ диаспорасы — Qazaq Nomad ұйымының мүшелері менің палау пісіре алатынымды естіп, мейрамда дастархан жаюға көмектесуді ұсынды. Мен бірден 100 адамға палау дайындауға кірістім. Іштей қобалжу болды, әрине: «қалай болар екен, жұрттың көңілінен шыға ма?» деп. Бірақ нәтижесі бәрін басып кетті — палау он минутта жоқ болды, тіпті өзім де дәм татуға үлгермедім. Адамдар келіп алғысын айтып жатты, жылы лебіздерімен бөлісті. Бұл сәт маған ерекше әсер қалдырды.
Фото:Маректің жеке архивынан
Келесі жылы бұл дәстүр жалғасты - енді 200 адамға арнап әзірледім. Қолданған қазан – кәдімгі үлкен мерекелік шараларға арналғандай зілдей еді. Бірақ бұл жерде ешқандай есеп-қисап немесе ресми міндет болған жоқ. Барлығы — шын ниетпен, шын көңілмен жасалды. Мен осы арқылы: «Сіздермен біргемін. Мәдениетіңізді, қуанышыңызды жүрегіммен қабылдаймын» дегенді жеткізгім келді.
Бұндай шараларға алғаш рет келген чехтар қатты таңғалады. Олар үшін бәрі жаңалық - ұлттық тағамдар да, музыка да. Алғаш рет қымыз ішіп көреді, бауырсақ жеп көреді, домбыраның үнін тыңдайды. Кейбіреулері «Рахмет», «Қош келдіңіз!» секілді қарапайым қазақ сөздерін үйреніп, қызығушылық танытады.
—Қазақтың тағы қандай дәстүрлі мерекелері немесе ұлттық ойындары сізге ұнайды?
— Маған әсіресе ұлттық ат спорты түрлері ерекше қызық. Соның ішінде көкпар айрықша әсер қалдырды. Нағыз қайрат пен төзімділікті талап ететін, көрерменнің делебесін қоздыратын, ойыншылардың ептілігін сынайтын өте серпінді сайыс. Осындай дәстүрлер қазақ халқының жылқы түлігімен, жалпы табиғатпен етене байланысын тереңінен аңғартады. Сондай-ақ қыран құспен аңға шығу өнері — құсбегілік — менің жан дүниеме жақын. Бұл - жай ғана кәсіп емес, үлкен рухани салт, тіпті символдық мағынасы бар дәстүр десе де болады. Мұнда адам мен аң арасындағы үйлесімділік пен өзара құрмет анық көрінеді. Шеберлікпен қатар, табиғатпен үндестікке негізделген дүниетаным жатыр. Тағы бір ойнап көрген ұлттық ойын — асық ату. Сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, мергендік пен зейін талап ететін нағыз дәлдік ойыны екен. Мұндай ойындар - көшпенділердің бай мәдени мұрасынан қалған жарқын үлгілер. Еуропалық адам ретінде мен үшін мұндай дүниелер таңсық, әрі өте құнды.
— Қазақстанға алғаш рет қашан келдіңіз? Есте ерекше қалған не болды?
— Қазақстанға алғаш рет бірнеше жыл бұрын келдім. Содан бері бұл елге сегіз рет қайтып келіппін. Алғашқы сапарымнан-ақ елге деген ерекше жылы сезім қалыптасты. Ең есімде қалғаны - қазақ халқының қонақжайлығы. Мұнда сені бөтен адам емес, баяғыдан таныс досыңдай қарсы алады. Дастархан жайылып, шын көңілмен күтіп алады - бұл мені қатты таңғалдырды әрі тәнті етті. Киіз үйде түнеп, шексіз даланы араладым. Ет жедім, құрттың дәмін татып көрдім, шұбат пен қымыз ішіп көрдім. Әсіресе, қымыз алғашында маған біртүрлі көрінді, дәмі күтпеген жерден өзгеше шықты. Бірақ уақыт өте келе бойым үйреніп, қазір тіпті ұнатып ішемін. Қымыз қазір мен үшін қазақтың жазы, кеңдік пен еркіндіктің, сондай-ақ мейірім мен жылылықтың символына айналды.
— Қазақтың қандай дәстүрі сізге ерекше жақын?
— Үлкенге деген құрмет. Қазақ мәдениетіндегі ең әсерлі әрі жүрекке жылы тиетін салттардың бірі. Қазақстанда ата мен әже тек отбасы мүшесі ғана емес, даналықтың, өмірлік тәжірибенің иесі, сөзіне құлақ асатын қадірлі тұлға саналады. Мұнда үлкендерге сыйластық — жай ғана әдеп емес, шынайы өмірлік ұстаным.
Еуропада ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас сәл еркіндеу, кейде алшақтық байқалады. Ал Қазақстанда бұл құрмет қоғамның өз құрылымына сіңген. Оны күнделікті өмірде, тілде, қарым-қатынаста анық сезінесің. Маған осы ұстаным өте жақын — мұнда жан жылуы да, терең мағына да бар.
— Туризм саласында да белсенді екеніңізді білеміз. Осы бағытта қандай істермен айналысып жүрсіз? Бұған дейін сапарлар ұйымдастырып көрдіңіз бе, алдағы жоспарыңыз қандай?
— Иә, биыл алғаш рет гид ретінде жұмыс істеп көрдім. Чехиядан бір танысым — кәсіпкер азамат — Қазақстанды аралатуды өтінді. Қуана келістім. Өйткені бұл елде көрсететін жер өте көп. Біз сапарды солтүстіктегі кең даладан бастап, Алматыға дейін жүріп өттік. Астанада болдық, Шымбұлаққа көтерілдік, тау көлдерінің маңында тынықтық. Бұл саяхат қонақтар үшін де, мен үшін де әсерлі әрі шабыт сыйлаған сапар болды.
Фото:Маректің жеке архивынан
Мен байқаған бір нәрсе — Қазақстанда әлі күнге дейін көптеген әсем өңірлер туристік компаниялардың назарынан тыс қалып отыр. Ал мұнда табиғаттың әр алуан көрінісі бар: ұшы-қиры жоқ қырлар, таулы аймақтар, ерекше ұлттық тағамдар мен терең тамырлы дәстүрлер. Осы елді сырт көзбен тани отырып, өз әсерімді басқалармен бөліскім келеді — Қазақстанды мен танығандай қырынан көрсе деймін.
Фото:Маректің жеке архивынан
Алдағы уақытта бұл бағытты одан әрі дамытқым келеді. Әсіресе, тау туризмі қызықтырып жүр. Чехияда таулар аса биік емес, ал Қазақстанда — Тянь-Шань, Алатау, Алтай секілді ғажап таулы өлкелер бар. Көптеген чехтар үшін бұл жаңа, тартымды бағыт болатынына сенемін. Мұндай сапарлар — жай ғана демалыс емес, елдің табиғаты мен адамдары арқылы оның рухын сезінудің бір жолы.
— Чех халқының Қазақстан жайлы түсінігі қандай деңгейде деп ойлайсыз?
— Шынын айтқанда, бұл бағытта алда атқарылар жұмыс әлі көп. Көпшілігі Қазақстанды әлі күнге дейін көне стереотиптермен елестетеді — көз алдына бірден шексіз дала, киіз үй мен түйе келеді. Ал мен Астананың заманауи ғимараттарын немесе Алматы маңындағы таулардың көрінісін көрсетсем, көпшілігі көздеріне сенбей қалады. «Бұл шынымен Қазақстан ба?» деп қайран қалатындар көп.
Мен осы бір ескірген көзқарасты өзгертуге үлес қосқым келеді. Қазақстан — орасан зор, көркем әрі алуан түрлі ел. Мұнда табиғаттың ғажайыптары, ғасырлар бойғы дәстүр және заманауи даму өзара үйлесім тапқан. Осыны өз отандастарыма, чех халқына көрсету мен үшін маңызды. Олар Қазақстанды алыстағы беймәлім ел ретінде емес, өзіндік болмысы, серпіні, айтары бар заманауи мемлекет ретінде таныса екен деймін. Бұл — баруға тұрарлық, танып-білуге лайық ел.
— Чехиядағы қазақ диаспорасымен байланысыңыз бар екенін білеміз. Бұл қарым-қатынас қалай басталды?
— Бәрі менің өзбек досымнан басталды. Ол ұзақ жыл Алматыда тұрған, сол арқылы мені Прагада тұратын қазақтармен таныстырды. Содан бері ара-қатынасымыз жақын — жиі мерекелерге, бас қосуларға, пикниктерге шақырып тұрады.
Мұндай кездесулер жай ғана бас қосу емес, кәдімгі дастархан — нағыз қонақжайлықтың көрінісі. Үстел басында міндетті түрде бауырсақ, қазы, сүт қосылған шай, түрлі тәттілер тұрады. Қазақтардың ашық-жарқын, шынайы мінезі мені бірден баурап алды. Өзімді сол ортада бөтен сезінбеймін, керісінше, сол қауымның бір бөлшегіндеймін.
Мен үшін бұл байланыс — Қазақстанға сапарымнан әлдеқайда бұрын пайда болған, қазақ мәдениетіне деген құрмет пен қызығушылықтың жалғасы. Бұл — ресми емес, бірақ шынайы әрі жанды қарым-қатынас. Екі жақты ықылас бар жерде — байланыс та терең болады.
— Қазақстанда сізді не шабыттандырады? Қазақ халқына қандай тілек айтқыңыз келеді?
— Алғаш рет Қазақстанға келгенімде мені шынымен таңғалдырған нәрсе — елдің ауқымы болды. Бұл — жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекет. Чехиямен салыстырғанда айырмашылық бірден сезіледі. Бізде Еуропада бәрі өте жинақы ғой: көлікпен бір сағат жүрсең, көрші Польшаға, Германияға немесе Австрияға өтіп кетуге болады. Ал Қазақстанда сол бір сағатта кейде тіпті өзің жүрген облыстың шекарасына да жете алмайсың.
Табиғат кеңістігі мен сан түрлі ландшафтардың үйлесімі ерекше әсер қалдырды. Бір елдің ішінде даланы да, орманды да, шөлді де, Каспий теңізін де, асқар тауларды да көруге болады. Әсіресе, елдің оңтүстік-шығысы есімде ерекше сақталды — Тянь-Шань жоталарында бой көтерген Хан-Тәңірі тауы — елдегі ең биік шыңдардың бірі. Оның алып келбеті еркіндік пен табиғаттың қуатын терең сезіндіреді.
Фото:Маректің жеке архивынан
Қазақ халқына шын жүректен тыныштық, даму және бірлік тілеймін. Сіздердің терең тарихтарыңыз, бай мәдениет пен дәстүрлеріңіз бар. Осы рухани негіздер болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік береді. Мен Қазақстанның болашағы жарқын әрі баянды болатынына шын жүректен сенемін.
— Соңғы сұрақ: сіздіңше, қазақ халқының рухын сипаттайтын үш сөз қандай болар еді?
— Біріншісі — қонақжайлық. Мұндай ашықтықты, ақкөңілділікті, кеңпейілділікті мен бұрын еш жерден көрмеппін. Мұнда сені алыстан келген қонақ емес, туғаныңдай қарсы алады. Екіншісі — еркіндік. Қазақ халқының бойында көшпенді рух, кең далаға тән еркіндік пен ішкі тәуелсіздік сезіледі. Бұл — өмірге деген ерекше көзқарас: адам еркіндігіне, жерге, табиғаттың өз ырғағына деген құрмет. Үшінші сөз — серпіліс. Қазақтар — қандай қиындық болса да мойымай, бейімделе білетін, алға ұмтылатын халық. Қазақстан ұдайы дамып келеді, әрі бұл ұмтылыстың толастамайтыны анық көрінеді.
— Көп рахмет, Марек. Қазақстанның сіз сияқты досы барына қуаныштымыз.
—Сіздерге рахмет. Өз басым да бұл елден екінші үйімді тапқаныма қуаныштымын.
Сұхбаттасқан: Жанель Қаржаубай