Айғана Ғалидың есімі оның туған жері Қазақстаннан гөрі Батыс елдерінде көбірек танымал
Айғана Ғали ұзақ жылдар бойы Лондонда тұрады, бірақ оның туындыларына қараған бойда нәзік шығыс ноталарын байқайсыз. «Тәңір» және «Дала» топтамаларының атаулары туған жерге деген сағынышты білдіреді. Оның ерекше суреттері шетелде үлкен сұранысқа ие, мысал ретінде айтсақ олар- Вудворд, Женева, Король Мансур, Касабланка, Санкт-Петербург қонақүйлерінің қабырғаларын безендіреді. Ұлыбританиядағы Regis Hotels&Resorts, Marriott Hotels және The Ritz-Carlton. Айғана біздің әңгімемізде шығармашылықтың әсері, өзінің киім үлгісі және Алматыға деген сүйіспеншілігімен бөлісті.
-Айғана, балалық шағыңызды айтып берсеңіз. Сіз қай жерде туып-өстіңіз және мектептен тыс уақытта не істедіңіз?
– Менің туған жерім – Алматы, мен онымен әрқашан байланыстымын деп айта аламын. Өмірімнің көп бөлігін Қазақстаннан тыс жерде өткізгеніме қарамастан, бұл байланыс одан сайын тереңдей түсуде. Балалық шақтағы естеліктерім, елім, өнерім. Мен балет, музыка және кескіндемені оқыдым, оның бәрі бір сәтте театрға деген үлкен құмарлыққа айналды. Театрда қоюшы-суретші болып жұмыс істеп, фильмдерде бірнеше рөлдерді сомдадым. Бұл өзімді іздедім дегенді білдірмейді – мен ең алдымен суретші екенімді білетінмін.
-Өнерге деген махаббатыңыз қайдан пайда болады?
- Менің атам әдемі сурет салған, менің анам шығармашылықтың адамы, ол менің өмірлік көзқарасыма үлкен әсер етті. Оның барлық нәрседен сұлулықты көре білуі және менің назарымды табиғаттағы сұлулыққа бағыттай білуі әлі күнге дейін менің сарқылмас шабытымның кілті болып табылады.
Сурет салу, кейін кесіндемемен шұғылдану – менің табиғи болмысым, өмір сүрудің негізгі тәжірибесі. Мен жарыққа, түске, дыбыстарға және иістерге өте сезімталмын. Мен синестезиямен тудым, менің әлемді түсіну әрқашан ерекше болды және кескіндеме түрінде шығуды сұрайтын әдемі көріністерге айналды. Қол жетімді барлық бағыттарда жұмыс істегеніме қарамастан, кенеп пен бояулар мен үшін негізгі материал болып табылады. Мен кенептің бір жазықтығында көп деңгейлі әлемдерді құра алудың қарапайымдылығы мен күрделілігіне таң қалуды жалғастырудамын.
-Сіздің сүйікті суретшілеріңіз кім?
– Әр суретішіге бас иемін. Менің ойымша, әрбір өнер иесінің қоғамдағы қызметі маңызды – жол көрсетуші, тіпті бақсы десем. Сондықтан мен өз жұмысыма халық алдында үлкен жауапкершілікпен қараймын. Әр адам рухани өсуге, бірлікке жетелейтін өнер нысаны арқылы өз есігін таба алады. Мен үшін мұндай жұмыстарға Марк Ротко, Марк Шагал, Джорджия О’Киф, Фрида Калло және оның замандастары Аниш Капур жатады.
-Өнердегі алғашқы табысыңыз қандай болды? Алғашқы көрме?
- Менің алғашқы көрмем жиырма жасымда Нұрлан Смағұловтың тамаша «Art Center Alma-Ata» галереясында болды. Бұл керемет, өте шынайы тәжірибе болды! Менде агент немесе галерея болған жоқ, соған қарамастан сол көрмедегі 40 картинаның барлығы сатылды. Менің ойымша, бұл тәжірибе маған өз жолымды өз бетіммен құруға батылдық берді және мені өте қуатты етті.
-Басқа елге көшуіңізге не түрткі болды?
- Мен шығармашылық магистратураны аяқтағым келді, тәуекелге бел буып, оны әлемдік заманауи өнердің астанасы Лондонда жасауды шештім. Өзім әрқашан білімге құштар болдым және шығармашылық энергиясы қай жерде көп болса сол жерде болуды армандадым. Шынымды айтсам, ол кезде өзімді Қазақстанға сыйғыза алмадым, тарлау сезіндім.
-Шығармашылық маманға Лондонда жұмысқа тұру қаншалықты қиын? Англиядағы суретшілер үшін қандай артықшылықтар бар? Мүмкін Қазақстанда жоқ кейбір тәсілдер (немесе керісінше)?
- Лондонда барлық жерде, соның ішінде өнер әлемінде үлкен бәсекелестік бар. Менің ойымша, бұл жерде жартылай жұмыс істеу мүмкін емес, бәрі немесе ештеңе. Менің өмірім толығымен жұмысқа арналған, бұл басымдық.
Бірақ бұл жағдайда да Лондон кәсібіңді жетілдіру үшін ең қолайлы орын болып табылады. Оның мүмкіндіктері мен білімге байлығы сонша, дүниетанымының кеңдігі жағынан онымен тек Нью-Йорк теңесе алады деп ойлаймын. Қазір, әрине, көп нәрсе өзгеріп, сахнаға жаңа ойыншылар енуде. Бірақ бұрынғыдай өнердегі жаңашылдық пен өте білімді, жақсы көретін аудитория кәсіби өсудің ең жақсы шарттары болып табылады.
Екінші жағынан, өнер әлеміндегі табыс суретшінің шығармашылық процесін бұзуы мүмкін. Сіздің өнеріңіз неғұрлым танымал болса, соғұрлым ол тауар қасиетіне ие болады. Ісіңізде табысқа жету кезінде шығармашылық жолыңызға зиян келтірмеу үшін сізде даналық болуы керек және физикалық және психикалық күш-жігер болуы керек.
-Сіздің туындыларыңыз Англияда қандай пікірге ие болды?
- Менің жолым болды және бірнеше рет сәті түсті. Ең алдымен, мен отбасыма маған қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, тіпті балаларым да менің тәжірибемнің күрделілігі мен маңыздылығын түсінеді.
Екіншіден, мен танысқан, күні бүгінге дейін бірге жұмыс істеп келе жатқан мамандық иелері. Бұл мен көп нәрсені үйренетін және көрме процесінде маған көмектесетін ең жақсы мамандар. Және, әрине, халықаралық аудиторияның лебіздері айтарлықтай ынталандырады. Менің шығармаларым дүние жүзіндегі жеке және мұражай коллекцияларында сақтаулы және менің жұмыстарым арқылы жеткізетін хабардың кең резонансқа ие болғаны керемет.
-Тапсырыс бойынша сурет саласыз ба? Өте тиімді деген ұсыныстардан бас тартуға тура келді ме?
– Бұрын мен үшін тапсырыстарды орындау оңай шаруа емес еді. Тәжірибенің арқасында өз эгосын толығымен жеңіп, тұтынушы немесе белгілі бір орын үшін тікелей маңызды ақпарат арқылы өту мүмкіндігі пайда болды. Өкінішке орай, мен көбінесе уақыттың тапшылығынан «жоқ» деп айтуға мәжбүрмін, бұл жағдайда тапсырыс беруші жай ғана күту тізімінде қалады, мен жұмысты кейінірек аяқтаймын.
-Киім желісі туралы айтып беріңізші.
– Осыдан алты жылдай бұрын Тбилисидегі Марджинишвили театрында жұмыс істеп, сол жерде спектакльге костюмдер жасап жүргенімде театр мұрағатын аралау сәті бұйырды. Мені Петр Отхели мен кеңестік кезеңдегі басқа да көптеген театр әртістерінің шығармашылық деңгейі таң қалдырды, олар барлық нәрсенің тапшылығы жағдайында шедеврлер тудырды!
Кәдімгі қалдық матадан, оны өз қолыңызбен бояу және әшекейлеу қандай қызық! Менің суретшінің брендін, яғни киюге болатын кенептен киім жасау арманым болатын. Клиенттеріңізді өнерді тасымалдаушыларға айналдыру, оны галереялар мен жеке коллекциялардың қабырғаларынан тысқа шығару болды. Manifestations Art Couture бренді осылай дүниеге келді. Қазіргі уақытта ол киім брендінен өсіп, Art Home және Art Jewellery желілері пайда болды.
-Бұл қоныс аударуыңыз сіздің шығармашылығыңызға әсер етті ме?
– Еңбекке деген көзқарасым өзгерді, бірақ шығармашылық жұмысымда әлі күнге дейін өз мәдениетім мен туған өлкемнің хикаяларын жырлаудамын. Алыста жүргенде, үйді сағынып, байланысымды одан сайын сезінемін.
-Сіз өзіңізді қазақ суретшісі деп санайсыз ба, әлде енді басқаша ма?
– Мен бір қалыпты анықтап, шектеуді қаламас едім. Мен өз елімді паш етемін, мен арқылы әлемдік аудитория тамашалайтын оның имиджіне толық жауаптымын. Бірақ мен өзімді Орталық Азиялық ерекше әлемнің әртісі ретінде көргім келеді.
-Сіз Қазақстанға барасыз ба? Мұндағы жұмысыңыз сәтті ме?
– Мен Қазақстанда бірнеше сәтті жобаларды жүзеге асырдым, олардың бірі – Астанадағы St. Regis қонақүйі үшін жалпы «Байқоңыр» атауымен жеті ауқымды панно жасалды. Осындай жобалар көп болса қуанамын. Мен Қазақстан үшін бірнеше қоғамдық мүсіндік инсталляциялар жасауды армандаймын, бұл жақын арада іске асады деп сенемін.
-Сіздің ойыңызша, өнердің тілі бір ме? Немесе кейде түсіндіру қажет пе мысалы, британдықтар «Тәңір» дегеннің не екенін білмей-ақ оның барлық мағыналарын түсіне ме?
– Өнер сөзден тыс, жүйкенің ұшында, дыбыс пен түс, сезім мен ассоциация арасында. Адамдарды жиі шақыру, оларға кіретін кілт қажет, бірақ олар туындыны зерделеп қарай бастағанда артқа шегініп, көрерменге өзінің бірегей тәжірибеңді көрсетуге мүмкіндік беру керек.
Мен Тәңірге деген ежелгі дүниетанымымыздың қаншалықты озық әрі дер кезінде жасалғандығына, мен үшін Тәңірдің әлемнің әр түкпіріндегі ежелгі дәуірдегі әртүрлі діни ілімдер үшін архетиптік символ болып табылатынына таң қаламын. Сондықтан аударма қажет емес, өнер арқылы мағыналар тілдік шектеулерді айналып өтіп, әртүрлі мәдениеттегі адамдарға жетеді. Мысал ретінде келесі жылдың наурыз-сәуір айларында «SETAREH Gallery Düsseldorf» галереясында жеке көрмем болады.
Алена Тимофеева
Аударған Qazalem
Шетелде жүріп үлкен жетістіктерге жеткен отандастарымызбен сұхбаттар циклі. Forbes Kazakhstan компаниясымен бірлескен жоба.